Парламент • 13 Сәуір, 2017

Ұлттың ұлы мұраты

211 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әлем тарихындағы соңғы бес, он жылдың айналасындағы тектоникалық өзгерістер шын мәнінде таңдануға тұрар­лық. Бағамдап қарасақ, осы уақыт ішіндегі геосаяси, гео­эко­но­­ми­­ка­лық ахуалдың күрт өз­геруі, ғы­лым мен техно­логия­­дағы ре­во­л­юциялық жаңалық­тар, руха­ни, мәдени құнды­лықтардың шұ­ғыл алмасуы көз ілестірмейтін жылдамдықта жүріп жатыр. Өткен ХХ ғасырдағы қалыпқа түскен, мәңгі өзгермейтіндей көрінген әлем­дік тәртіп, қаржы-экономикалық қатынас, үйрен­шікті қағидалар мен түсініктердің іргесі шайқалды. Кеше ғана Тәуелсіздігінің 25 жылды­ғын салтанатты түрде атап өткен Қазақстан үшін де бұл дәуір сынақтары болатын. Осы сынақтардың сипатын көріп, түйсінген ел мен қоғам бір уақыт дағдарғандай күй кешкені жасырын емес.

Ұлттың ұлы мұраты

Осы бір жауабы мен жауапкершілігі зілдей ауыр сұрақтарға жыл басында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жауап берді. Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қа­зақ­­станның Үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халық­қа Жолдауы жо­ғарыдағы дағдарыстар түйінін түп­кілікті шешіп берген еді. Халқына жаңа дәуір қар­саңында сөз арнаған Елбасы Қазақстанның 25 жылдық даму тарихына шолу жасап, жаңа жағ­дай­лардағы мемлекеттің бүгіні мен ертеңін, оның саяси, экономикалық даму жолын айқындап, бағдарлап берді. 

Ел Президентінің «Егемен Қазақстан» га­зе­тінде кеше ғана жарық көрген «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласы – Елбасының биылғы жылғы Жолдауының табиғи, рухани жалғасы. Президент мақаласының жарық көре салып, барша оқырманның, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жатқаны кездейсоқ емес. Себебі, саяси, экономикалық жаңару үшін де мемлекетке, халыққа рухани им­мунитет керек. Қоғамдық-саяси ахуалы тұрақты, экономи­­ка­сы әлеуетті елдің көңілі мен санасында уақыт өте келе рухани азыққа – ұлттық өрлеу мен сәйкестікке, тарих пен мәде­ниетке қажеттілік пайда бола­тыны белгілі. Елбасы осы қажет­тіліктің уақыты жеткенін айтып отыр: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл сая­си, эконо­микалық жаңғыруларды толықтырып қана қой­май, олардың өзегіне айналады. Рухани жаңғы­ру тек бүгін басталатын жұмыс емес».

Халқымыздың соңғы бір ғасырлық тарихи, тағдыр-талайлы, трагедиялық өмірбаянын тұ­шымды да нақты пайымдарымен алақанға салғандай көрсетіп берген Н.Ә.Назарбаев бұл тарихи үдерістерді әлемдік тарихтың сабағымен шебер байланыстырған. Шын мәнінде, ғасыр­лар, жылдар бойы темірқазық ретінде әспет­теліп келген, мемлекеттік құрылыстың іргетасы саналған идеялардың сәтсіздігінің себебі, Елбасы айтқандай, «олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін, басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшелігін бәріне жаппай еріксіз таңуында» жатқаны айдан анық. Н.Назарбаев осы пайымы мен ұстанымын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары-ақ білдіргені есімізде. Мұндай өткір көзқарасқа сол кездері үдере қарсы шыққандар да, сенімсіздік таныт­қан­дар да аз болған жоқ. Алайда, ширек ғасыр өт­пей жатып-ақ, Қазақстан Президентінің ұста­нымы мен көрегендігі тағы да шындыққа айналды.

«Рухани жаңғыру» идеясын қоғамдық талқыға салып, ұлттың, мемлекеттің рухани темір­қазығы ету арқылы Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап беріп отыр. Әрі осы жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының алты бағдарын ұсынған.

Елбасының мақсаты – ұлттың ұлы мұраты. Ол – Ұлы Дала елінің бойында белгілі тарихи себептермен қалғып кеткен прагматизмді ояту арқылы ұлттық, қоғамдық ойға, іске сілкініс әкелу, тәуелсіз елдің санасы мен ағзасын отар­­шыл­дық, кембағалдық, бойкүйездік ком­плекстерінен тұтастай арылту.

Мемлекет басшысы қазақтың ежелгі «дәс­түрдің озығы бар, тозығы бар» қағидасын мықтап ұстануға шақырады: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек».

Мемлекет басшысы нұсқап отырған ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, заман ағымына қарай оның сипаттарын өзгерту, «білім куль­тін» қалыптастыру, мемлекет пен қоғамды рево­люциялық емес, эволюциялық жолмен дамыту, ең бастысы, сананың ашықтығын, яғни әлемдік озық жаңалықтарға, ғылым-білімге құшақты айқара ашу идеялары ұлттың рухани-мәдени қалыбы болмақ. Әрі жаңа дәуір сынақтарын бәсекелік қабілеті ерекше ел ғана еңсере алады.

Осы тұрғыда Елбасының мемлекет пен қоғам алдына қойып отырған нақты міндеттері рухани саладағы түбегейлі реформалардың алтын бастауына айналарына күмән жоқ.

Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – барша қазақстан­дық­тардың ұзақ күткен және жаппай мақұлдап, қолдауына ие болған тарихи бастама. Бұл игі бас­таманы ел ішінде насихаттап, лайықты жүзеге асыру – баршамыздың парызымыз.

Дархан КӘЛЕТАЕВ,

Парламент Сенатының депутаты

Соңғы жаңалықтар

Біздің ту танымал

Қазақстан • Бүгін, 08:13

Агроэкспорттың жаңа кезеңі

Шаруашылық • Бүгін, 08:10

Машина жасау саласының қуаты

Саясат • Бүгін, 08:00