Несие алу неге қиын?
Мәселен, шекараның шебіндегі, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі Катонқарағай ауданында кооператив құрып, жұртпен бірге жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуге даяр азаматтардың қатары баршылық. Соның бірі – 20 мүшесі бар «СПК Тайшы» кооперативінің басшысы Жомартқан Күндебаев. Ауыл тұрғындарының көпшілігінің ақ адал малын амалдың жоқтығынан алыстан келетін алыпсатарларға арзан бағаға сатып жүргені белгілі.
– Тараз, Шымкент жақтан келетін алып-сатарлар сиыр етінің келісін 600-700 теңгеден бағалап, бұзаулы сиырды 120 мыңға алып кеткен кездері де болды. Қыл құйрықтының да құны қалмады. Құлынды биені әрі кетсе 250 мыңға алады. Қойдың бағасы 20-25 мыңнан аспайды. Халыққа обал ғой. Өскемен бізге 350 шақырым. Барып-келгенің – 700 шақырым. 70 литр бензин жағып барып-қайтасың, оның үстіне етті өткізу қиын. Сондықтан ауылды жердегі халықтың малын оларды қалаға сабылтпай аудан орталығында қабылдаудың жолдарын ойластыру қажет секілді, – дейді Жомартқан Күндебаев.
Жомартқан Күндебаев тері илеу зауытын да ашпақшы болып, жоба-жоспарын әзірлеп, бастамасы аудан, облыс басшылығы тарапынан қолдау тауыпты. Қытайдан арнайы кісілер келіп, бизнес-жоспарымен танысып, қызығушылық танытыпты. Кейіннен олар кәсіпкерге хабарласып, бизнес-жоспарын интернет арқылы жіберуді өтінгенімен, соңынан өздері хабар-ошарсыз кеткен.
Катонқарағай ауылындағы «Мәди» шаруа қожалығының басшысы Тілеухан Тоқтасынов та кепілдіктің зардабын тартып отыр. Айран, сүт өндіретін шағын зауыт ашуды жоспарлаған азамат несие алмақ ниетпен Өскемендегі бірқатар банктердің есіктерін тоздырыпты. Сосын жобасын жылы жауып қойған көрінеді.
Банктер елге бет бұра ма?
Кепілдік мәселесі ауылдағы талай шаруаның көңілдерін су сепкендей басып отырған жайы бар. Әсіресе, қолында азын-аулақ малы бар шағын шаруашылықтарға қиын тиіп отырған секілді. Катонқарағай ауданының Топқайың ауылын-
дағы «Салтанат» шаруа қожалығының басшысы Қаршыға Мәмиеваның 30 шақты ірі қарасы бар. 2012 жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы несие рәсімдеп, жайылымы, шабындығы бар мың гектар жерді жалға алыпты. Ангус тұқымды бұқа сатып алып, малды асылдандырғысы, мал бордақылау алаңын ашқысы келетінін айтқан ауыл тұрғыны ойын іске асыруға кепілдіктің кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
– Катонқарағайда негізінен ағаш үйлер салынады. Мұны банктер дұрыс есептемей отыр. Үлкен деген, төрт бөлмелі үйдің өзін 1 миллионға бағалайды. Бұл ақшаға не келеді? Мәселенің барлығы кепілдікке келіп тіреліп тұр. Қалада бізге ешкім үйін кепілдікке бергісі келмейді. Ауылда мал мен жерден басқа не бар? Банктер жерді кепілдікке алғанымен, оны да төмен бағалап отыр. Қымбат болуы үшін жер біздің меншігімізде болу керек екен. Малды да кепілдікке қойдырады. Бірақ үлкен сиырларды кепілдікке қоюға рұқсат бермейді. Тек 1 жастан 2 жасқа дейінгі жас малдарды ғана алады. Бізде 7 ай қыс. Малды қыстан шығармақ түгіл, өзіміз қыстан әрең шығамыз. Етті қалаға жеткізу де қиын. Біздегі малдар көбіне табиғи жолмен семіреді. Жасанды қоспалар өте қымбат. Техниканың бәрі ескі. Жөндеп есің шығады. Жанар-жағармай қымбат. Жем қымбат, – деген ол осындай таулы жерде, климаты қолайсыз аймақ тұрғындарына несиені 5 жылға емес, 10 жылға берсе, несие берген кезде қыстың қиындығы, жергілікті жердің ерекшеліктері ескерілсе, Үкімет тарапынан жеңілдіктер жасалса дейді.
Катонқарағайдағы үйлердің арзанға бағаланатынын аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Рақымғали Байгереев те жоққа шығармады.
– Мысалға Тарбағатай ауданын алайық. Үйлер 10 миллионға дейін бағаланады. Бізде үйлер әрі кеткенде 3 миллионға бағаланады. Оның өзі сирек. Біздің ауданда мәселе көп. Оны шешу үшін іргеміздегі Қосағаштағы секілді еркін экономикалық аймақ құру қажет. Сосын ауданға әкелінетін тауарларға жеңілдік жасалса. Әсіресе, салық жағынан. Сонда ғана халық көшіп келер еді, – дейді бөлім басшысы.
