СӨЗ БАСЫ: Қара көзілдірік киген үш бала құлын дауыстары шырқырап ән айтып тұр. Ауаны тіліп өтіп, миыңның әлдебір қуысынан ұя салып жатқан дауыстары сай-сүйегіңді сырқыратады. Жон арқаңнан құмырсқа жүгіріп өткендей болып, жанарың еріксіз сулана береді. Айтып тұрғандары ән емес. Өздерінің өмірі. Тағдыр-тәлейлеріне жазылғанды ән арқылы жеткізіп тұр.
Қайтер едік өмірге келмегенде,
Көнеміз ғой, қайтеміз көнбегенде.
Төземіз ғой, қайтеміз төзбегенде,
Көлден тамшы бұйырмас, шөлдегенде,– дейді жандарын шүберекке түйіп. Әнді тыңдап отырып, үш баланың тағдыры көз алдыңнан өтеді. Жарық дүниеге келгенімен дүниенің жарық екенін көре алмайтын зағип балалар. Тумысынан туған анасына жанарын қадай алмаған жандар. Көкірек көздері сайрап тұрғанымен, таяқ тастам жердегіні көрмейтін, жанары суланбайтын тағдыр иелері. Кімді айтып отырғанымызды түсінген боларсыз?! «Сәт» триосы. Көздері көрмейтін үш баладан құралған топ. Біз сөз етіп отырған әні «Көнеміз ғой» деп аталады.
Өлі балық жолығар өлмегенге!
Өлмегенге не жетсін, өлмегенге!
Өмір деген осылай, жаным менің,
Қайтер едік өмірге келмегенде?! –
деп басталатын ән ешкімді де бейжай қалдырмайды. Тас дәуірінде өмір сүрмесек те, тасқа айналып бара жатқан жүректерді жібітетін ән. Мейірім атауы архаизм ұғымына жақындап қалған заманда көкіректегі бір жапырақ етті солқ еткізетін әуен. Адамдардың басынан аттап, мақсатына жетуді ойлайтын қатігез пенденің де көңіл пердесін желпитін жолдар.
Бір-біріне болысуды білмейтін, көз алдыңда адам өлтіріп жатса да, көрмегенсіп өте беретін күн болды. Құдай жалға берген жаныңды әзірейіл емес, пышағы жалаңдаған жаналғыштар жаһаннамға аттандыратын кез келді. Адамдар сөз көмектің өзін ойланып жасайтын мына уақытта үш бала былай деп әнін жалғайды.
Қақ бөлейік қайғыңды. Келісеміз.
Алауын да, уын да тең ішеміз,
Кезбе бақыт кездесіп қалса егер,
Тепе-тең ғып біз үшке тең бөлеміз!..
Ары қарай сөз жалғаудың өзі әбестік.
«Сәт» триосындағы балалармен тағдырлас адамдар Қазақстанда мыңдап саналады. Қадам басқан сайын олармен бетпе-бет кезігіп жатамыз. Бірақ олардың өмірі біз үшін қызық емес. Себебі етіміз өліп кеткен. Аяушылық атты сезімнен адамыз. Ал олар... Өмірмен күресіп жатыр. Тағдырдың тасқын толқынына төтеп беруге талпынады. Мына дүниеден өз орнын алуға ұмтылады. Жан-дәрменімен алға жылжиды. Біз бүгін осындай жанкештілікпен өмір сүріп жатқан бірнеше адамның жүріп өткен жолына үңілуге талпынып отырмыз. Аузымызға сөз сал, Алла!
НҰРМҰХАММЕД
Осы есімді естігенде Мұхтар Мағауиннің Ораз-Мұхаммеді еріксіз есіме оралды. Есіңізде ғой, «Аласапыран»? Қалғалыққа қалап отырған бала Ресей аттанып, сонда елін аңсап өтті. Нұрмұхаммед пен Ораз-Мұхаммедтің өмірінде ұқсастық жоқ. Дегенмен біздің Мұхаммедтің өмірі де аласапыранмен өтіп келеді. Ол – сезімдердің сапырылысы.
Менің сексеннің алтысына шыққан әжем «компьютерім мықты ғой» деп отырады әлі күнге дейін. Ықылым замандағы оқиғаларды қолмен қойғандай етіп айтып, пәлен келгенде түген қойдың басын мүжіп кеткеніне дейін соғады. «Қожайыным бар кезде» деп басталатын әңгімесін бала күнімізде етегіне оралып жүріп тыңдайтын едік. Ашаршылық кезіндегі әкесінің аң атып, бір елді аман алып қалғанын жыр етіп жеткізеді. Қай күні қанша қоян атып келгеніне дейін есінде. «Апа осының бәрін қалай ұмытып қалмағансыз?» – дейміз таңғалып. «Менің компьютерім мықты ғой», – дейді ХХІ ғасырды көзімен көріп отырған кейуана. Компьютер дегені – жады. Яғни, ми.
Білетіндердің айтуынша, мида жеті миллионға жуық талшық болады екен. Әрқайсысы әртүрлі дүниеге жауап береді. Дыбысты айыру, есту, көру, бояуларды анықтау, жүру, тұру, отыру сияқты толып жатқан нәрсенің бәрі ми арқылы басқарылады. Былай қарағанда, қарапайым дүние сияқты. Бірақ Құдай тағала тіршіліктегі керек дүниенің бәрін мидағы талшықтарға байлап қойған. Біздің кейіпкеріміздің туғаннан қол-аяғы қимылдамайды. Сал ауруына шалдыққан. Медицина шырқау шегіне жеткен мына заманда оның емі табылмапты. Ата-анасы баласын Мәскеуге дейін апарған көрінеді. Ондағылар: «Ми талшығындағы семіп қалған нүктені адам баласы қалпына келтіре алмайды. Оған ғылымның да күші жетпейді. Ол – бір Құдайдың қолындағы іс» деп шығарып салыпты.
Нұрмұхаммед Әбілқасымов бүгінде Сырдария ауданының Шіркейлі ауылында ғұмыр кешіп жатыр. Жастайынан сал ауруына шалдыққан бала қатарынан кем болмауды ойлады. Жата-жастанып кітап кемірді. Білім жиды. Ол жер жүзіндегі екі жүз елдің атын жатқа соғады. Жер шарының картасын саусағыңызбен түртіп қалсаңыз, сол тұстағы елді бірден табады. География пәнінен «Мозамбикті тап» десе, қара терге малынатын едік бұрын. Ол иегімен қай елдің қай жерде орналасқанын тап басып нұсқай салады. Және олардың астаналарының да қай қала екенінен жаңылып көрген емес. Шахмат пен дойбыны керемет ойнайды. Шахмат тақтасындағы тастарды қарындасы қозғап отырады. Ол айтудан жалықпайды. Көрші-қолаң, ауыл-аймақ Нұрмұхаммедпен шахмат ойнауға талай келген. Солардың жеңіспен кеткені ілуде біреу.
Қазақтың қанында бар қасиет Нұрмұхаммедті де айналып өтпеген. Жылқы десе, жанын береді. Біреу сәйгүлікке сүйеп отырғызса, бәйгеге қосылуға бар. Өзі нағыз шаруа. Қорасындағы малдың түсін, түрін, олардың ата-тегін, қай жылы қай мезгілде туғанын жатқа соғады. Олардың мінез-құлқына дейін біледі. Дегенмен Нұрмұхаммедтің басты қасиеті, оның ақындығы дер едік. Өлеңді ақ параққа жазбайды. Телефонына тереді. SMS-хабар сияқты. Аузына таяқшасын қыстырып алып, телефонда өлең тергенін көрсеңіз, еріксіз таңғаласыз. Жылдам, шапшаң қимылына көзіңіз сүйсінеді. Кейіннен оның жазған өлеңдерін қарындасы Жұлдыз қағазға көшіреді.
