Редакцияға хат
Бұқаралық ақпарат құралдарында «километр» сөзі «шақырым» деп бұрыс аударылып жүр. «Шақырым» – нақты емес өлшем, субъективке тәуелділігі басым түсінік. «Шақырым» деп айқайлап шақырғандағы дауыс жететін ара қашықтық айтылған. Айқайдың естілу қашықтығы айқайлаушы мен естушінің толып жатқан физиологиялық ерешеліктеріне (дауыс жиілігі, күштілігі, биіктігі, ұшқыштығы, өкпе көлемі, дауыс тіндерінің сипаттамалары, құлақ элементтерінің жағдайы, т.б.) және қоршаған орта жағдайына (су беті, орман, тау, жазық жер, т.б.), тәулік мезгіліне (күн, түн) байланысты. «Шақырым» – «естілу қашықтығы» терминіне сәйкес келеді. Ол стандарттауға келмейді де және нақты шамасы бекітілмеген. Не айтылып жатқанын айыруға келмейтін айқай дауыстың естілу қашықтығының мөлшерлі мәні әр түрлі, ол кейде 1-1,5 км. (Учебно-методические пособия. Общевойсковая подготовка. Министерство обороны Российской Федерации), кейде оның орташа мәні 1 км. (“Блокнот Снайпера” ©2000,2001 HPBT Inc.) деп есептелінеді. «Шақырым» да стандартта жоқ. «Шақырым» сипаттамалық категория тұрғысында «атшаптырым», «таяқ тастам», «көш жер», «арқан бойы» деген сияқты ұғымдардың қатарында.
«Вокзал» сөзі қазақшаға «бекет» сөзіне сәйкестендіріліп (мысалы: автовокзал – автобекет) аударылып жүрген жағдайлар бар. Вокзал сөзі ағылшын тілінен енген, түпнұсқасы: Vauxhall, мағынасы қолданылуына сәйкес. «Бекет» орыс тіліндегі «Пикеттен», ал орыс тіліне француз тілінен енген, түпнұсқасы: piquet, бұл тұстағы мағынасы (күзет заставасы; патшалық Ресей кезінде пошта, ат-арба қатынас жолдарындағы пункттер), яғни «вокзалдан» басқа. Сөйтіп ағылшын сөзін мағынасы сәйкес келмейтін француз сөзіне аударып және бұл үрдісті орысшадан қазақшаға аудардық деп мәз болып жүргендер бар.
«Термопара» сөзін – «бу қызуы» деп аударылған жағдайлар кездеседі. Дұрыс мағынасы – «терможұп» (пара – жұп), т.т.
Тілімізді жаңғырту, байыту әрине, маңызды. Бірақ «бояғыш, бояғыш дегенге сақалын бояптының» кебімен сөздердің бәрін қазақшалау мақсат емес, ол мүмкін емес те. Тек сауатты аудару керек. Халықаралық терминдер сол қалпынша қалдырылғаны дұрыс. Қазақ өзінің ғылыми-техникалық жетістіктерін басқа тілдерге таңып беретіндей ештеңе істеп жатқан жоқ, жуық арада істемейді де. Осы жәйтті де ескерген дұрыс болар еді.
Жанбай ӨЗДЕНБАЕВ, техника ғылымдарының кандидаты.