Сұрапыл соғыстың әзір тынар түрі жоқ. Күн сайын Совинфорбюро радиодан хабар беріп тұр. Жау Мәскеу түбіне жақындады деген сайын үрей билейді. Ленинград, Сталинград қалаларындағы бомба жарылысы құлаққа көбірек естіледі. Бірақ, елдегі жұрттың бұған еңсесі түспеді. Еңбекке деген ықылас бөлек. Дүйім жұрт көктем шыға егінге аттанды, жайлауға мал көшірді, әйтеуір тынымсыз тіршілік. Егістік басындағы соқамен жер жыртып, тұқым сепкен диқан атаулы шаршадым, шалдықтым демейді.
Алыстан «Шәулімше» биігі көрінеді. «Үлгілі» атты ауылдың күншығыс жақ бетіндегі қырман қызылға толы, бейнебір тау өркештеріне ұқсайды. Кешкілік сәл-пәл тыныққан диқандар ән-жырға құлақ түріп, бойға қуат жинайды. Ақын Нартай бүгін екі күн бойы туған ауылында. Қайсыбір күні «Алғабастағы» сабантойдан оралған. Ол ауылда да қара гармонмен жыр төгілтіп, жұрттың еңсесін бір көтеріп тастап, содан бүгін «Үлгіліге» оралған беті. Ойланып, толғанып отыратын Нартай емес, жырды жаңбырдай нөсерлетеді. Ұйқас бөлек, кесек-кесегімен дестелеп тастайды.
– Нартай аға, үйдегі келініңіз босанды. Мына ән-жырыңызбен біздің үйден шәй ішіңіз, – деді колхоз төрағасы Баукен Байжанов.
– Келіннің белі қатпай жатып үйді әбігерге түсіргеніміз жараспас, Байкен. Бала қатайсын, содан соң думандатайық, – деп Нартай мұртын бір сипап, қырман басын орағыта, тағы бір жырды «Үлгілі» диқандарына» деп төгіп-төгіп жіберді. Жұрт бір көтеріліп қалды.
Баукен ақынды тағы қолқалады. Ақыры көндіріп, шаңырағына түнделетін алып келді. Ақын бригадасының өнерпаздары түні бойы төраға үйін ән-жырға бөледі. Бүкіл «Үлгілі» ауылындағы төраға үйіне Нартай әні мен жыры көшіп келгендей болды. Төргі бөлмедегі бесікте жас нәресте жатыр. Пыс-пыс етеді, ұзақ ұйқыға көшкен тәрізді.
Баукен, мына бала құйып қойғандай өзің екен, тіл-көзден аман болғай. Гармонды әкелші! – деп Нартай қыран бүркіттей қомданып, нәрестеге арнаған арнау өлеңді сол сәтте түйдектетті.
Ауылға келіп қалдым, Баукен інім,
Қауызын ашыпты ғой қызыл гүлің.
Келешек ғалым болып, ақын болып,
Халқына төгіп тұрсын күннің нұрын.
Нәрестең Абайдай боп дауылдасын,
Мәңгілік ұмытпасын бауырласын.
Досына дос боп өтсін, ал дұшпанына,
Қайсар болып, табынбасын!
– Бәрекелде! Десті қалың жұртқа төрде отырған Байжан ата. Төраға риза болып, ақынды шаршы топтың ортасынан көтеріп, қошемет көрсетті. Ақын Нартай содан түні бойы жырлады. Жұрт ұйқыны ұмытты, сәлден соң ақын жас нәрестеге ақ бата толғауын жалғастырды. Бұл 1943 жылдың 20 қазаны, яғни менің дүниеге келген күнім екен, – деді Абай өткен күндерді еске алып.
Ол оқиға қалай өрбіген еді?
Бірде қала іргесіндегі «Ақсуат» ауылындағы құда-жегжаттар бас қосып қалдық. Шиелідегі Нартай ауылынан Абай Баукенов атты ардагер ортамызда отырған. Ұзын бойлы, жасы жетпіске таянып қалған азамат көрінді, әңгімешіл екен, көне сөздің құймасына бәріміз құлақ түрдік. Күні бойы Нартай жырларымен сусынымызды қандырғандай болды.
– Менің алдымда ұл-қыздар шетінеп, бала тұрмапты. Ата-анам әуелде атымды Ибрагим қоюға келіскен көрінеді. Ақын Нартайдың үйге келуіне орай, атымды Абай қоюға Нартай ақын жыр арнап, бата берсе керек. Содан Абай болып шыға келдім, – дейді зейнеткер Абай Баукенов.
Иә, қазір Абай Баукенов Нартай ауылында тұрады. Жиырма жылдан астам осындағы №156 орта мектепте директорлық қызмет атқарып, зейнетке шыққан көрінеді.
– Менің әкем соғыс жылдарында осы ауылда көп жыл төраға болды. 1935 жылы Мәскеуге барып, М.И.Калининнің қолынан «Құрмет белгісі» орденін алды, «Қазақстанның 15 жылдығы» медалінің иегері болды.
Ауылда ақын Нартаймен бірге Әбділда Тәжібаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Әзілхан Нұршайықовтармен талай рет кездесулер болды. Әкем марқұм бірде:
– Әбділда мына Абайды ертіп Алматыға барамын. Оқуға түсуіне көмектесесің, – деп қолқа салғанда:
– Әкеліңіз! – дегені құлағымда қалды. Бірақ Алматыдан дәм-тұз бұйырмай Қызылорда пединститутының тіл әдебиет факультетін бітірдім, – дейді Абай Баукенов.
Көненің көзі, зейнеткер әлі қуатты. Әдебиет пен өнерді жанындай сүйеді, ақын-жырлардың туындыларын шемішкедей шағады. Ал, ақын Нартай жайында талай таңға жетерлік естелігі таусылмайтын тәрізді. Ақынның суырып-салма өлеңдері әлі де ел аузында, соларды топтастырса бір жинақ болар еді. Әттең, соған құлшыныс білдірер жанкүйерлер болса, біз көмектесуге әзірміз, – дейді Абай.
Ауылда тұратын осы бір зейнеткер азаматтың кездесу сәтіндегі толғанысы мені де таңырқатып, ой қозғауға итермелей түсті. Жаны жайсаң осындай азаматтар ел ішінде әлі де жүр-ау. Біз солардың естеліктерін зерделей түссек, көп нәрсенің сыры ашылмасына кім кепіл?! Ал Нартай ауылында Абай сынды құймақұлақтардың көптігі күмәнсіз көрінгендей болды. Шіркін-ай, ақын Нартайдың беймәлім жыр толғауларына жол ашсақ, кәнеки!
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, ардагер журналист.
Қызылорда.