Аймақтар • 06 Сәуір, 2017

Астықты аймақтың асулары

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанай десек, алдымен ойға «астықтың астанасы» деген тіркес келеді. Қаратопырақты, құнарлы Қостанай жері бидай мен өзге дақылдарды егіп, күтіп, баптауға таптырмас мекен. Негізгі жұрты егіншілік кәсіпке дағдыланған. Аталған аймақтың өнеркәсіп көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға артқан. Бұл нақты көлем индексі бойынша 100,3 пайызды құрап отыр. Өндірісі, өңдеу саласы да өркендеп келеді. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде облыс басшысы Архимед Мұхамбетов баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдің өмірі туралы кеңінен баяндады.

Астықты аймақтың асулары

«Биылғы жыл, еліміз үшін өте жауапты да, маңызды оқиғаларға толы жыл. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде өз қызметімізді бастадық, маусым айында Астана меймандары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде жиналады, елордамызда Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Ал жылдың басында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформаларды жариялап, Қазақстан халқына «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауын ұсынды. Осының бар­лығы мемлекетіміздің дамуын және бүкіл Қазақстан халқының мүдде­лерін толықтай қамтамасыз етіп, елі­мізді дамыған 30  мемлекеттің қа­тарына қосатынына нық сенеміз. Атап айқанда, Жаңғырудың үшінші кезеңін жүзеге асыра келе, біз ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуді, көлік-логистика және агроөнеркәсіп кешенін дамытуды  жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Жолдауда адами капиталдың дамуына ерекше көңіл бөлінеді, яғни білім саласын, денсаулық сақтау саласын дамыта келе, халықтың әл-ауқатын көтеру жоспарланып отыр. Осы бағыттарды жүзеге асыру мақсатында, Қостанай облысында белсенді жұмыс жүргізіліп, алдымызға қойылған тапсырмаларды іске асыруға бағытталған іс-шаралар кешені орындалуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының  үдемелі даму серпіні, бізде Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттерді іс жүзінде ойдағыдай орындау үшін жеткілікті негіз қаланды деп айтуға мүмкіндік береді. Өңірдегі өнеркәсіп те өркендеп келеді. Ол нақты көлем индексі бойынша 100,3 пайызды құраса, ауыл шаруашылығында  102,3 пайыз,  бөлшек саудада 101,7 пайызды көрсетіп, оң нәтижелер байқалады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 6 пайызға ұлғайтылды. 2017 жылдың басынан бері сол серпін сақталуда. Өнеркәсіпте нақты көлем индексі 104,3 пайызды құрайды, бөлшек сауда – 101,6 пайыз. Облыс экономикасына шамамен 15 млрд теңге инвестиция тартылды» деді өңір басшысы А.Мұхамбетов.

Қостанай облысы республиканың жетекші агроөнеркәсіп өңірі болып табылады және астық өндіруде елімізде өзінің лайықты үлесін қосып отыр. Мұның дәлелі, облыстағы орташа жылдық астық өндірісі 5 млн тоннадан асады. Бұл ретте айта кететін тағы бір жайт, тек қана 2016 жылы өндірілген 1 млн 107 мың тонна ұнның шамамен  965 мың тоннасы облыстан тыс жөнелтілген, оның ішінде 860 мың тоннасы немесе 90 пайызы экспортқа шығарылған.

Сонымен бірге, облыс басшысы логистикалық инфрақұрылымды дамытуда, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын іске асыруда, шағын және орта бизнесті дамытуда, адами капитал сапасын жақсартуда, оның ішінде, білім, денсаулық саласына баса назар аударылғанын алға тартып, ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады.

Жақында Үкімет отырысында Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов Қостанай және Солтүстiк Қазақстан облыстарын су басу қаупi жоғары екенін мәлімдеген болатын. Осыған байланысты қойылған сауалға орай өңір басшысы жан-жақты әзірлік жұмыстарын жоспарлап, алдын-алу шараларын қамдап жатқанын жеткізді.


Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар