Медицина • 13 Сәуір, 2017

Маңызды мемлекеттік мәселеге дайындықпен келдік

100 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" коммерциялық емес акционерлік қоғамының жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу жөніндегі басқарушы директоры Ерік Байжүнісовпен сұхбат.

Маңызды мемлекеттік мәселеге дайындықпен келдік

– Алдымен қордың құ­ры­луына тоқ­тала кетсеңіз және бұ­­рынғы олқы­лық­тарды бол­дыр­­маудағы қадамдар жайын айтып өтсеңіз.

– Өткен ғасырдың 90-шы жыл­дарында осы салада атқа­рыл­ған жұмыстардың бәрі сол за­манға сәйкес жүрді. Ол бір қи­ын уақыт еді ғой. Ал жаңа ға­сырда, әсіресе, оның екінші он жылдығында отандық ме­ди­ци­нада айтарлықтай өзгерістер бол­­ғаны анық. Мемлекеттің ар­найы бағ­дар­ламасымен 100-ден астам аурухана са­лын­ды, ел көлеміндегі барлық ем­деу ме­­кемелері күрделі жөн­деу­ден өткізілді, уақыт талабына сай шетелдік озық құрал-жаб­­дықтар, қондырғылар алын­ды­. Осы­лайша, саланың ма­те­риалдық-тех­ни­калық тұр­ғы­дан жабдықталған сенімді ір­­­гетасы қаланды, қажетті ма­ман­­дардың үл­кен шоғыры шетел­дер­де оқытылып, біліктілік дең­гейі көтерілді. Барлық аурух­а­на­лар мен емханалардағы қыз­мет көрсетуді жақсарту үшін Ел­басының тапсырмасымен ұлт­тық бірыңғай денсаулық сақтау жүйе­сі енгізілді. Мәселен, бұ­рын­­ғы бюджеттік денсаулық сақ­тау жүй­есі моделінде қа­р­а­­-

жат ауруханадағы бө­лім­дер мен төсек санына және қан­ша маман ең­бек ететініне бай­ланысты бөлінетін. Емдеу ме­ке­месі үлкен болған сайын қар­жы да көп қарастырылатын. Оның ішін­де операциялардың күр­де­лілігі, емнің тиім­ділігі, кө­мек­тің сапасы сияқты өлшемдер ес­керілмейтін. Тек бюджеттен қар­жы бө­лі­ніп жататын.

Жаңа жүйедегі басты өзгеріс – аурухана мен емхананың қан­ша адам емдеу сапасы мен нәтижесінің қандай бо­луы есеп­ке алынып барып қаражат бө­­лі­нуімен ерекшеленеді деп тү­­сінген жөн. Науқастың ди­а­г­-

нозы күрделі болған сайын оның құны да өсе түседі. Сон­­дықтан, күр­делі ауруды ем­­деуге көбірек қаржы бо­са­ты­луы қарастырылады. Нақ­ты­­лай кетсек, елімізде соңғы 5-7 жыл арасында бау­ыр, бүй­рек, жүрек алмастыру сынды опе­­­рациялардың қарқынды да­муы­ның при­н­ципі осы жүйеге не­гізделді. Үкімет та­рапынан күр­делі операцияларға қо­мақ­ты қар­жы бөлінді.

Бұрын шетелге барып, орасан көп ақша шығарып жасалатын операциялар қа­зір өзімізде де атқарылады. Бірақ біз қа­жетті орган ауыстыру сынды күрделі опе­рациялармен науқастардың 60 пайызын ғана қамтып отырмыз. Ал әрі қарай қа­жеттілікті толық өтеу үшін бізге қар­жы­лан­дырудың басқа жүйесі керек бол­ды. Бұл үшін әлемдік тә­жірибеге сүйенгенде тиімдісі осы МӘМС деген бай­ламға тоқтадық.

Негізінде МӘМС жүйесіне ену кез­дейсоқ пайда болған дүние емес. Осы­дан 6-7 жыл бұрын министрлікте ме­ди­-

циналық қызметтерге ақы төлеу ко­ми­теті құрылып, бар­лық қаражат сол ар­қылы өтіп кел­ді. Бұл – жаңа жүйеге өту­дің бі­рі­нші сатысы болатын. Және көп­­шілік қауіптеніп жүрген бұрынғы мін­детті медициналық сақ­тандырудан ай­ыр­машылығы жер мен көктей. Бүгінде са­ла­дағы инфрақұрылымдар тегіс дай­ын. Со­дан бері ақпараттық жүйе­нің өзі де дамып кетті. Ал­ғашқы жүйе өмірге келгенде тіп­­ті интернет пен электронды пош­та да аты­мен болған жоқ.

