27 Сәуір, 2011

«Абылай орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың басында туған»

820 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Соңғы уақытта баспасөз беттерінде тарихшылар мен ғалымдар тарапынан биылғы жылы Абылай хан­ның 300 жылдығы неге тойланбайды деген пікірлер оқтын-оқтын көтеріле бастады. Cонымен бірге, зерт­теушілер арасында Абылайдың туған жылы туралы екіұдай (1711 немесе 1713 жыл) пікірлерге әлі де түпкілікті байлам жасалмай келе жатқаны шын­дық. Бұл орайда, қазіргі уақытта Үкімет бір­қатар абы­лай­танушы ғалымдардың ұсынысына сүйе­ніп, ұлы бабамыздың 300 жылдығын 2013 жылы атап өту жөнінде қаулы жобасын әзірлеп жатқанын естідік. Сол себепті, біз М.Қозыбаев атындағы Сол­тү­с­тік Қазақстан мемлекеттік университетінің про­фес­соры, «Абылай хан» ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның жетекшісі Зарқын Тайшыбайдың осы тақы­рып­та жазылған мақаласын жариялауды жөн санадық. Үстіміздегі 2011 жыл туған бетте-ақ, Абылай ханның 300 жылдығын лайықты атап өту жөнінде пікірлер айтыла бастады. Дұрыс-ақ, қолдауға тұрарлық. Халқымыз өзінің атақты ұлдары мен қыздарының мүшел тойларын әр қаһарманның өзіне лайық атап өтуді ежелден әдетке ай­налдырған. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» ғана емес, мүшел иесінің халқы үшін жасаған еңбегін, артына қалдырған мұрасын кең насихаттау үшін, ұлтымыздың рухани байлығына жаңа қазыналар қосу үшін тойлаймыз. Осыдан 15 жыл бұрын Абайдың туғанына 150 жыл толуын халықаралық деңгейде атап өттік. Оған мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, бес жыл дайындалдық. Ғы­лымдағы, әдебиет пен көркемөнердегі Абай бейнесі мейлінше молықты. Енді, міне, екі жарым ғасырдан бері есімі ерліктің, тәуелсіздіктің, халқына шын берілгендіктің бала­масына айналған, аңыз-әпсана қаһарманы ғана емес, қиын-қысталаңда қазақ қауымы атына сиынып, әулиеге айналған Абылай ханның да 300 жылдық мүшел тойы келіп қалыпты. Ұлы ханның туған, қаза болған жылдары туралы хатталып, сақталып қалған нақты құжат әлі қолға түскен жоқ. Сонда да, жанама мағлұматтар арқылы мүмкіндігінше шындыққа жақындап, нанымды тұжырым жа­сауға жетелейтін деректер баршылық. Қазақ тарихында Абылайдың туған жылы туралы кейінде қалыптасқан 1711 жылы, 1713 жылы деген екі пікір бар. Екеуі де негізсіз емес, бірақ, нақ­тылай түсуді керек етеді. Демек, екеуін салыстыра отырып, қолда бар деректерді қайта қарап көрсек, Абылай қазақ күнтізбесі бойынша 1712 жылдың аяғында, орысша жыл есебі бойынша 1713 жылдың ба­сында туған және 1780 жылдың күзінде қайтыс болғанын аң­даймыз. Дәлел қандай? Зерттеушілердің сүйе­нетіні Уәли сұлтанның хатын­дағы: «Әкем, Абылай 69-ға қараған жа­сында өмірден өтті», деген сөздер. Бұл арада мына сөйлемді қағазға түсірген Уәли сұлтан емес, әрине, оның хатшысы. Орыс тіліне аударғанда, қазақша «алпыс тоғызға қараған жасында» деген тіркестің мағынасы «алпыс сегіз жаста» болып шығады. Және де бұл жас қазақтың жыл қайыру есебімен мөлшерленгенін еске алайық. Бірінші, мүшел, он үш жас, одан кейінгілері он екі жылдан келіп отырады. Сонда Абылай толық 5 мүшел және 7 жыл өмір сүрген. 1781 жылғы 27 қаңтарда Абылай ханның хатшысы Жағда Османов Орынбор кеңсесіне келіп, қазақ ханының жағдайы туралы берген мәліметінде мыналар бар: «Абылай өзінің балаларын, елдің билері мен басты адамдарын жинап, қазақ жасақтарын шақыртып, қырғыздарды шауып, өзіне қаратпақ болды. Сөйтті де, 1779 жылдың көктемінде қалың қолмен (кейбіреулер 12 мың деп айтады) аттанып кетті. Дәл осы кезде қасына 12 адам қосып беріп, өзінің ұлы Сыздық сұлтанды қытай патшасына жөнелтті. Ондағысы – Қытаймен жасасқан бұрынғы келісім бойын­ша, екі жақ төрт жылда бір мәрте елші жіберісіп, амандық-саулық біліп тұрушы еді. Сол