Аймақтар • 06 Сәуір, 2017

«Invest in Kostanay» инвесторлардың қызығушылығын арттырды

207 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қостанай облысының экономикалық жетістіктері шет мемлекеттердің елшілері мен ірі бизнес өкілдеріне кеңінен таныс­тырылды.

«Invest in Kostanay» инвесторлардың қызығушылығын арттырды

Инвестициялар және даму министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған «Invest in Kostanay» бизнес форумы елімізге инвестиция­ларды көптеп тартуды мақсат етеді. «Біз үшін бұл – өте жауапты міндет. Қостанай облысының жетістіктерін дүние жүзіне көрсетудеміз. Қазақстанда өндіріліп жатқан тауарларды шет елдерге молынан шығарып, қаражатты кеңінен тарту қажет. Осыған байланысты Мемлекет басшысы да үлкен міндеттер қойып отыр», деді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов.

Жиында аймақ басшысы Арxимед Мұxамбетов шараға өңірдегі 37 кәсіпорын қатысып отырғанын айтты. Олардың 24-і инвестициялар тартуды көздейді. «Қажет қаржының жалпы көлемі – 1,5 трлн теңгенің шамасында. Негізгі сала – ауыл шаруашылығы. Бұдан бөлек, машина жасау, тау-кен және тағы басқа салалар бар. Біз жылына астықтың 2 млн тоннасын экспортқа шығара аламыз. Былтыр диірменімізден өткен 1,1 млн тонна ұнымыздың 80 пайызын сыртқа тасымалдадық. Бұл облыстың экспортты арттыруға мүмкіндігі мол екенін аңғартады», деді облыс әкімі.

Бүгінде облыста шығарылатын тауарларды Иран, Сауд Арабиясы мен Қытайға жеткізу мәселесі қаралуда. Бұдан бөлек, Қостанай облысы Ресеймен шекаралас аудандармен өзара сауда-саттықты ұлғайтуды көздейді.

Аймақ әкімінің айтуынша, ағымдағы жылы өңірде жолаушылар автобусының тағы бір маркасы құрастырылмақ. «Биыл біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қоғамдық көліктер жеткізетін боламыз. «Аstana LRT» компаниясымен рәсімделген келісімшартқа сәйкес, 400-ге жуық автобусымыз елордалықтар мен қонақтарына қызмет етеді. Олардың 75 пайызының сыйымдылығы жүзден астам жолаушыға лайықталады. Көліктер көрме кезінде туристерді тасымалдаса, одан кейін Астананың қоғамдық көліктер паркін толықтырады», деді А.Мұxамбетов. Қазiргi таңда Қостанай облысында жолаушылар көлiгiнiң 40 моделi, коммерциялық техниканың 10 моделi шығарылады. Онда Еуропаның жетекшi елдерiнің, Оңтүстiк Корея мен Қытай өндiрiсi қамтылған. Бұл салада 1100 маман жұмыс iстейдi. Сонымен қатар «JAC» электромобилiнiң өндiрiсiн дамытып, автомобиль құрастыруды жетілдіру мақсатында Индустриялық аймақ салынуда. Онда автокомпоненттер шығаратын бiрнеше зауыт орналасады. Қазiргi таңда желiлері тартылып жатқан аймақтың биыл бiрiншi бөлiгi, келесi жылы екiншi бөлiгi пайдалануға берілмек.

«Облыс кәсiпорындары электромобиль, гибрид, газбен жүретiн машина сияқты жаңа технологияға мән беруде. Мысалы, Қостанай автозауыты «JAC» электромобилiнiң 12 данасын шығарды. Олар ЭКСПО-2017 көрмесiне ұсынылады. Ағымдағы жылдан бастап «EURO 5 EXPO» экологиялық талаптарына сай келетiн «Ankai» жолаушылар автобусының сериялық өндiрiсiн де iске қоспақпыз. Сондай-ақ, Өзбекстанның «УзАвто» кәсiпорнымен ынтымақтасып, жеңiл және жүк автомобильдерiн құрастырамыз», деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы маңызды көрмеге 100 мың қостанайлық келетінін тілге тиек етіп, өңір кәсіпкерлері 34 мың тонна азық-түлік өнімін әкелетінін де мәлімдеді.


Асхат РАЙҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»




Соңғы жаңалықтар