Қазақстан • 13 Сәуір, 2017

Біз күткен бетбұрыс

483 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

​«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Елбасының «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласы, сөз жоқ, тарихи мәні бар құжат.

Біз күткен бетбұрыс

Әрине, мәдениет сала­сында әңгіме болмай келген жоқ. Әсіресе, мәдениет қайраткерлері, жазушылар сонау жариялылық заманынан бас­тап, ұлттық құн­ды­лықтарды күн құрғатпай, ай құрғатпай, жыл құр­ғат­пай айту­мен келді. «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында» бағ­дар­ламалары сондай жанайқайдың жеміс­тері болатын. 25 жыл ішінде істеліп жатқан жұмыс­тар осындай мемлекеттік бағдар­лама­лардың негізінде жүзеге асып келді. Алайда осынау ұлттық құн­­ды­­лық­тарды сақтау және оны дамыту сала­­­сында үлкен бетбұрысты біз күтіп жүр­ген­біз. Біз күткен бет­­бұрыс, идеология майданында ұлттық мәде­­ниетімізді болашақта қазақ халқы­ның рухани келбетін сақтап қалу мәселесі бо­йын­ша алға қойылған үлкен міндет деп біле­мін. Бұл мақала қоғамымызда көтерің­кі көңіл-күй тудырып жатыр. Болашағы­­мыз­ға деген се­нім ұлғайып, жасампаздық­қа бағыттайтын қадам­ның жасалғанына қуаныштымыз.

Біз де 25 жылда Батыс жолына түс­кен­де, өзімізді жойқын ағында қалай сақ­таймыз, оның жолын қалай табамыз деген басты сауал­дарға осы мақалада жауап бар. Шайылып кет­пеу­дің жолы – осы. Ұлттың мәдени коды тура­лы әңгіме қозғалады. Мәдени код: діл, жа­ды, тіл, діни болмыс. Осы бірегейлікті мәңгі ету ар­қылы ғана біз өзімізді сақтайтынымыз бірінші рет жан-жақты айтылып, ашық мәселе қойылып отыр. Бұл мақалаға біз қатты мән беріп, қатты толқып отырған себебіміз осы. Әдебиет те, тіл де, кино да сөз болған. Білім беру саласы мен патриотизм де айтылған. Әліпби ауыстыру мәселесі қозғалған.

Елбасының аузымен прагматизм деген жақсы ұғым айтылды. Әліпби біз­дің тарихымызда үш рет ауыс­ты­рыл­ды. Оны қазақты жақсы болсын деп ешкім ауыстырған жоқ. Тарихи жады­нан адасып қалсын деп, қасақана жасалған саяси іс болатын. ХХ ғасырды біз қазақ әдебиетінің алтын ғасыры деп айтып келдік. Қаншама клас­сикалық дүниелер өмірге келді. Әдебиет дамыды. Кирил­лицамен жасалған әдебие­тіміз латынға ауысқанда не болады? Осы жерде бізге прагматизм көмек­ке келеді. Яғни, ендігі 2025 жылға дейін де, одан кейін де біздің мектебіміз ла­тын әліпбиіне көшкен кезде, меніңше, қазақ әдебиетінің қайталанбас мұрасы жасалған кириллицаны ұмытпай, қатар оқуы керек. Кейін біздің ұрпағымыз қайтып орала алмай қала ма деген қауіп болмас үшін. Прагматизмнің бір пайдасы осы.

Одан кейін кітап кино, мәдениеттің басқа да озық үлгілерін әлемдік бәсекеге шығару туралы сөз болды. Әуезов, Мүсірепов, Май­линдер әлемге еш қысылмастан еркін шы­ға­тын жазушылар. Кеңес кезінде сыйлық ал­­ған шығармалар ғана орыс тіліне аударыл­ды. Оның өзінде Мәскеуде. Батыста мық­ты баспадан, мықты аудармашыдан шық­қан дү­ниені құрметтейтінін ескеруіміз керек. Біз­дің классикамыз қайта аударуды, қай­та наси­хаттауды қажет етеді. Осы мәселе бұ­ған дейін назардан тыс қалып еді. Енді осы ма­қала­­дан кейін қазақ әдебиеті және оны шетелге наси­хаттау мәселесі дұрыс жолға қойылады деп ойлаймын. Бұл жалғыз Жазушылар одағы, жекелеген авторлар айналысатын жұмыс емес. Мемлекеттік маңызы бар, мемлекеттік бағ­дар­ламамен іске асуы тиіс шаруалар. Ұлт­тық сана ең алдымен әдебиетте сақталған. Бұл мақаланы мен осылай қабылдадым.


Смағұл Елубай,

жазушы

АЛМАТЫ


Соңғы жаңалықтар

Біздің ту танымал

Қазақстан • Бүгін, 08:13

Агроэкспорттың жаңа кезеңі

Шаруашылық • Бүгін, 08:10

Машина жасау саласының қуаты

Саясат • Бүгін, 08:00