Ұлы Абай Қарамола сьезінде төбе би болып, төрелік еткен, жоңғарға қарсы жорықтарда ерлігімен көзге түскен Дәулетбай, Көкжал Барақ, Бекжан батырлар мен Төлеу Көбдіков сынды халық ақыны дүниеге келген киелі жер еді. Пойыздары тоқтаусыз жүйткіп жататын, депо жөндеумен КСРО көлеміне дейін танылған, «Ақ қайың, көк бастаулы Қара қалба, қайнаған өндірісі Шар мен Жарма» деп айтыстың ақберені Қалиқан Алтынбаев жырға қосқан тоғыз жолдың торабындағы дүркіреген өндірісті шаһар еді. Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген әмірші Шыңғысхан да бір заманда қалың әскерімен Шар өзенін көктей өткен деседі. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық осындай тағылымды тарихы бар Шар шаһарының бүгінгі жайы қалай? Жуықта бұрын өз алдына жеке аудан болып тасы өрге домалаған, бүгінде Жарма ауданына қарайтын Шар қаласына арнайы барып, тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.
Темір жол: кеше һәм бүгін
Шарға табаны тиген жұрттың көзі ең әуелі шиыр-шиыр шойын жолдарға түседі, одан соң отарбалардың уіліне құлақ түреді. Шағын шаһардың қай жеріне барсаңыз да, жолыңызды темір жол кес-кестейді. Темір жол бойынан рельстерді тықылдатқан қызғылт жейделі киім киген қызметкерлерді көресіз. Осы көріністерге қарайсыз да, Шардың шын мәнінде темір жолшылар қаласы екендігін сезінесіз. Расында солай. Қала тұрғындарының көпшілігі темір жолға қатысты мекемелерде еңбек етеді. Ресми деректерге сүйенсек, мұндағы 800-ге жуық тұрғын темір жол саласында тер төгіп жүр екен.
Алматы-Защита, Павлодар-Алматы, Қарағанды-Семей, Семей-Қызылорда, Астана-Защита, Ташкент-Новосібір, Бішкек-Новокузнецк, Алматы-Новосібір бағытындағы пойыздар Шардың үстімен өтеді.
Қалада темір жолға қатысты мекемелер көп. Соның ең үлкені – «Қамқор Локомотив» ЖШС-іне қарасты Шар Локомотив жөндеу депосы. Осыдан біраз уақыт бұрын қысқарту жүріп, 210 адамнан 108 қалыпты.
− Біз алғаш жұмысқа келген кездері 800-ге жуық жұмысшы болатын. Машинистердің өзі 600-дің үстінде еді. Пойыздар да көп еді ол кезде. Күні-түні ағылып жататын. Тәулігіне 27 жұп пойыз өтетін. Қазір пойыздардың ағыны азайды, жөндеу жұмыстарының көлемі де кеміді, − дейді осы мекемеде 1979 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан теміржолшы Серікқазы Сүлейменов.
«Елу жылда − ел жаңа». Шар Локомотив жөндеу депосы филиалының бас инженері Ринат Ұзақов мұндағы қызметкерлер санының қысқаруына өндіріске жаңа технологиялардың енгізілуі өз әсерін тигізіп жатқанын айтады. Жаңа техниканың аты жаңа техника. Бұрын 50 адам жабылып атқаратын жұмыс бүгінде жалғыз кісіден аспайды. Кәсіпорынға соңғы жылдары Қытайдан жаңа құрылғылар алынып, жаңа тепловоздар әкелініпті. Бұл мекеме негізінен тепловоздарды, оның ішінде локомотивтердің қос доңғалағын жөндеумен шұғылданады. 2010 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясынан СДП-М №2880 маркалы қар тазалау машинасын күрделі жөндеуден өткізуге тапсырыс алып, 1980 жылдан бері жөндеу көрмеген техниканы заман талабына сай жарақтандырып, салтанатты түрде табыс етіпті. Депо қызметкерлері 2013 жылдың наурыз айынан бастап америкалық «GE» компаниясымен бірге жаңа «Эвалюшен» тепловоздарының қос доңғалағын жөндеуді еліміз бойынша бірінші болып қолға алыпты. Кәсіпорын негізінен тапсырыспен жұмыс істейді. Тиісінше табыстары да соған байланысты.
− Шар локомотив депосы дүркіреген мекемелердің бірі еді. Кезінде республикада 2-3-орыннан түспейтін. Депо жұмыс істеп жатыр ғой, бірақ бұрынғы деңгейде емес. Жұмыс көлемі, тапсырыс азайды. Бұған тендер мен конкурстар да әсерін тигізбей отырған жоқ. Тендерді негізінен Астана мен Алматыдағы компаниялар жеңіп алады. Келешекте Шар депосына тапсырыстар көбірек берілсе, мекеме талай адамды жұмыспен қамтып, әлі талай жыл тоқтаусыз жұмыс істейтіні анық, − дейді Жарма аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Назым Сейітқазина.
Қала мәртебесі қала ма?
10 мыңға жуық тұрғыны бар шағын шаһар халқын көптен бері алаңдатып жүрген мәселенің үлкені – осы. 1963 жылы қала мәртебесін алған Шар қаласының мұғалімдері мен дәрігерлері ауылды жерлерге берілетін 25 пайыздық үстемақыны ала алмай келеді. «Дипломмен − ауылға» бағдарламасымен келгісі келетін жастарға да ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Не үшін? Қала мәртебесі болғаны үшін. Бұл мәселені қала тұрғындары Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильяновқа да жеткізген. Халық қалаулысы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, 10-20 мың тұрғыны бар ауылдағы қызметкерлерге, жастарға берілетін жеңілдіктер осындай шамадағы халқы бар шағын қалаларға да берілуі керектігін айтып, бірқатар ұсыныстарын жеткізген болатын.
«Қала халқы шағын қала болса да, қала сияқты балалардың демалыс орындары, жастардың баратын жерлері (спорт алаңдары) болса дейді. Қаладағы сияқты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп отырса, көшелерге контейнерлер қойылса, «Горводхоз» мекемесіне қосымша жұмыстарға рұқсат берілсе немесе «Комхоз» ашылса деген ұсыныстар жасауда. Негізінен қала халқы кейінгі бір жылда істелініп жатқан жұмыстарға риза, өйткені, Шар жаңа қалаға ұқсап келеді деп жиындарда айтылып жүр. Қала болып тұрып ауылға ауысуға көпшілік келіспейді, қалада істелініп жатқан жұмыстар бар. Келесі жылдары қалаға үкімет тарапынан жыл сайын 1-2 пәтерлі үйлер салынып, жол асфальтталса, жарық тартылса қала халқы ешқайда көшпейді. Қалада 800-ге тарта адамдар теміржол саласында, 600-700-ге жуық адам бюджеттік салада, 500-ден артық адам жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. 276 ұстаз бен дәрігерлер 25 пайыздық үстемақы алады деп, салық пен наториаттық жеңілдіктер қарастырылмаған деп қаланы ауылға ауыстыруға келіспейді. Ұстаздар мен дәрігерлер жұмыс істеп жүрген халықтың 10 пайызын ғана құрайды. Шар қаласы Шығыс Қазақстан облысындағы 4 шағын қаланың құрамына кірген. Кейінгі жылдары шағын қала ретінде қаражат бөлінбесе де, келешекте инвестиция құюға қолайлы. Аудан тарапынан биылғы жылы 170 млн. теңге бөлінді, осындай қаражат 4-5 жылда бөлінсе қала нағыз шағын қала болады деген сенімдеміз».
Шар қаласының қоғамдық ұйымдары мен аудандық мәслихат депуттарының былтырғы жылдың қараша айында Жарма ауданының әкіміне жолдаған хатынан біраз жайтты аңғаруға болатын секілді. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Назым Сейітқазина осы мәселеге орай облысқа, облыс Ұлттық экономика министрлігіне хат жолдағанын айтты. Бірақ әзірге жауап келмеген.
− Қала тұрғындары қала мәртебесін қалдырып, сонымен қоса ауылды жерлерге берілетін жеңілдіктер бізге де берілсе, осы жөнінде Үкіметте арнайы бағдарлама қабылданса дейді. Бұл – еліміздегі шағын шаһарлардың барлығына ортақ проблема. Қаладағы үйлердің 80 пайызы ауыз сумен қамтылғанымен, орталықтандырылған жылу жүйесі жоқ. Тұрмыс-тіршілігіміз қаладан гөрі ауылға жақын. Егер жоғарыда айтылған мәселе шешімін тапса, тұрғындар ешқайда кетпейді, − дейді Шар қаласының әкімі Мұратхан Сәкенов.
