Жуырда ғана қазақстан халқы үшінші жаңғыру жолына қадам басқан болатын. Бұл дегеніміз, уақыт талаптары мен жаһандық үдерістерге жауап беретін экономикамыздың ғана жаңғыруын білдірмейді, сондай-ақ, ол Отанымыздың тарихындағы жаңа лепті сезіндіреді, ұлттық санамызды қайта жаңғырту қажет екенін аңғартады.
Мемлекет басшысы өз мақаласында дөп басып айтқандай, рухани құндылықтарсыз сана толыққанды жаңармайды. Технология мен инновацияға, экономиканың жаңа салаларын дамыту мен инфрақұрылымға көңіл бөле отырып, біз рухани құндылықтарды да ұмытпауымыз керек. Себебі, кез келген халықтың дамуы үшін руханиұстынның орны өлшеусіз зор.
Ұлы халықтар әрдайым үйлесімділік жолымен жүреді. Рухани тұрғыда гүлдену қашанда тіршіліктің барлық саласының өркендеуіне ықпал етеді. Өйткені, кемел білімді әрі рухы бай адамдар уақыттың жаңа талаптарына дер кезінде жауап беріп, дұрыс шешім қабылдай алады.
Елбасы осыны терең түсініп қана қоймай, бізге таяу болашағымыздың көрінісін көрсете отырып, рухани жаңғырудың 6 бағытын ұсынды. Ұлы Даланың талай ғасырлар бойғы мұрасы, халқымыздың даналығы мен өмірлік бай тәжірибесінің қосындысы осы рухани жаңғыруға негізгі ұстын болады.
Мақалада көрсетілген идеялар, ақиқатында, Қазақстанның рухани сала-
сындағы реформаторлық жаңашылдықтар болып табылады. Бағдарламалық мақаланың нәтижелеріне жақын арада куә болатынымыз күмәнсіз.
Мемлекет басшысы үшінші жаңғырудың ауқымды міндеттерін іске асыру адами капиталға, ұлттың интеллектуалдық мүмкіндіктері мен рухани күш-қуатына тікелей тәуелді екенін қоғамға айқын түсіндіріп берді. Президенттің мақаласы халқымыздың рухани жағынан өсуі туралы толғаныс немесе болашаққа философиялық тұрғыда көз тастау ғана емес. Бұл мақалада бүгінгі таңдағы өте өзекті қоғамдық-саяси және мәдени-рухани жобалар түріндегі нақты шаралар көрініс тапқан. Айтылған жобалардың әрқайсысы автор ұсынған идеяларды іс жүзіне асыруға нақты бағыт-бағдар береді.
Елбасы алға қойған жаңа міндеттер Қазақстан халқының көкжиегін кеңейтіп, мемлекетімізді әлемдік деңгейге бүгінгіден де биік көтеретініне сенімдімін.
Нұрбах РҮСТЕМОВ,
Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және өкілетті елшісі