Бокс • 07 Сәуір, 2017

Головкин карьерасын аяқтау туралы ойланғаны жөн – Ермахан Ыбрайымов

330 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бокстан Олимпиада чемпионы, Қазақстан құрамасының бұрынғы бапкері Ермахан Ыбрайымов Геннадий Головкиннің америкалық Дэниел Джейкобсқа қарсы кездесуі жайлы пікір білдірді. Бұл туралы vesti.kz хабарлады.

Головкин карьерасын аяқтау туралы ойланғаны жөн – Ермахан Ыбрайымов

«Америкада жұрт Головкинді бейне бір «құбыжық» секілді көреді. Олардың пікірінше, GGG жекпе-жекте бәрін сұлата беруі тиіс. Тек АҚШ-та ғана емес бүкіл әлемде сондай түсінік қалыптасқан. Гена бұл түсініктен құтылудың жолын қарастырды. Осыған байланысты Джейкобспен 12 раунд жұдырықтасты. Бойындағы бар күшін бұл жекпе-жекте көрсеткісі келмеді. Себебі, Сондерс, Альварес секілді қарсыластарын шошытып алуы мүмкін. Дэниел арқылы өзінің «құбыжық» емес қарапайым боксшы екенін көрсеткісі келгендей.

Оны Геннадийдің қолданған тәсілі деп ойлауға болады. Қарсыластарының өзіне деген пікірін өзгертіп, яғни алдарқатып, жекпе-жектер ұйымдастырмақ. Бұл біріншіден. Ал екіншіден, ол қанша жаста? 1982 жылы дүниеге келді, қазір 34 жаста. Бірер күннен кейін 35-ке толады. Біз жасара түспейміз ғой. Уақыт өте келе жылдамдығымыз да, соққыларымыздың күші де бәсеңдейді. Әр нәрсенің өз уақыты бар. GGG боксшы ретіндегі карьерасын аяқтау туралы ойлана беруі керек. Кіші Флойд Мэйуезер жеңілмеген боксшы ретінде рингтен кеткен сияқты. Бұл кез келген адамның беделін арттыра түседі», – деді Ермахан Ыбрайымов.

Олимпиада чемпионы сондай-ақ, америкалық Дэниел Джейкобс жайлы да ой бөлісті.

«Бойы ұзын, жылдам. Қас қағым сәтте оңға да солға да қашып, соққылардан сытылып шығып кетеді. Болашағы зор. Одан үлкен үміт күтуге болады», – деді Олимпиада чемпионы.

Айта кетейік, Геннадий Головкин 18 сәуір күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында америкалық Дэниел Джейкобспен күш сынасып, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жеткен болатын. Қазақстандық боксшы карьерасында алғаш рет 12 раундты толық өткізді. Кездесуден соң Джейкобс реванш жекпе-жек ұйымдастырғысы келетінін мәлімдеді. Ал Генадий оған қарсы еместігін айтты.

WBC, WBA (Super), IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин шаршы алаңға 10 маусым күні шығады деп күтілуде. Оның қарсыласы орта салмақтағы британ боксшысы WBO белбеуінің иегері Билли Джо Сондерс болуы мүмкін. Қос тарап әзірге жекпе-жек жөнінде келісімшартқа қол қоймады. GGG орта салмақтағы барлық белбеудің басын қосып, абсолютті чемпион болуды армандайтынын бірнеше рет мәлімдеді. Ал жалғыз қалған белбеу дәл осы британ боксшысының иелігінде. Қос тарап ортақ келісімге келер болса, бокс кеші Астанада EXPO-2017 көрмесі кезінде өтуі мүмкін.

Мәліметтер бойынша Головкин осы күзде мексикалық Сауль «Канело» Альвареспен де қолғап түйістіреді.

Айта кетейік, «Канело» 2015 жылдың қараша айында пуэрторикалық Мигель Коттоны төрешілердің шешімімен жеңгеннен кейін WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған. 7 мамырда Амир Ханды жеңіп, титулын қорғағаннан кейін залда отырған Геннадий Головкинді ашық түрде күш сынасуға шақырды. Сондай-ақ, ұйым оны WBC-дің тұрақты чемпионы Головкинмен жұдырықтасуды міндеттеді. Екі жақ өткен жылдың 24 мамырына дейін бокс кеші жөнінде ортақ ымыраға келуі тиіс болатын. Бірақ 19 мамыр күні мексикалық спортшы WBC белбеуін қалдырып, салмағын ауыстыратынын мәлімдеді.

«Карьерамда мұнан да үлкен кездесулер өткіздім. Ондай қадамға екінің бірі бара бермейді. Осыған дейін ешкімнен қорыққан емеспін. Бірақ мені арнайы уақыт белгілеп шаршы алаңға ешкім де шығара алмайды», – деді Альварес.

Бұл айқас 2016 жылдың қыркүйегінде өтуі тиіс болатын. Бірақ мексикалықпен келісімге келе алмағаннан кейін Головкин 11 қыркүйекте Келл Брукпен қолғап түйістірді.

Дайындаған: Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

«Ақылды» транзиттің мүмкіндігі

Экономика • Бүгін, 08:55

Иманқара үңгірінің құпиясы

Таным • Бүгін, 08:43

Қос нысанның қадасы қағылды

Аймақтар • Бүгін, 08:40