Қала басшысы тоғыз жолдың торабындағы теміржолшылар шаһарының болашағы бар екенін, қала іргесіндегі Цемент зауыты толық қуатында жұмыс істеген кезде талай адамға екі қолға бір күрек табылатынын айтады. Қазіргі уақытта бұл зауытта қаланың 300-ге жуық тұрғыны жұмыс істеп жатқан көрінеді. 2015 жылы Шар қаласындағы өндірістік өнімнің көлемі 5953,2 млн теңгені құраса, 2016 жылы 3 362,1 миллион теңгеге, яғни 43,5 пайызға төмендепті. Ал «Қазақцемент» ЖШС-індегі цемент өндірісінің көлемі 249,3, клинкер 219,8 мың тоннаға кеміген көрінеді. Бұған Ресейден келетін арзан бағадағы цементтің ел нарығына саудаға шыққаны әсер етті дейді мамандар.
Шардағы тағы бір түйткілді мәселе − көшелердің дұрыс жарықтандырылмауы. Жарық мәселесінің жырға айналып отырғанын қала әкімі де жасырмады. Шаһардағы 20-дан астам көшенің тек 8-нің ғана жарықтандырылғанын айтқан Мұратхан Сәкенов биыл қаладағы 4 көшенің жолдары жөнделіп, бірнеше көшеге жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Жолдар жөнделеді, көшелер жарықтандырылады
Осыдан бірер жыл бұрын Шарға жол түскенде қала тұрғындарының «Шарға ешкім қараспайды. Аудан орталығы Қалбатауға қараңыздаршы. Тұп-тура Лас-Вегас. Жарқырап тұр», деп өкпесін айтып, мұңын шаққандары есімізде қалыпты. Осы жолы барғанда шарлықтардың бұл пікірінің өзгеріп, ертеңгі күнге сеніммен қарай бастағанын аңғарғандай болдық.
− Соңғы жылдары қаламызға көңіл бөліне бастады. Былтыр ұлы Абайдың кеуде мүсіні қойылды. Үш жүз орындық қазақ мектебі ашылды. Көшелеріміз абаттандырылды. Ендігі бір мәселе – қалаға үлкен спорт модулі қажет, − дейді осындағы былтыр ашылған Б.Тұрсынов атындағы қазақ мектебінің химия пәнінің мұғалімі Сәуле Жүнісова.
Шар қаласына былтыр республикалық, аудандық және қалалық бюджеттен ұзын саны 170 миллионға жуық қаржы бөлініп, шаһардың су құбырлары, қалаішілік жолдар жөнделіп, Карелин атындағы орта мектептің қазандығы мен орталық емхана күрделі жөндеуден өткізіліп, абаттандыру, көріктендіру жұмыстары жүргізілген-ді.
Шардағы былтыр басталған жұмыстар биыл жалғасын таба ма? Ағымдағы жылы қанша қаржы бөлінеді? Қандай жұмыстар жүргізіледі? Шар тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарды Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың өзінен сұрадық.
− Осыдан бір жарым жылдай уақыт бұрын ауданға әкім болып келгенімде Шар қаласының тұрғындарымен кездестім. Кездесуде халық әкімнің жұмысына көңілдері толмайтынын, «ақшаның бәрі аудан орталығы Қалбатауға кетеді, бұрынғы аудан орталығы Шарға ешкім назар аудармайды», деп наразылықтарын білдірді. Біраз жұмыстарды жасаймыз деп уәде бердім сол кездесуде. Содан кейін арнайы жоспар құрып, бағдарлама әзірледік. Аудандық бюджеттің біршама бөлігін Шарға бағыттадық. Негізінен қаланы абаттандыруға, көшелерді жөндеуге, жарықтандыруға көңіл бөліп жатырмыз. Ауданымыздағы жалғыз субұрқақты Шарға орнаттық. Мәдениет үйін жөндеп, алдына Абай атамыздың ескерткішін қойдық. 2016 жылы осындай жұмыстарды қолға алдық. Жыл соңында өткен халықпен кездесуде тұрғындар ризашылықтарын білдірді, − деген аудан әкімі биыл қаланың 4 бірдей көшесін жөндеуге аудандық бюджеттен 104 миллион теңге қарастырылғанын айтты.
Сонымен қатар қаладағы ауыл балалары барып-келіп оқитын 80 орындық интернатты жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 55 миллион теңге бөлініпті.
Түйін
Шығыстағы шағын шаһарлардың бірі Шардың біз көрген, біз естіген мәселелерінің бір парасы осындай. Қаладағы түйткілді мәселелерді шешуге аудан тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсетіліп жатқанымен мұның аздық ететінін аңғарғандай болдық. Сондықтан облыс, Үкімет тарапынан да қомақты қаржы бөлініп, мемлекеттік деңгейде үлкен қолдау, қамқорлық жасалуы қажет секілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы
Суреттерді түсірген автор