Парламент • 06 Сәуір, 2017

Делдалды азайтып, тарифті төмендететін құжат

141 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сәрсенбіде өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында төрт мәселе күн тәртібіне шығарылды. Соның ішінде депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын кеңінен талқылап, құжат бірінші оқылымда мақұлданды.

Делдалды азайтып,  тарифті төмендететін құжат

Мәжіліс Төрағасы Нұр­лан Нығматулин жетекшілік ет­кен жиында еліміздің энер­гетика саласын реттеу­ді көздейтін заң жобасын Энер­гетика министрі Қанат Бо­зым­баев таныстырды. Баян­дама алдында айтқан алғы­сөзінде Мәжіліс Төрағасы атал­ған заң жобасы Мемлекет бас­шысы жария­лаған Ұлт жос­парының 51-қа­дамын орын­дау мақсатында әзірлен­ген­дігін тілге тиек етті.

«Бұл саладағы түйінді тар­­қату тетігі екі жүйеге негіз­делген десек, оның бірі – энер­гия жеткізуші ұйым­дар­ды ірілендіру де, екін­шісі – электр энергиясын тө­мен тарифпен тұрғындарға тарату болып отыр. Осы орай­да жоғарыда аталған екі жүйенің алғашқысын қолда­ныстағы заңымыз реттей ал­мағанын ашық айтуымыз керек. Егер заң жобасын жасаушы мүдделі мекемелер мен тараптар арасында қызу әріптестік орнаған болса, сапалы заң дайындалады. Оның қарапайым ғана көрінісі са­ладағы делдалдардың азды­ғынан және тарифтің төмен­дігінен байқалады. Біз қазіргі күрделі мәселені осындай қарапайым ғана формуламен шешуге тиіспіз», – деді Н.Нығматулин.

Содан кейін сөз алған Энер­гетика министрі Қ.Бо­зым­баев заң жобасының тұжы­рым­дамасы энергия жет­­кі­зуші компания­ларды ірілендіруге бағыт­тал­ған­дығын атап өтті. Оның түсін­діруінше, мұндай қадам энер­гиямен жабдықтаудың сенім­ділігін арттыруға және электр энергиясын беру шы­ғындарын азайтуға мүм­кін­дік береді. Сондай-ақ, министр бұл заң жобасының жер­гілікті атқарушы орган­дар­дың ұсынған мәлімет­теріне сәйкес, өңірлерде 2 110 шақырымға созылатын қа­раусыз қалған желі мен 631 иесіз трансформаторлық қо­салқы стансалардың мәсе­ле­сін шешуді көздейтінін жет­кізді.

«Бұл заң жобасының маңыз­ды қыры болып табыла­ды. Аталған желі санат­тарын энергия жеткізуші ұйым­дар­дың балансына беру мен оларды тиісті деңгейде күтіп, ұсталуын және сапалы қызмет көрсетілуін ұйым­дас­тыру көзделуде. Сонымен қатар, құжат аясында энергия жеткізуші ұйымдарды ірі­лендіруге ынталандыра­тын негізгі тетік электр энер­­гиясын беру қызметіне талап­­тар белгілеу. Ал ондай жүйені кезең-кезеңімен енгізу ұсынылады. Айталық, егер энергия жеткізуші ұйым иесіз қалған электр желілерін қабылдаған жағдайда корпо­ра­тивтік табыс салығы мен мүлік салығынан босатылады және табиғи монополия­лар саласындағы заңнамада көз­делген тыйым салу алып тас­талады», – деді Қ.Бозым­баев.  

Министрдің баяндауынша, мәселені шешудің бас­ты жолы ретінде желілерді тү­ген­деуден өткізу қарасты­ры­луда. Бұл үшін заң аясын­да жергілікті атқарушы орган­дар сот арқылы иесіз қал­ған объектілерді өз балан­сына алып, одан кейін өңір­лік желілік компаниялар­дың балансына береді. Сон­дай-ақ, заң жобасында элек­тр энергиясын беру қыз­метіне қойылатын талап­тарды сақтамағаны үшін жау­ап­ты­лық белгілеу, ерекше пайда­лану шарттары бар электр желі­лерінің күзет аймағын айқын­дау, тұрғын үй кешен­дерін салушылардың балан­сын­дағы электр желілерін маман­дандырылған энергия жет­кізуші ұйымдарға беру рәсімі мен оның тәрті­бін нақ­тылау және энерге­ти­ка­лық ұйымдарды ірілен­ді­руге немесе біріктіруге ын­та­ландырудың тетіктерін кеңей­туді көздейтін түзету­лер енгізілген.

Жалпы отырыста ха­лық қалаулылары тарапынан оң бағасын алған құжат­тың бірі – «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cала­сындағы заңнаманы жетіл­діру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» заң жобасы болды. Атал­ған тақырыпта баяндама жасаған Әділет министрі Марат Бекетаев құжат елі­міз­дің Дүниежүзілік сауда ұйы­мына және Еуразиялық экономикалық одаққа мү­шелікке кіруіне орай, Қазақ­стан мен Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы елдерінің патенттік заңнамасын үйлестіруге ба­ғытталғандығын атады. Со­нымен қатар, заң жобасы сараптама ұйымы мен автор­лық құқықтарды ұжымдық басқару жөніндегі ұйымдар қызметінің ашықтығын артты­руды және зияткерлік мен­шік объектілеріне құ­қық­­тарды қорғау мен сақтау үр­діс­терін жетілдіруді көздейді.

Жалпы, ел экономикасын жеделдетілген тех­ноло­гия­лық жаңғырту мақ­сатында инновацияны өндіріс­те қолдану аса өзекті екендігін ескерткен Мәжіліс Төраға­сы Мемлекет басшысы өз мәлім­демелері арқылы ғылыми әзірлемелерден практикалық тиімділікке жетуді міндеттеп отырғандығын да жеткізді.

«Ал отандық бизнес осы әзірлемелердің негізін­д­е бәсекеге қабілетті өнім­дерді нарыққа шығаруы керек. Ин­новациялық жаңалық­тарды өндірісте қолдану Елбасы Жолдауында айтылған экономиканы жеделдетілген технологиялық жаңғыртуды жүзеге асыруға мүмкін­дік береді», – деді Н.Нығ­ма­тулин.

Мәжіліс депутаттары осы күні әлеуметтік қамсыз­дан­дыру мәселелеріне арналған, со­нымен бірге ба­ланың құқық­тарын қор­ғау жөніндегі функ­циялар­ды жүзеге асыра­тын ұйым­дардың қызмет­тік мәселелері бойынша маңызды заң жобаларын жұ­мысқа қабылдады. Отырыс соңында бірқатар халық қалау­лылары тиісті мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.


Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар