Хоккей • 07 Сәуір, 2017

Серия тағдыры соңғы ойында шешіле ме?

163 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұрнағы күні Жоғары хоккей лигасындағы плей-офф ойындарының жартылай финалында өнер көрсетіп жүрген Өскеменнің «Торпедосы» Түменнің «Рубин» командасын қабылдады.

Серия тағдыры соңғы ойында шешіле ме?

Айдын иелері «ә» дегеннен алға ұмтылып, небәрі 30 секундтың ішінде есеп ашып үлгерді. Талғат Жайлауов пен Максим Беляев жеткізген шайбаны Иван Иванов қақ­паға дәл бағыттады. Шығыс­қазақстандықтардың тегеу­рінді шабуылынан абдырап қалған қонақтар осыдан кейін барынша сақ ойнауға тырысып бақты. Нәтижесінде, «Рубин» сапынан Дмитрий Клопов 14-минутта таразы басын теңестіріп кетті. Бұл тұста олардың бір хоккейшісі артық болғанын айта кеткен жөн. Дегенмен, арада бірер минут өтер-өтпесте   өскемендіктер тағы да алға шықты. Кездесудің 16-мину­тында Евгений Бе­лу­хин мерген­дігімен көзге түсті.

Екінші кезеңнің бастапқы минуттары да осы бағытта өрбіген еді. Жерлестеріміз басымдықты арттыру үшін қарсыластарын қыспаққа алумен болды. Бірақ, 29-минуттан бастап айдындағы жағдай күрт өзгеріп салды. Қонақтар сапынан Виталий Каменов есепті 2:2-ге жеткізді. Айдарынан жел ескен ресейліктер екінші кезеңнің соңына дейін «Тор­педоны» екі рет қапы қалдыр­ды. Матчтың 31-минутында Александр Акмальдинов қақпа артындағы шамды тағы бір мәрте жарқ еткізсе, 38-минутта Дмитрий Клопов дубль иесі атанып, ойындағы соңғы нүктені қойды.

Кездесудің соңғы бөлігінде жерлестеріміз жағдайды түзеу үшін аянып қалмады. Иван Иванов, Майк Далхьюзен сынды хоккейшілердің гол салатын мүмкіндіктері болған еді. Бірақ олар көздеген мақсаттарына жете алмады. Сөйтіп, матч 4:2 есебімен «Рубиннің» пайдасына шешілді.

Сонымен, сериядағы жалпы есеп 3:2 – «Торпедо» алда. Қос команда арасындағы алтыншы кездесу ертең Түменде өтеді. Егер, жерлестеріміз же­ңіске жетер болса, Бра­тина кубогының финалына шығады. Ал жеңіліп қалған жағдайда шешуші матч Өс­кеменде өтеді.

Аян ӘБДУӘЛИ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар

«Ақылды» транзиттің мүмкіндігі

Экономика • Бүгін, 08:55

Иманқара үңгірінің құпиясы

Таным • Бүгін, 08:43

Қос нысанның қадасы қағылды

Аймақтар • Бүгін, 08:40