Ақындық – Алладан берілетін қасиет. ҚазҰУ-дың журфагына түскен жылы айдарынан жел ескен талай ақынды көрдік. Көкірегін ашып тастап, Есентайдың жағасындағы ақ қайыңға сүйеніп тебірене өлең оқығандарды көріп, «өлең жазу қол емес екен» деген ойға келгенбіз. Кейіннен ой-таразысына салып қарасақ, солардың ақындығы аса керемет те емес сияқты. Талай адам ақынның образында жүрді сол кезде. Кейіннен ақындықты тастап кетті. Бұлай дегеніміз дұрыс емес шығар. Әсілі, асыл мұра өнер оларды тастап кетті. Ал қоларбаға таңылған азаматтың өлеңдері мен көрген ақындарға ұқсамайды. Тұрқы бөлек. Тұрпаты басқа. Өзіңіз де оқи отырыңыз.
Жолым менің құмшауыт,
Жүре келе жөнделер,
Жарам менің сыздауық,
Жарылған кезде емделер.
Алған жоқпын мен қалап,
Дертті болсам, кем көрер.
Талай жандар шыдамай,
Сергелдең боп сенделер.
Тұрса тосып жүз қауіп,
Өтем сүрлеу із тауып,
Кім біздерге тең келер?!
Ойды, қырды көп кезген,
Ойланыңдар, пенделер!
Ол өмірге құштар. Жасып, жасқанып көрген емес. Қайта үлкен армандарға құлаш сермейді. Басты арманы – соңында тұяқ қалдыру...
НЫШАН
Шерхан көкемнің (Мұртаза) мынандай нақылы бар: «Жолбарыс пен журналисті аш қоюға болмайды». Мамандығымызға сәйкес (аш қалмаудың амалы деп қабылдасаңыз да болады – Е.Б.) талай адамды көріп жүрміз. Талпақ танау, жалпақ бет, шығыңқы бұғақ шенеуніктерді де, алақанынан адал еңбектің иісі аңқитын шаруаны да жолықтырдық. Жердегі «жарты құдайлар» көбіне көмекші ұстайды. Емен есікті ашуға қиналады. Сондайда: «Құдай бұларға не үшін қол берді екен?» деген қысыр ой келеді. «Асылы, құнды құжаттарға қол қою үшін шығар». Әлгі ойдың артынан санада сумаң ете қалатын жауабы бұл.
Келесі кейіпкеріміз екі қолдың қадірін жұрттан артық біледі. Өйткені екі қолы иықтан жоқ. Есім-сойы – Нышан Сексенов. Бұрынғы – Ленин, қазіргі Тұрмағамбет ауылында тұрады.
Нышан – өсіп-өнген әулеттің ұланы. Отбасында он бала бар. Бұл – сол онның екіншісі. Әке-шешесі қызылдың құмында мал бақты. Дегенмен олардың осы Нышанға деген көңілдері ерек еді. Басқа балалардан артық санап, үнемі қамқорлық танытатын. Нышан өзіне деген ерекше қамқорлықты сезінгенімен, басқа балалардан кем болмауға, өзінің кемтарлығын білдірмеуге барынша талпынды. Өз қатар-құрбысымен мектепке бара алмады. Дей тұрғанмен, кешігіп болса да, мектеп партасына жұртпен бірге отырды. Башпайының арасына қаламсапты қыстырып жазуды үйренді. Құр үйреніп қойған жоқ, маржандай әріптерді әспеттеп жазуды өзіне міндет етіп санады.
Ауылында Тельман Мейірханов деген адам тұрды. Жалғызбасты еді. Нышанның ата-анасы сүт пен айранын сол кісіге күн сайын беріп, көмек көрсетіп отыратын. Нышан иығына ілген дорбасына сүт, айран, ірімшік, майын толтырып алып, екі үйдің арасын сүрлеу ететін. Тельман аға техниканың тілін жетік білетін маман-тын. Кемпірауыз тісін кетік еткен теледидар, табаны күс-күс болған темір үтік, дырылдап бүкіл үйдің берекесін алатын мұздатқыш сияқты толып жатқан тұрмыстық техника бұзылған сәтте ауылдағы ағайын Тельман ағаның үйін бетке алатын. «Шипалы қолы» тиген техника сол мезетте «дертінен айығып» сала беретін. Нышан Тельман ағаның үйіне барған сайын оның көзілдірік киіп алып, әлдебір затты шұқылап отыратынын көретін. Алғашында балалық қызығушылықпен Тельман ағаның жанында айналсоқтап жүрді. Қызық қой, бүкіл ауыл білмейтін нәрсені Тельман ағасы біледі. Зейін салып қараса, бұл өмірлік кәсіп екен. Содан ағасына техниканың тілін үйретуді өтінді. Өмірде көргені мен түйгені көп ағасы қарсы болмады. Әр заттың атын айтып, орналасқан жерін ыждағаттылықпен көрсетіп, баланы кәсібіне баули бастады.
Содан аяқтың саусақтарының арасына құрал-сайманын қыстырып техника жөндеуді бастап кетті. Алғашында үйдегі тоқтап қалған сағатты жөндеп көрді. Оңай емес, әрине. Қол мен аяқтың атқаратын қызметтері әр басқа. Қол баратын жерге аяқтың башпайлары сыймай жатады. Бірақ осы кәсіпке әбден берілген, жан-тәнімен кіріскен Нышан орта жолдан тоқтаған жоқ. Асқан еңбекқорлықпен жұмысын жалғастыра берді. Ақыры кәсіпті меңгеріп алды. Алғашында ағайын-туған мен көрші-қолаңның тұрмыстық техникаларын жөндеп жүрді. Кейіннен оның бұл қабілетін естіген ауылдастары келе бастады. Сөйтіп, өзінің де Тельман ағасы сияқты маман болғанын байқамай қалыпты.
Қатарластарынан кешігіп мектепке барғанын айттық. Ол заманда қазіргідей тест деген дүние жоқ. Менің бір ағам айтады «қазір мылқау оқитын заман, сұрақтардың жауабын нұқи салсаң болды» деп. Сол секілді ол кезде мектеп бітірушілер жазбаша емтихан тапсыратын. Нышан аяғымен жаза алғанымен, емтиханда олай етуге болмайды. Содан қамқор ұстаздары оған емтиханды ауызша тапсыруға рұқсат берді. Ол сананы жаңылдыратын алгебраның түрлі сандарын, физиканың шым-шытырық заңдылықтарын, геометрияның сызбаларын жаттап алды. Тарих пен әдебиетті де санасына қаттады. Сөйтіп, мектепті бітіріп шықты. Білген адамға, бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Тарихи даталар мен физиканың заңдылықтарын қатар жаттап, оны есте ұстаудың өзі миға кәдімгідей салмақ салады. Ал Нышан соның бәрін жаттап алды. Әлі күнге дейін естен шығармаған.
– Мүмкін, – дейді ол, – бұрын көйлек-шалбар кие алмайтын кемтарлығыма қорланған да шығармын. Бірақ ата-анамның жүрек жылуы мен бауырларымның қамқорлығының арқасында өзімді ешкімнен кем санаған жоқпын. Бұл да – бір тағдырдың басқа салған қатал сыны. Алланың жазғанына пендесі құлдық ұруы керек. Басқа амал қайсы?! Дегенмен қандай қиындық болсын, оны еңбек арқылы жеңуге болатынына көз жеткіздім бүгінде.
Абай атам айтады «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан». Жаратқанның әмірімен екі қолы иықтан жоқ болса да, Нышан өмірдегі кірпіш болып қаланатын тұсын тапты. Бастысы да – осы.
