12 Сәуір, 2017

Шарықтау сәті, Шекспир және Шымкент үлгісі

366 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Халық көп қоныстанған өңір­лерде екі мәселе ұдайы билік орын­дарының алдынан шығып тұрады. Ол – жұмыссыздық және әлеуметтік қорғау мен қолдау шараларының жеткіліксіздігі...

 Шарықтау сәті, Шекспир және Шымкент үлгісі

Ғасыр басына қарай біздің елімізде 22 пайыз халық ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Сол кезде БҰҰ Даму бағдарламасының мәліметі бо­йын­ша Қазақстанның экономикасы 50 пайыз өсті, оның 9 пайызы ауыл шаруа­шылығына тиесілі болды.

Ол көрсеткіштер бүгінге дейін сол деңгейден астық өндірісіне қатысты ғана аздап өсті, басқалары сол деңгей­де қалып тұр. Ауылдағы шаруаның табысы қала тұрғындарының табысы­нан екі есеге жуық аз. Осы мәліметте барлық жұмыссыздардың 23 пайызы ауыл үлесінде екені де көрсетілген.

Осы мәселені жекелген аймақтың мысалында айтып көрсек. Мәселен, еліміздің ең бір шұрайлы өлкесі сана­латын оңтүстік өңірінің табиғи және адам факторына қатысты ерекше­ліктері сөзімізге дәлел бола алады.

Оңтүстік Қазақстан облысында 3 миллион тұрғын бар, өңірде суармалы жер көлемі 516 мың гектар. Халық көп жерде проблема да жетіп-артыла­ды. Әлеуметтік қорғау шараларына қаржы жеткізу көп күшті талап етеді. Сондықтан, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция көлемін арттыруға, жаңа технология енгізуге ты­рысуы­мыз қажет десек, бізде ал­да­­­ғы уақытта суармалы жер көлемін 3 мил­­лион гектарға жеткізу мүмкіндігі бар. Ол үшін істен шығып жарамсыз­да­нып, сорланып, батпақтанып, су тап­шылығын көріп пайдаланудан тыс қалған 1 миллион гектарды қал­пы­на келтірумен бірге, жаңа суар­малы алқаптар ашуымыз қажет. Осы­ны жүзеге асыра алсақ, үлкен жетіс­тік осында. Атқарылып жатқан істер бар­шы­лық: тамшылатып суару, жылы­жай­лар арқылы өнімді тұрақты түрде арттыру жақсы жүруде.

Кейбір суармалы жерлерде қолдан жасалған кемшілік орын алған, базбіреулер ірі көлемде жер алып, игермей, жыңғыл басып жатыр. Мұны көргенде жүрегіміз ауырады. Осыны ретке келтіру шараларын тез арада қарап, қалпына келтіруді қатаң түрде талап етуіміз керек.

Сырдария өзенінің сол жағалауын бойлап, 70-80 мың гектар жаңа суар­малы жер ашу мәселесі әр кезде ай­тылып қалып жүрген. Соны жүзеге асырсақ, 200 мың адам жұмыспен қамтылады, әр гектар орта есеппен 1,5-2 мың доллардан табыс әкелсе, облыс бюджетінің бүйірі шығады. Жалпы, облыстағы суармалы жерді 1 миллион гектарға жеткізуге мүмкіндік бар. Бұл жоспарымызды «2017-2021 жылдарға арналған АӨК-ті дамыту бағдарламасына» енгізіп, бастап жіберуге жабыла күш салуымыз керек. Тұрғындары мол, қазағы көп оңтүстіктің бақыты мен бағы осында.

Осы орайда тағы бір мәселені айта кетелік. Ауылда бұрынғыдай ең­бек ете беруге бейім жұмысшылар, мал­шылар, қойшылар, тракторшылар, т.с.с ауыл еңбеккерлері өте азайып кет­­ті. Бұрыннан жалдамалы адам­дар­­ды жұмсауға бейім қазағымыз әлі де солай, асырмаса азайтқан жоқ. Алма­тыда, Астанада, облыс орталық­тарын­да тұрып ірі жерлерді иеленіп отырғандар бар. Оны қызғануға болмайды, егер жерді азғындатпай, оңды еңбек етіп жат­қандардың ақысын жемей, кәсіп­кер­лікті адал ұйымдастырса. Қорған­сыз­дығын пайдаланып, ақысын бермей, зар еңіретіп кететіндер бар.

Оңтүстік өңірде мемлекеттен үлес ретінде алған немесе ұзақ мерзімге жалға алған жеріндегі жұмыстарды өздері атқармай, көрші елдерден кел­гендерді ауызша келісіммен пай­да­лану әрекеттері бар. Мақталы өңір­лерде күні кешеге дейін мақта терімі кезінде үйлерінде қол күші бар адамдардың өзі туысқан өзбек елінің азаматтарын жасырын түрде пайдаланып келді. Терімшілерді шекарадан өткізу қиын­даған соңғы жылы ғана терім техни­касын пайда­лану жолға қойыла бастады.

Статистика мәселесінде де абай болуға тиіспіз. Құжатта бар, өмірде жоқ өнім мен мал саланы бағдарлауға, болжауға залалын тигізеді. Осындай жағдайды қолымызбен ұстап алма­ғаны­мызбен, бар екенін ішіміз сезіп сыпайылап отырмыз.

Елбасы өзінің 1997 жылғы Қазақ­стан халқына Жолдауында: «Адам­дардың өмірінде шарықтау сәті бар, ол, егер дұрыс пайдалана білсе, табысқа жеткізеді. Егер оны қолдан шығарып алса, онда одан кейінгі жол қайраңға малтығып, тайғақ кешумен ұласады» деген Шекспирдің сөздерін мысалға келтірген еді. Бүгінгі дағдарыс кезінде бұл сөздер есімізге қайта-қайта түсе береді...

Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы