Олардың арасында Шығысқа бет алған Акбар мен Жасминнің отбасы да бар еді. Өмірдің ауыр сынында жүкті Жасмин сүйген жарынан көз жазып қалды. Кейін ұлды болды. Қиын күндерінде даладай кең пейілімен қанатының астына алған халықтың құрметіне атын Қазақбай деп қойды. Әр таң сайын «Акбар келіп қалар» деген үмітпен көкжиекке қараумен қарттыққа жеткен Жасминнің арзу-арманы ақыры орындалды...
Жазушы, аудармашы Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» пьесасын Махамбет атындағы Атырау облыстық қазақ драма театрының әртістері жоғары деңгейде сахналады. Қойылымның алғашқы көрсетіліміне автор Түркиядан арнайы келіп қатысты. Театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов аз уақыттың ішінде көрерменге айтар ойы мен берер тәлімі бар шығарманы асқан шеберлікпен жеткізді.
- Өнер туындылары халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтады, бір-біріне жақындастырады. Спектакльде баяндалған оқиға шынайы өмірден алынған. Репрессия кезінде қаншама тағдыр бақытсыздыққа ұшырады. Қазақ халқы жер ауып келгендердің бәріне жанашырлықпен қарады. Біз осының бәрін жас ұрпаққа көрсетуіміз керек, - дейді Мәлік Отарбаев.
Ал атыраулық театр ұжымы алдағы уақытта «Баянды бақты» Анкара сахнасында қоюды жоспарлап отыр.
Бақытгүл Бабаш,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ.