Аймақтар • 07 Сәуір, 2017

Оңтүстікте су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

430 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

​Оңтүстік Қазақстанда облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөнінде мәжіліс болып өтті. Онда көктемгі мезгілде болуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу қажеттілігі айтылды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстікте су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды

Жиында ОҚО ТЖ департаментінің бастығы Нұрболат Дербісов облыс көлемінде су тасқындарының алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар мен қалыптасып отырған жағдайлар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыс көлеміндегі 43 су қоймасының тоғызы 100 пайызға толып, транзиттік режимге көшірілген. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін тиісті жұмыстар басталып, жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізген Нұрболат Бекболатұлы су қоймаларда қауіпсіз режимді сақтау барынша күшейтілгенін алға тартты. 

«Мәселен, Жамбыл облысында жауған қатты жауын-шашын мен таудағы қардың еруі салдарынан 30 наурызда Жуалы ауданынан бастау алатын Боралдай өзенінің суы 375 см-ге көтеріліп, Боралдай елді мекенінің тұсында ағысы секундына 250 текше метрді құраған. Жергілікті әкімдік пен полиция, өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері тұрғындармен бірігіп қорғаныс дамбаларының осал жерлерін көтеріп, нығайтып, тәулік бойы қауіпті жерлерге кезекшілік ұйымдастырды. Соның арқасында біз үлкен тасқын суды өткізіп, Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендерді су басудан қорғадық», – деді Н.Дербісов.

Боралдай өзенінің тасқын суы 31 наурыз күні Арыс өзеніне қосылып, судың ағысы секундына 243 текше метрге жеткен. Оның салдарынан Ордабасы ауданы аумағында «Батыс Европа – Батыс Қытай» тас жолының 2226 шақырымындағы Арыс өзенінің қашыртқы каналының көпірі опырылып құлаған. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында облыстық ТЖБ қызметкерлері жолға уақытша шектеу қойып, қатынас Ордабасы ауданының Темірлан елді мекеніндегі жол арқылы жүргізілген. Осыған байланысты өзен арналарында қажетті шаралар атқарылуда, барлық өзен сулары мен су қоймаларында мониторинг жүргізілуде.

Жиын барысында жағдайлардың жай жапсарын мұхият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары өңірде болуы мүмкін тасқын судың алдын алу бойынша шараларды тыңғылықты орындауды жүктеді.

«Өңірдегі көктемгі су тасқынының ерекшеліктерін ескере отырып, оған жан-жақты дайындалмаса болмайды. Қала және ауданға қарасты аумақтарда су басу қаупті жоғары жерлерде үнемі визуалды зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Су қашыртқы каналдар мен арықтарды қоқыстардан тазалап, су өткізу қабілетін жоғарылатуды және су қоймаларында қауіпсіз режимді сақтауды басты негізге алу шарт», – деді аймақ басшысының орынбасары.

Жиынды қорытындылаған ол тиісті мекеме басшыларына, сондай-ақ аудан әкімдеріне көктемгі су тасқынына байланысты жағдайды күнбе-күн бақылап, мониторинг жасап, барлық қажетті шараларды қолға алуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

«Ақылды» транзиттің мүмкіндігі

Экономика • Бүгін, 08:55

Иманқара үңгірінің құпиясы

Таным • Бүгін, 08:43

Қос нысанның қадасы қағылды

Аймақтар • Бүгін, 08:40