СЕРІКБОЛ
Студент кезімізде республикалық басылымдардан Серікбол Қондыбай атты автордың мақалаларын сүйсініп оқыдық. Өзі Маңғыстаудан жазады. Басты ерекшелігі – өзгелер секілді ойламайды. Ойлау шеңбері басқа. Әрбір оқиғаға басқа қырынан келеді. Жаңа тұжырымдар ұсынады. Бір ғана байрақ төңірегінде жазылған мақаласы естен кетпейді. Сақ-ғұн замандарынан бастап толғап, Сүйінбай жырлайтын «Бөрілі менің байрағым, Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деген жырдағы бөрілі байрақтың сипатына дейін тоқталып, оның шығу тарихын терең зерттеп, жеткізеді. Энциклопедиялық білімі сұмдық. Мақала авторының кім екенін біле жүру кәсіби әдет қой. Серікбол туралы сұрастыра бастадық. Мамандығы – географ. Алматыдан бітірген. Аспирантураға қалуға мүмкіндік болғанымен, ауылдағы ата-анасына қарайласу үшін ару қаланы тастап кеткен. Елде жүріп біршама еңбек етіпті. Бірақ жалындап тұрған шағында жол апатына ұшырапты. Сөйтіп, төсекке таңылған екен. Сол жігіт небәрі 36 жасында өмірден озды. Бұл 2004 жыл болатын.
Біз сөз еткелі отырған жігіттің де аты Серікбол. Тегі – Шайықов. Қызылорданың Қазалы ауданында тұрады. Тумысынан зағип. Маңғыстаудың Серікболы маңдайына тағдыр жазған сызықпен төсекке таңылса, біздің Серікбол туғаннан жарық дүниені көрген жоқ. Тағдыр екеуін де аямаған. Бірақ екеуі де – жазмышқа мойынсынбай, жігерін жанып, өнерін дамытқан адамдар. Асау толқынның тепкісінде кетпей, өз сүрлеуін салған азаматтар.
Серікбол Шайықов бала кезінен музыкаға әуес болды. Жастайынан жанына баянды серік етті. Ол сызылта ән салғанда тебіренбейтін жүрек болмайды. Еріксіз қалтаңнан бет орамалыңды суыра бересің. Әннің иіріме түсе біледі. Иірімі табылған ән буын-буынды босатып, жаныңа жылылық сыйлайды.
Ол тек қана әнші емес. Сазгерлігі де бар. Ол шығарған әндер халық арасына тез тарайды. Ауыздан-ауызға көшіп, халықтық сипатқа ие болып кетеді. Сондай әндерінің бірі – «Бәріміз де бірдейміз» деп аталады. Әннің аты айтып тұрғандай, пенденің пендеден айырмасы жоқ. Алланың алдында бәріміз бірдейміз. Бай да, кедей де, хан да, қараша да Құдайдың алдында бірдей. Ешкімнің ешкімнен артықшылығы жоқ. Мақшар күні сенің атағыңа, ақшаңа, дәулетіңе, денсаулығыңа қарамайды. Барлығымыздың ісіміз таразы басына тең тартылады. Ән осыны айтады. Естір құлақ болса, дүниенің жалған екенін жеткізеді.
Жастайынан әнге ғашық болған Серікбол аудандағы музыка мектебіне қабылданды. Зағиптығы кедергі болған жоқ. Талантты жастың талабын мейірімді жандар дер кезінде байқаса керек. Бүгінде ол аймаққа аты жайылған әнші. Оның концерттерінде ине шаншар орын болмайды. Халық Серікболды аяғаннан келмейді. Рухани ләззат алу үшін, шын өнердің қайнарынан қанып ішу үшін, ішіндегі шерін тарқату үшін жиналады.
Ол республикалық сайыстарда да топ жарып жүр. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында фестиваль өтеді жыл сайын. Сонда екі рет олжалы болды. Сондай-ақ «Жас талант» байқауында да жеңіске жетті. Қысқасы, жігерін жаныған, жұрты таныған жігіт өмірдің айдынына кемесін салды. Енді желкенінен жел ессін деп тілейік.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.