Қазақстан • 11 Сәуір, 2017

​Достастық елдерінің министрлері жүздесті

105 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еліміздің сыртқы саясат ведомст­во­сының басшысы Қайрат Әбді­рахманов Ташкентте өткен Тәуел­сіз Мемлекеттер Достастығы Сыртқы істер министрлері кеңесі­нің отырысына қатысты.

​Достастық елдерінің министрлері жүздесті

Алқалы жиында сыртқы істер министр­лері Қазақсан Президенті Н.Назарбаевтың 2015 жылы Бурабайда өткен ТМД Саммиті кезінде ұсынған ұйымды заманауи ахуалға бейімдеу туралы бастамасын дамытуға қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткізді. Атап айтар болсақ, ТМД Эконо­ми­ка­лық сотын реформалау мәселесі ма­құл­данды. Ендігі уақытта бұл орган оңтай­ландырылған форматтағы «ad hoc» прин­­ципі бойынша жұмыс істейді. Яғни, бұл принцип бойынша судьялар тұрақты емес негізде жұмысқа көшеді, аппарат саны ай­тарлықтай қысқарады, нәтижесінде оған жұм­салатын бюджет шығындары да үнем­деледі деген сөз.

Делегациялар басшылары құқық қор­ғау қызметі саласындағы бірқатар құжаттар­ды мақұлдады. Министрлер мақұл­да­ған құқықтық, ұйымдастыру және ақпарат­тық-талдау мәселелерін жүзеге асыру жөнін­дегі шаралар кешені ТМД-ға мүше елдер­дің өзара қарым-қатынасын күшейте түсуге бағытталған.

Қалыптасқан дәстүр бойынша кеңес барысында мәдени-гуманитарлық мәсе­лелерге көңіл аударылды. «Достас­тық­тың мәдени астаналары» бағдарла­масының жобасын тараптар бірауыздан қолдағанын айта кету керек. Мұндай мәртебені 2018 жылы  Армениядағы Горис қаласы, 2019 жылы Беларусьтің Брест қаласы иеленетіні белгілі. Қазақстан тарапы 2020 жылы Достастықтың мәдени астанасы мәртебесін Шымкент шаһарына беруді ұсынды. Осы орайда, Астана қаласы – 2012 жылы, Алматы 2014 жылы Достастықтың мәдени астанасы атанғанын айта кетейік.

Шағын форматта өткен кездесулер аясында сыртқы саясат ведомстволарының басшылары аймақтық және жаһандық күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерді талқылады. Қайрат Әбдірахманов әріптес­теріне еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне мүше ретіндегі алғашқы 100 күн ішін­­де атқарған жұмыс барысы туралы, Ел­басы Н.Назарбаевтың осы дүние­жүзі­лік ұйым­ның жоғары орган­дарының мүше­леріне арнаған мәлімдемесінде көрсе­тілген ба­сым­дықтар туралы баяндап берді.

Отырыс қорытындысы бойынша ТМД Сыртқы істер министрлерінің кеңесі христиан, мұсылман және басқа да кон­фессиялар өкілдеріне қатысты кемсіту­шілікке және төзімсіздікке жол бермеу туралы мәлімдеме қабылдады. Бұл құжатта елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съездерінің ерекше маңызға ие екендігі көрсетілген.

Қайрат Әбдірахмановтың шара бары­сында қырғызстандық әріптесі Эрлан Абдылдаевпен келіссөз жүргізгенін айта кетейік. Бұл кездесу 1997 жылдың сәуір айында Алматыда қол қойылған Қазақстан мен Қырғызстанның Мәңгілік достығы туралы шарттың 20 жылдығымен тұспа-тұс өтті. Екі тарап аталған құжатта көрініс тапқан құндылықтарды негізге алып, өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсуге мүдделі екендіктерін жеткізді.

Қ.Әбдірахманов Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Асловпен де кездесу өткізді.

Осы күні Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Орталық Азия мемлекеттері сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуіне де  қатысып, аймақтағы ынтымақтастықты дамытудың басым бағыт­тары, халықаралық және аймақтық ұйым­­дар аясында өзара әріптестікті нығай­ту мәселелері төңірегінде пікір алмасты.

«Егемен-ақпарат»