Сыздық сұлтан арқылы Қытай патшасына қытай тілінде хат жазып, қырғыздарды бағындыруға көмекке әскер сұрады. Абылай ханның Ордасында қытайша сауатты қалмақ хатшысы болатын...». Елшілер сол кеткеннен 1780 жылғы қазанға дейін... оралған жоқ. Жағда хатшы 1780 жылғы қазанда Абылай ордасынан Орынборға аттанып кетеді. Ол хан Ордасынан Петропавлға кетерден он бес күн бұрын, 1780 жылғы 25 қыркүйек ша­масында Көкшетауға «Абылай ханның қасынан (оңтүс­тіктен) оның ұлдары Шыңғыс сұлтан мен Есім сұлтан, Дат батыр бастаған біраз адамдар келген». Түркістаннан Көкшетауға дейін салт атпен кемінде бір апталық жол екендігін ескерсек, Абылай хан 1780 жылғы 19-20 қыркүйекте тірі. Олар ханның жорықтағы жеңістерін айтқан. Келер көктемде, яғни, «1781 жылдың басында Абылай сұлтан Көк­шетаудағы ордасына қайтып келеді» деген. (Ресей империясы сыртқы саясатының мұрағаты. 122/3-қор, 1779-1780 жылдар, 1-іс, 75-77 сырт. пар.; Жарияланған: «История Казахстана в русских источниках ХV?-?? ??????. І-ХХ веков». VІ-том. А. 2007. С.139-145.). Петропавл бекінісінің коменданты С.В.Сумароков өзінің бастығы генерал Н.Г.Огаревке Абылай ханның қазасы туралы мынадай өтініш айтады: «1781 жылғы 9 ақпанда Абылай хан өлді деп хабар­лаған екенсіз. Шынында дәл осылай ма, Құлыбек батырды ша­қыртып алып, біліп беріңіз, анық-қанығына жету – біз үшін өте қажет. Барлық күш-жігеріңізді салып, Құлыбек батырды Абылайдың өлген жеріне жіберіп алыңыз. Абы­лайдың өлгені рас па, неден өлгенін анықтасын. Құлыбек кісі жіберемін десе, жол шығынын толық өтейміз, оған қам жемесін». (Омбы облыстық мемлекеттік мұрағаты. 1-қор, 1-тізбе, 226-іс, 52-пар. Бұрын жария­лан­баған.). Бұл ханның өлімі туралы алғашқы хабар, хатталған әзірше тұңғыш құжат. Ханның хатшысы Жағданың 27 қаңтарда Орынборға айтып барғанын жаздық. Және ол Абылай ханның қазасын естімеген, былтырғы қазан айында Көкшетаудан шығып, Жайық бойына қарай келген. *** Сонымен, 2013 жылы мәресіне жетуге тиісті Абылай ханның 300 жылдық мүшеліне үш жылымызды атап, жан-жақты дайындық шараларын қазірден бастап кеткен жөн болар еді. Ұлы ханның өмірі мен қызметі туралы дәйекті зерттеулер жүргізіп, нәтижесін жария ету қажет. Елбасымыз Н.Назарбаев айтпақшы: «...есте жоқ ескі замандардан елес іздеп, қайдағы жоқты қаузағаннан гөрі, Абылай тақырыбы ол туралы аңызды өршіту үшін емес, тәуелсіздік үшін күрес­кен тарихи тұлғаның өмірінен тағылым өрбіту үшін қа­жет». Абылайтанудың ғылым ретінде бір жүйеге келіп, салиқалы түрде қалыптасатын кезі туды. Осы ретте ой бөлісу тұрғысында кейбір ұсыныстарды ортаға салудың реті келіп тұрғандай. Абылайдың тарихы қазақ тарихының, қазақ тарихы әлемдік тарихтың ажырамас бөлшегі ретінде қарас­тырылғаны дұрыс болар еді. ХVIII ғасырдағы бүкіл әлем­дік жер бөлісі, империялардың пайда болуы және олардың ғаламшарды бөліске сала отырып, өзара бәсекеге түсуі қазақ даласын айналып өте алмаған. Бұрын алаңсыз көшіп-қонып, тіршілігін жасап жатқан қазақ халқы да осынау ұлы өзгерістерге бейімделіп, тәуелсіздігін сақтап, жер бетінен құрып кетпеудің жолын іздеуі керек еді. ХVІІІ ғасыр қазақ тарихының қайшылыққа толы аса маңызды кезеңі екеніне дау жоқ. Қазақтың ұлы ойшылы Мұхтар Әуезов дәл бағала­ғандай, әлемдегі тіршілік атаулыны топан суынан сақтап қалған Нұх пайғамбардай, қазаққа кемел ойлы, құдыретті күш иесі көсем керек еді. Қазақтың бақытына қарай тарих ондай тұлғаны туғызды. Ол – Абылай сұлтан болатын. Халқымыз Абылайдың есімін ұмытқан жоқ, Тәуелсіздік алған соңғы 20 жылда Абылай аты асқақтап, отан­сүй­гіштіктің, кемеңгерліктің, ерліктің, керек десеңіз, сарабдал ұстамдылықтың өскелең символы ретінде танылып, насихатталып келеді. Абылай ханның алдағы мүшел тойына дайындық үс­тінде оның ұрпақтары ұлы бабасының өмірі мен