Екінші деңгейлі банктердің елдің есін шығарып, құжынаған құжат жинатып, әуреге салып отырғанын өзі де бұған дейін бірнеше несие алып, мал сою алаңын ашқан Катонқарағайдағы «Атамекен» шаруа қожалығының басшысы Тоқтасын Бәкімбаев та айтты.
– Үкіметке ешқандай өкпеміз жоқ. Жақсы бағдарламалар қабылдап жатыр. Субсидиясын да алып жатырмыз. Мәселе, Үкіметтің бағдарламасы мен халықтың ортасындағы екінші деңгейлі банктерде болып тұрған жоқ па? Сұрамайтын құжаты жоқ. 10 миллион теңге несие алу үшін 30-40 миллион теңгенің кепілдігі қажет. Күнін әзер көріп отырған ауылдағы жұрт оны қайдан табады? – деген кәсіпкер аймақта аусылдың шығуына байланысты соңғы 5 жылда басқа облыстарға ет шығаруға шектеу қойылғанын, мұның мал сүмесіне қараған шаруаларға қиын тиіп отырғанын жеткізді.
Құнсыз өнімде қайтарым бола ма?
Мал өткізу бұрын өз алдына жеке аудан болған Марқакөл өңірінде де өзекті мәселеге айналып тұр. Қысы 8 айға дейін созылатын өңір тұрғындары қалаға мал апарып сатуды да ұмыта бастағандай. Себеп белгілі. Жер шалғай, жол нашар. Апарған малыңның жарты ақшасы жол шығынына кетеді. Сосын не істейді халық? «Іш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқ» болған соң, амалсыз алыстан келетін алыпсатарларға өткізеді. Сиырын – 150, құлынды биесін – 250, жабағысын 60-70 мың теңгеге сатуға мәжбүр.
– Бұрын аудан орталығы болған Теректі ауылы мен қазіргі аудан орталығы Күршімде мал сою алаңдары ашылады деп еді. Тезірек ашылса жақсы болар еді, – дейді Марқакөлдің түкпіріндегі Төсқайың ауылының тұрғыны Есенгелді Нәзбиев.
Әрине, Шығыс Қазақстанның барлық ауылдары алыпсатарлардың арбауына түсіп, санын соғып отыр деуге келмес. Мәселен, Үржар ауданының тұрғындары түлігін қалаған бағасына өткізіп жүр.
– Біздің ауданда малды өткізу жағынан мәселе жоқ. Ауыл тұрғындары малын аудан орталығында сата алады. Ауылға арнайы барып, мал сатып алатын адамдар да бар, – дейді Егінсу ауылдық округінің бас маманы Өмірбек Исабеков.
Бірдей бағалау әділет пе?
Облыс орталығына жақын аудан тұрғындары малын қалаға жеткізудің емес, өткізудің қиямет-қайым екендігін айтады. «Өскемен жақын ғой. Тез-ақ жетіп барасың. Әрі кетсе барып қайтқаныңа 20 литр бензин жағарсың. Мәселе – онда емес. Мәселе – базардағы ет алушыларда. Апарған етіне сол малды өсірген қожайын емес, базардағы сатушы әйелдер қожайын. Солардың айтқаны заң. Дегеніне көнбесең, етің дұрыс өтпейді» дейді Өскеменге 60 шақырым Алғабас ауылында тұратын Жұмабек Жәпішев.
Алыстағы аудан тұрғындарымен пікірлескенімізде көпшілігінен: «Облыс орталығы – Өскемен тым шалғай. Оның үстіне базарда етті дұрыс қабылдамайды. Сатушылардың ет әкелетін өз адамдары бар. Соларды тосып отырады. Біздің етімізді төмен бағамен алады. Сосын қалаға барғың да келмейді» деген сөздерді естідік. «Сатушылар бұған не уәж айтар екен?» деп Өскемендегі орталық базарға барып, сатушылармен тілдестік. Атын айтпауды өтінген бір сатушы аудандардан малды қабылдамайтынын, өзінің ет әкелетін адамдары бар екенін жасырмады. Тағы бір сатушы облыстың қай түкпірінен мал әкелсе де қабылдайтынын, ешкімге шектеу қойылмайтынын айтты. Дегенмен, сатушылардың көбінің келіскен адамдары бар екенін, базарға шаруа қожалықтарынан тікелей мал әкелетіндердің сирек болатынын, негізінен алыпсатарлармен жұмыс істейтіндіктерін жеткізді.
Түйін
Облыс орталығынан шалғай жатқан ауыл тұрғындардың пікірі аудан орталығында малды, малдың етін қабылдайтын арнайы орындар ашылса, қаладағы базарлар алыс аймақтарда тұратын халықтың түлігін жоғары бағамен қабылдаса дегенге саяды. Несиені ресімдеу кезінде қағазбастылық азайса және банктер кепілдік сұрағанда шалғайдағы аудандарға жеңілдіктер қарастырылса дейді.Сондай-ақ, субсидиялау кезінде сараланған тарифтерді енгізу қажеттігін айтады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Есімхан ОРЫНБАЕВ
Шығыс Қазақстан облысы