14 Сәуір, 2017

Туған жерге тарту

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Басқаларға үлгі еткің келіп тұра­тын Азаматтар болады. Мінезі – кесек, тұлғасы – нар, істеген ісі – зор. Ол басқаларды жақсылығымен жа­рылқап, шапағатына бөлеп жүреді. Жаратылысынан атаның емес, адам­ның баласы. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген көпке жанашыр таби­ғаты тағы бар... Елбасы күні кеше «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айт­қандай: «Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен ат салысу – шы­найы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі». Осы орайда, туған жерге деген адалдығынан ай­нымай, онысын маңдай терімен дәлелдеп келе жатқан бір азамат туралы айтарым бар еді...

Туған жерге тарту

Былтыр кеңсесіне бір шаруамен іздеп барғанымда, Талғат Байшолақов үстелінің үстіне етектей-етектей қағаз­дарды жайып тастап, ойлана көз салып тұр екен. Зады, табиғатынан томаға-тұйық, сөзден гөрі іске ұста Тәкең сол кезде шешіліп бір сөйлеген. Марқұм ағасын – самбо күресінен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Қанат Байшолақовты, Жаңаарқадағы бал­дәурен шағын, атақты «Жас сұңқар» спорт мектебінде жаттыққан кезін еске алып, көңіл шерін тарқатқан.

Дәл сол сәтте мен осы Талғат Бай­шо­лақовтың өткен ғасырдың 90-шы жылдарында өзі түлеп ұшқан «Жас сұңқар» спорт мектебін облыс орталығы – Қарағандыға көшіріп әкелгенін есіме алдым. Иә, ол кез «Балапан басы­на, тұрымтай тұсына» кеткен аума­лы-төкпелі заман еді. Қаланы айтпа­ған­ның өзінде, аудан орталықтары мен ауылдардағы әлеуметтік нысандар құрылыс материалы ретінде тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетіп жатты. Сау қалғаны ойын-сауық орта­лықтарына, малтапқыш мейрам­хана-дәмханаларға айналып шыға келді. Спорттың маңайындағы мамандар мен жаттықтырушылар таяқ ұстап қалған еді сол кезде...

Міне, сол уақытта кәсіппен айналысып жүрген Талғат Байшолақов та Қарағандыдағы бос тұрған ғимараттан қолма-қол мейрамхана немесе дүкен жасаса, пайдаға кенеліп қалары сөзсіз-тұғын. Бірақ, ол әлгі ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, «Еңбек» деп аталатын спорт кешеніне айналдырды. Сөйтті де, Жаңаарқадағы құлаудың сәл-ақ алдында тұрған «Жас сұңқар» мектебін қалаға көшіріп әкелді. Қазір «Жас сұңқар» күрес түрлері мектебі» деген жаңа атауы бар бұл мектеп облыстағы күрес өнерінің құтты ша­ңырағына айналған. Ержан Шынкеев бастаған қазақ күресінің қара нарлары дәл осы мектепте шеберлік ұштайды. Осы ұядан түлеп ұшқандардың алды әлем чемпионы болды, Азияда топ жарды. Күреске енді келген жас өскіннің кілем жағалап жүргені қаншама?!

Енді жоғарыдағы әңгімеге ат басын бұрайық. Талғат Байшолақов өзінің жаңа жобаны – өмірлік мақсаты деу­ге болатын шаруаны қолға алғанын айтты сол жолы. Ол – Қарағандының қақ ортасынан өз қаржысына жаңа спорт кешенін салмақшы екен: «Қанат Байшолақов атындағы спорт сарайы».

Елбасы «Егемен Қазақстандағы» «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында туған жер, өскен ортасына көмек қолын созып жатқан жандардың атына жылы лебіз білдірді ғой. «Туған жеріне көмек жасаған жан­дарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек», деді Елбасы. Шынында да, облыс басшылары жақ­сы істің басында тұрған азаматты қол­тығынан демеп жіберсе де болар еді. Сол спорт сарайын ағайынды Бай­шолақовтар ешқайда арқалап кетпейді. Қызығын, игілігін саламатты өмірге құлаш сермеген қазақтың баласы көреді емес пе?!

Президент жалпыұлттық патрио­тизмнің нағыз өзегіне айналатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге, ор­тақ Отанымыз Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Талғат Байшолақов сынды азаматтың жасап жүрген еңбегі осындай болашағы зор ұлағатты бастамаға мысал. Әр азаматтың туған жерге деген махаббаты ол одан қанша ұзап кетсе де өшпек емес. Бұл кез келген адамға тән қасиет. Елбасының «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кә­сіпкерлерді, шенеуніктерді, зия­лы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек», – деген сөзі де осы орайда айтылғаны һақ. «Елім маған не береді?» деп емес, «Мен еліме не беремін?!» деп еңбек ететін, алға ұмтылатын сана қажет. Еңсесін енді тіктеген тәуелсіз еліміз сонда талай рухани да биіктерден кө­рінері сөзсіз!