– Міндетті медициналық сақ­­тан­ды­­руға медициналық мекемелердің қа­тысуы қалай жүргізіледі?

– Біздің мақсатымыз – па­ци­ент­терге жан-жақты әрі ың­ғайлы жағдай ту­ғы­зу. Өкі­ніш­ке орай, қазір қаражат же­тіс­­пеушілігінен бюджетке қа­рас­ты емдеу ме­кемелеріне жеке­мен­шік медициналық ұйым­дар­дың мамандарын тарту өте қиын. Ал сақтандыру жүйесінде жекеменшік жә­не жеке дәрі­гер­лік кабинеті бар маман­дар­­ды тар­туға кеңінен жол ашылады. Аза­­маттар қай емдеу орнына, ол яки же­кеменшік пе, әлде тұр­ғылықты же­рі бой­ын­ша тір­келген мекемесі ме, қай­сы­сы­на ба­рып емделемін десе де өз еркі. Демек, қай орынға барса да қаржыны бір ғана көз­ден – МӘМС жүйесінен алады. Біз ал­дағы 2-3 жылдың көлемінде емханалық-амбулаторлық кө­мек көрсететін мекемелер санын же­кеменшік ұйымдарды тарту арқылы 50 пайызға арттыруды көздеп отырмыз. Стационарлық көмек көр­сететіндерді де осылайша 40-45 пай­ы­зға көбейтсек, бүгінгі толып жатқан ке­зек күту, мамандардың жетіспеушілігі сын­­ды проблемалар шешіледі. Ар­найы ма­ман­ның көмегін сарылып күтіп жүрмей, тез арада қаралуына, емделуіне жағдай жа­салады.

Сонымен бірге, халықты дә­рі-дәр­мекпен қамтамасыз ету­дегі түйінді мә­се­лелер де оң­­тайлы шешілмек. Мәселен, дис­­­пансерлік есепте тұрған нау­­қастарға бе­р­ілетін тегін дә­рілерді бөлуге жыл сайын тен­дер жүргізіліп, бәсекелестік жағ­дай­ында жылда фирма ауысып тұ­рады да, кейбір дәрілердің же­тімсіздігі байқалады. Ал мы­на жүйе­де қолында лицензия­сы бар әрбір дәріхана рецепт бойын­ша дәрілерді босата береді. Ара­дағы делдалдар жойылып, дә­рі­хана мен қор тікелей жұмыс іс­тейді. Бұдан ең алдымен паци­ент ұтады. Бұрын дәрісін алу үшін жол жүріп белгілі бір дә­ріханаларға баратын болса, ен­ді үйінің қасындағыдан-ақ ала салады. Өткенде Елбасы дә­рілердің ба­ғасын қарау тура­лы тапсыр­ма берді. Енді дәрі-дәрмек ба­ғасы мемлекет тарапынан бе­кі­тілгенде қор үшін науқастың дә­ріні қай дәріханадан алғаны ма­ңызды емес, тиісті қаражатын ау­дарып отырады.

Қор жұмысындағы назар аударарлық тағы бір дүние – сарапшылыққа еліміздегі ең білікті мамандарды тарту. Яғни, адамдар тарапынан медициналық қызмет көр­­се­туде наразылық туған жағдайда анық-қа­нығына жетіп, сапасын тексеріп, са­ра­лай­тын, пациенттің құқығын қорғайтын ар­найы орган құрылады.

– Бізде бұрын да кейбір азаматтар ерік­ті медициналық сақтандырумен қам­­тылып келді, ендігі жерде ондай ком­­паниялардың жұмыстарында қан­дай өзгерістер болуы мүм­кін?

– Өмір өзгеріп, қоғам да­мыған сайын адамдардың қа­жет­т­ілігі де артып оты­ратыны заң­дылық. Сондықтан да, бар­лы­ғын толық өтеу мүмкін емес. Кейбір пластикалық, ко­с­­-

метологиялық, тіс емдеу сия­қ-

ты қызмет түрлерін МӘМС жүйе­сі қам­тымайды. Ерікті сақ­тандыру біздің жүйе­нің па­кетіне кірмейтін қызметтерді көр­сете береді.

– Заң бойынша жұмыс беруші мекеме, компания өз қызметкері үшін қорға тө­­лем аударады. Және бұл жыл сайын бір­те-бірте кө­те­ріліп оты­рады. Осы рет­те қор­ға қа­ражат жиналуда та­ғы бір мә­­селе туындайтын тә­різ­ді. Әлеу­меттік тө­лем­дер­дің мөл­шерін азайту үшін шы­­­на­­йы жалақы жасырылып, оның мөл­ше­рі төмен көр­се­ті­луі­нен қауіп жоқ па?

– Сауалыңыз орынды, қазір Заң жоба­сы Мәжілісте жатыр. Әрине, жүйені кері тар­татын жайттарды заңмен реттеп, заң­мен қорғамаса болмайды. Сол се­беп­тен де, төленетін жарна кө­лемін әуелі 1 пай­ыз, одан кейін 3 пайызға дейін бірте-бір­те көбейту көзделуде. Бұл денсаулық сақ­тау са­ласына тиіс­ті салық тәрізді бол­ған­дық­тан оны бұзғандарға заң арқылы ша­ра қолданылмақ.

– Бізде өзін өзі жұмыспен қам­тып жүр­ген азаматтар бар. Мы­салы, база­р­да­ғы шағын кә­сіп­к­ерлер сақтандыру жар­насын қалай төлейді?

– Бұл мәселенің бірнеше ше­шімі бар. Біріншіден, мұндай азаматтардың сана­тындағы тұл­ға «жұмыссызбын, қор­ға жарна төлейтін жағдайым жоқ» де­се, әлеуметтік қорғау ме­кемесіне барып жұмыссыз ре­тінде тіркелуі тиіс. Жұ­мыс­сыз­­дар үшін қажетті қа­ра­жатты ме­млекет бе­­реді. Ал егер «мен жеке кәсіпкермін, қор­­ға өзім жеке жарна төлеп тұ­рамын» де­се, кез келген екінші деңгейлі банкке барып, белгіленген мөлшердегі жарнаны төлеп тұ­руына болады. Үшіншісі, же­ке кәсіпкер емес адамның да екін­ші деңгейлі банктер арқылы өз еркімен жарна төлеп тұруы. Қа­зір тұрғындар МӘМС қорына жар­на төлемесем медициналық кө­мек ала алмай қаламын ба деп қорқып жатыр. Бұл дұрыс емес, негізі сақтандыру жүйесінен тыс қалған азаматқа көмек жасалады, тек ол жоспарлы түрде берілетін дәрігерлік жәрдем қызметін пайдалана алмайды, ал шұ­ғыл көмекке еш тосқауыл жоқтығын кім-кімнің де білгені жөн.

– Барлығы жоспардағыдай ат­қа­рылса, МӘМС жүйесінен ха­лық ұта­ды, ал саладағы қыз­меткерлер үшін қан­ша­лық­ты тиімді, олардың ең­бе­к­ақы дең­гейіне өзгерістер әкеле ме?

– Негізінен біздің жүйеде екі кейіп­кер бар. Бірінші – науқас, екіншісі – дәрігер. Ал қор осы негізгі екі кейіпкер арасындағы бар­лық жұмыстарды жақ­сарт­у-

ды көз­дей­ді. Сондықтан, екі кей­іп­кер­дің бірі ра­зы, екін­ші­сі­нің көңілі орта бол­са, онда жағ­­дай бүгінгіден жақсара қой­майды. Біз дәрігерлерді осы жүйе­ге ынталанды­руы­мыз керек. Бұл жерде, әрине, еңбекақы кө­­ле­мі маңызды рөл атқарады. Осы рет­­те Алматы, Астана қа­ла­­ла­рында қа­нат­қақты жобалар іске асырылып, емха­на­лар ішіндегі ақы төлеу жұмысын оң­тай­лы жүргізу мәселесі назарда болды. Нә­тижесін қарағанда, дәрігерлердің ең­бекақыларын көтеруге мүмкіндік туатыны белгілі болды.

– Қорға жиналған қара­жат­­тың жұм­са­луы жөнін­де ашық ақпарат бола ма?

– Әрине, қор жұмысы ашық жүр­­гізі­ле­ді. Бірінші күннен бас­тап қаржы қайда, қа­шан, қан­дай мақсатқа жұмсалды деген есеп қордың сайтында тұрады. Екін­шіден, қор­дың жанында қо­ғамдық кеңес жұмыс іс­тейді. Оған министрлік қызметкерлері, ҮЕҰ, қоғам белсенділері қатыс­ты­рылады. Әрі қаражат Ұлттық банк есебінде бола­тын­дықтан, қауіптенетін ештеңе де жоқ.


Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»


Соңғы жаңалықтар

Біздің ту танымал

Қазақстан • Бүгін, 08:13

Агроэкспорттың жаңа кезеңі

Шаруашылық • Бүгін, 08:10

Машина жасау саласының қуаты

Саясат • Бүгін, 08:00