қызметін туған халқының етене тарихымен тығыз сабақтастыра отырып, зерттеуге ден қояды. Әрбір тарихи тұлғаның, оның ішінде өзіміздің қазақ салтында, соңынан айтылатын алып-қашпа, керағар пікірлер, жосықсыз байламдар бола­тыны да рас. Абылайтанудың балаң шағында ұшқары айтылып, жазылып кеткен, кейін даусыз ақиқатқа ретінде қабылданып келе жатқан пайымдаулар баршылық. Қазақ­стандық тарих ғы­лымының қазіргі деңгейіне лайық неғұр­лым шындық тұрғысында терең зерттеп, байыпты тұжы­рымдар жасау арқылы Абылай төңірегінде көмескі қалған, күдік туғызатын жағдайларды ашып, алдағы ұрпақтарға Абылайдың бейнесін ақиқат түрінде беруге ұмтылатын кез жетті. Көрші мемлекеттердің мұрағат­тарында, әсіресе, мысалы, Ресейде Әбілқайыр ханнан кейін, есімі мен ісі туралы ақпар көп кездесетін қайраткер Абылай екенін мойындай отырып, сол мол деректерді әлі де жан-жақты игеру қажет. Абылайтанудың қазіргі жағдайына көз жіберсек, ғұ­лама Әлкей Марғұланның: «Ақынды айтсақ, Абайға, ба­тыр­ды айтсақ, Абылайға апарып тіремей тоқтамайтын қазағым-ай, батыр біткеннің бәрі Абылайдың төңірегінде жүреді», дегенін бір кезде өз құлағымызбен естігенбіз. Осы сөздің астарында көп мән жатыр. «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» (Абай). Бүгінгі ұстаным, абылай­танудың құбыласы осы болуға тиіс. Оны мақтамайық, ақтамайық, даттамайық та! Абылайдың алдындағы оқиғалар мен құбылыстарды, Абылайдың заманы мен өз істерін және Абылайдан кейінгі кезеңдердегі қазақ тарихын байыпты бағамдап, салыстыра саралап шықсақ, Абылайдың тұлғасы бүкіл болмысымен, барымен де, жоғымен де алдымыздан шыға келеді. Абылай – біздің замандасымыз. Ұлт тарихының ғасыр­ларға ұласқан ұлы көшінде Абылайсыз өткен 230 жыл онша ұзақ уақыт емес. Тіпті, мына бір ғажапты қараңыз: қазіргі жағдайда, бір формациядан екінші формацияға қа­дам басып, толық тәуелсіздікке ие болған өтпелі кезеңдегі қа­зақ қоғамының қалпы мен талпыныстары Абылай бас­таған, Абылай арман еткен дәуірмен үндес, тіпті ұқсас. Мына әлемдік жаһандану жағдайында ұлттың бірлігін сақтап, Еуразия құрлығындағы басқа көршілерімен жара­сып, солармен терезесі тең мемлекеттің шаңырағын көте­ріп, іргесін бекіту біздің үлесімізге тиіп отыр. Осы орайда Абылай ханның бастаушы, бағыттаушы, ұлтты ұлы мақсат­тарға ұйыстырушы кемеңгерлігі ХХІ ғасырдағы ұрпақ­тарына үлгі болғандай. Сондықтан, Абылайды зерттеу оның заманына сай алдына қойған міндеттерді көреген­дікпен шешу өнегесін талдап қарау, бүгінгі даму үрдісімен сабақтастыра бағалау қажет деп ойлаймыз. Бұл тұрғыда сақтықпен қарайтын бір жағдай бар сияқты. Абылай хан туралы естігенін, көрген білгенін жазып қалғысы келетіндер аз емес, тіпті, тарихи тұлғаға қызыға қарау тұрғысында, бұл талаптанулар заңды көрінуі де мүмкін. Сон­дықтан, баспасөз бетінде Абылай және абылайтану мәселелері бойынша айтылмақ ой-пікірлердің ғылыми-танымдық құнына назар аудару қажет. Жә, бұрын аңыз-әпсана, әңгіме-дастан түрінде таралып кеткен көп әңгіме болды. Әлі де бар. Тіпті, кешелі-бүгіннің өзінде Абылай есіміне қатысты кейбір жеке деректердің тал­ғамсыз қолданысқа түсіп, шикілі-пісілі мақала түрінде шығып жатуы өкінішті. Мұндай жосықсыз жағдай­ларға жол бермес үшін, баспа, баспасөз басындағы азамат­тардың неғұрлым жауапты болғаны, қажет десе мамандардың сарабынан өткізіп алып қана жарыққа шығарғаны дұрыс болар еді. «Алла деген сөз жеңіл, Аллаға ауыз жол емес», деп ұлы Абай ескерткен еді ғой. Әрине, бұл салыс­тыруымыз сонша орынды бола қоймаса да, Абылай жөнін­де айтқанда, жазғанда жеңіл-желпі әуезеге айналдырмай сауатты, ғылыми негіздері байсалды мақалаларды көргіміз келеді. Зарқын ТАЙШЫБАЙ, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, «Абылай хан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі.