Қазақстан Республикасы Президенті Архиві өз мекемесінде тарихи материалдармен жұмыс істеудің майталмандарымен сыр-сұхбат өткізіп отыратын байырғы дәстүріне сәйкес, «Мәңгілік Ел» қайраткерлері: «Жазушы және архив» тақырыбында С.Елубаймен шығармашылық кездесу ұйымдастырды. Кездесу тақырыбының кіріспесі ретінде алдымен отызыншы жылдардың ашаршылығы туралы бірінші болып қалам тербеп, көркем дүние туғызған С.Елубай шығармаларының идеясымен өзектес деректі фильм көрсетіліп, жантүршігерлік жылдардың ақиқаты архивте сақталған тарихи құнды бейнематериалдар негізінде ширатылды.
Жазушының «Ақ боз үй» тарихи романы туралы арнайы баяндама жасаған архив қызметкері Айнаш Сейсенбаева шығарма мазмұнындағы рухани дүниетаным, ұлттық салт-сана, өткен дәуірлердің тұрмыстық-моральдық нормаларын танытатын құндылығы туралы әңгімеледі.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай жазушының қазақ прозасында өзіндік із қалдырған, тақырыбы тың, ойы өзекті «Ақ боз үй» трилогиясын аумалы-төкпелі дәуір шындығы, ашаршылық туралы өз қаламынан туған «Тамакөшкен» атты поэмасымен қатар шендестіре отырып, екі шығарманың өзегіндегі ақиқаттың тарихын баяндап, трилогия туралы жан-жақты пайымын білдірді.
Ал, Смағұл Елубайдың өзі шерлі жылдардың шежіресін ақтаруға уақыттың өзі түрткі болғанын, адам санағы кезінде айырықша артта қалғаны білінетін демографиялық көрсеткіштегі әділетсіздіктің қасіретті жылдардың тарихын зерттеуге жетелегенін айтып, ұлттың танымы мен мәдениетіне, тілі мен дініне салған қара таңбасының әлі күнге жойылмай келе жатқанына өкініш білдірді. Зұлмат құрбандарына арналған мемориалдық кешен құрылысының кешеуілдеп жатқанына да кейістік танытып, бұл тұрғыда өткен тарихын ұлықтауда өнеге көрсетіп отырған өркениетті елдердің тәжірибесіне үңілуге шақырды.
Президент Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Борис Жапаров: «Смағұл Елубай – қазақтың ХХ ғасырдағы ең қасіретті оқиғаларын әдебиет әлемінде әдемі айшықтаған дара шығармашылық иесі», деді. Халықтың тарихи танымын талантымен түгендеп жүрген қаламгерге Президент Архиві тарапынан құрмет білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