Әдебиет • 14 Сәуір, 2017

«...Ғибрат алар ұрпағы ғұмырынан...»

462 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

​Ол кісінің азан шақырып қой­ған есі­мі – Дайрабай! Сыр еліндегі барша жұрт әйгілі Сырдария өзенін «дария, дайра» деп те атайды.

«...Ғибрат алар ұрпағы ғұмырынан...»

Қазақ өз сәбиіне есім берерде әр­түр­лі жағдайларды себеп етіп, соны ырым­дайтыны ежелден бар әдет! Біз­дің аға-дос Дайрекең де жарық дү­ние­ге шыр етіп келген сәтте ата-ана­сы осы Сырдариядай шалқар да кең, асау да арынды болсын деп ойласа ке­рек-ті. 

Десе дегендей, бүгінде жігіт ағасы жа­сындағы Дайрабай Ысқақ­ұлы – өне­ге­лі ғұмыр кешіп, артына тамсана ай­тардай жақсы істер қалдырумен ке­ле жатқан жай­саң азамат. Сонау, 1970 жылы Алма­тыдағы халық ша­руа­шылығы инс­титутын ойдағыдай тә­мамдаған соң, үлкен еңбек жолы бас­талып жүре берген. Сол баспалдақ жол бұл күнде дара жолға ұласқандай. Отбасын құрды. Сүйікті жары – Балтагүл Бәйімбетқызы екеуі тағ­дыр жа­растырғалы бері екі ұл, екі қыз сүй­ді, сол ұрпақтарынан ондаған не­ме­ре сүйіп, ардақты ата-әже болып отырғаны тағы бар.

Бұл ретте, Дайрабай аға – расымен ба­қытты отбасы иесі! Ар­дақты ата, абыройлы азамат, дос-жаранның ор­та­сында сыйлы жан!

Әрине, ер-азаматтың болмысын ба­рынша асқақтатар айнасы – оның елі­не, халқына сіңірген қыз­меті! Мы­на фәни жалғанда ұзақ жасап, бі­рақ кейінгі ұрпақ еске алар ештеңе де бі­тір­­мей, елең-се­лең­мен өтіп кететін­дер де бар­шы­лық. Ал Дайрабай Ыс­қақ­ұлы – өз тағдырының қожасы, өзі­нің ал­­дына қойған мақсатына жету­ге әр­­­дай­ым талпынып, қай кезде де сәт­­ті­ліктермен қауышып отырған екен.

Еңбек жолын Сыр елін­де­гі қаржы саласында қара­пай­ым қызметтен бастап, осы об­лыс­тың қаржылық ба­қы­­лау бас­қармасының басшысы дең­гейіне дейін көтеріле алды. Одан соң салық саласына ауысып, бұл ба­ғыт­та да өнімді еңбек ете білді, биік лау­азым­дарға қол жеткізді. Қолынан іс ке­­летін білікті азамат екенін барын­ша көрсете алғанын атап айтса артық емес.

Дайрабай Ысқақұлы Қызыл­орда, Орал, Шығыс Қазақстан, т.б. облыстарда да қаржы-салық сала­сын басқарған кездерінде өзінің ізденімпаз, елгезек, талапшыл қасиет­терімен көзге түскен. Өзі атқа­ратын саланың да­мып-жетілуіне, жаңа­рып отыруына үне­мі ынтық болғанын сол тұстарда қа­тар қызмет істеген аға-достары да куәлік етер-ді.

Орал топырағында қызмет еткен шағында тығыз араласқан аға­сы Н.Есқалиев бір жазбасында: «...об­­лыстық бюджеттің саналы ат­қа­ры­­­л­уына, тиімді игерілуіне, тиі­сін­ше ба­­қылауын орнатып, сауатты қам­та­ма­сыз етіп, өңірдің өсіп-өр­кен­деу­іне қосқан үлесі ай­рықша болды», деп ба­ға беріпті. Бұл ғана емес, Дай­рабай ағаның Шығыс Қазақстан өңі­рінде атқар­ған өнегелі істерін сол кез­де өңірді басқарған Ә.Бергенев те аса ризашылықпен еске түсіреді. «...Жай­дары, ақжарқын мінезі бауырмал көпшіл көңілі және кішіпейіл әрі кең пейілі ойға еріксіз орала береді», деп сағынышпен жазыпты. Қызылорда облысының қаржы басқармасын ұзақ жыл басқарған әріптес-досы Қ.Әжі­бе­­ков те Д.Ысқақұлы туралы тебірене-толғана сөйлейді. «Дай­рабай өз ісінің білікті маманы болумен бірге, көп­т­еген қоғамдық жұмыстардың да ұй­ытқысы бола білген бесаспап жан, он­дай елеулі істерін тап бүгін санап та­уысу мүмкін бе?» деп бағалар-ды.

Әр жылдарда аралас-құралас бол­ған, қазір де аса сыйласты жандар – М.Ауанов, А.Айдарбаев, С.Мұс­та­фаев, Б.Ахметов, А.Құр­ман­­ға­ли­ев, т.б. кісілердің айтар тілегі, біл­дірер жақ­сы лебізі көл-көсір әрі барынша көп. Олар Д.Ысқақұлы туралы тек қана жақ­сы ниетпен, ыстық ықы­лас­пен сөйлейді. Міне, мұның өзі де асыл азаматтың бейнесін асқақтата түс­се керек.

Сол сыйласты көп дос-аза­мат­тар­дың ішінен республикаға ең­бек сі­ңір­­ген дәрігер Бақтығали Ах­ме­тов­тің мы­­на арнау жырының бір үзігі кө­зі­міз­­г­е оттай басылған.

Жансың ғой заманадан

сыр ұғы­н­ған,

Ғибрат алар ұрпа­ғың

ғұмы­рың­нан,

– деп тө­гіле жырға қо­сыпты оны.

Осы өлең жолдарын оқығанда ме­нің есіме атақты ақын ағам, марқұм Сей­­сен Мұхтарұлы түсе береді. Ол осы Дайрабай ағамен түйдей құрдас, жа­­қын араласқан жандардың бірі бо­латын-ды.

Көзі тірісінде бір жолы Д.Ыс­қақ­ұлы туралы айта келіп:

– Бұл жігіт қаржы-салық сала­сы­ның аса білгір маманы екеніне дауым жоқ, алайда, мен үшін ол – жаны нәзік, ақын­жанды азамат. Әдебиетті, оның ішін­де поэзияны қатты қадірлейді, көп ақындардың жырларын жатқа оқи­ды, – деп сыр тарқатқан-ды.

Ақынжанды, өнержанды екенін біз де өз көзімізбен көріп, өз кө­ңі­лімізге әл­де­неше рет түйгенбіз де.

Дайрабай ағамен көп жылдан бе­рі таныспыз, аға-доспыз! Ол кісі Сыр елін­де бақылау-ревизорлық бас­қар­ма бастығы болған тұста бірлесе жұ­мыс істеп,  сол еңбегінің кейбір кө­ріністерін қағазға түсіріп, облыстық га­­зетте бірнеше ойлы мақалалар жа­рия­латтық.

Соның бірі әлі күнге есімде. Өткен ғасырдың 80-жылдарының іші еді. Бір күні Дайрабай ағам телефон шалды.

– Білесің бе, біздегі Макаренко атын­дағы балалар үйі бар емес пе, сол мекемеден ши шықты. Бала­лар­ға бө­лінген қаржы талан-тараж-ға түсіпті. Тек­серу қоры­тын­ды­сын ертең шы­ғар­мақпыз, бірге барсақ қайтеді, га­зет­ке жазып, елге жария етсек деп едім, – деген.

Іздегенге – сұраған! Бардық. Көрдік. Естідік. Анау-мынау емес, миллиондаған қаражат желге ұшқан. Жо-жоқ, желге ұшқан жоқ, кейбір пысық­айлар­дың қал­тасына түсіп үлгерген, қа­қал­май-шашалмай жұта беретін жем­қорлардың тамағында кеткен. Ұял­май-қызармай қылғыта беріпті-ау сабаздарың! Жүрегіміз ауырып, бой­ымыз дел-сал болып әзер жеттік өз үйімізге. Айтарға тіл жоқ! Сұмдық қой бұл! Басқа-басқа онсыз да тумай жа­т­ып тағдыр тоқпағын көріп, жаны шы­р­қырап өсіп келе жатқан жауқазын жас буынның  несібесіне қол сұғу де­ген – неткен қаражүректік, неткен сал­қынсезімдік?!

Сол күні түнде «Жүрегі жоқ адам­дар­­дан қорқамын...» деген көлемді ма­қала ақ қағаз бетіне түскен-ді, ол екі-үш күннен соң облыстық газет­те Дайрабай аға екеу­міздің атымыз­дан жария­лан­ған-ды. Мақала ба­сы­лы­сы­мен-ақ телефон соғып, ақша же­ген арсыздарды кінәлап сөз айтқан, олар­ға тиісті жазасын беру керек деп үн қатқандардың санын санап бол­мас­тай-ды!

Әрине, осындай ел ішін бір-ақ күн­де дүр сілкіндірген жазбаның өмірге ке­луіне тікелей себепкер – менің Дай­ра­бай ағам-ды. Одан бұрын да, одан кейін де бұл салада қызмет еткен, өз ісін адал атқарған жандар мол-ақ, бі­рақ олардың қай-қайсысы да тап Дай­рабай Ысқақ­ұлы секілді ашық та жа­рия­лылықты ту етті, соған барынша тәу­е­кел ете алды деп ауыз толтырып ай­та алмасымыз тағы да рас!

Жақсы қызметкер болу – жақсы іс! Мақтаулы іс! Ал адал да ақ­жүрек азамат болып қалу – одан да асыл іс!

Көп реттерде біз кей азаматтар тура­лы айтқанда, осы екеуін қатар алып сөз ете бермейтініміз бар. Қыз­мет­те көп жетістіктерге қол жеткізіп, ел ау­зына іліккен жандарды біржақты мақ­­тап жатады екенбіз. Өз ісінің озық маманы болу мен өз заманының ары та­за, жаны жомарт, ізгілігі мол пер­зен­ті бола білу – құстың қос қан­а­тын­дай-ау, сірә!

Біз білетін Дайрабай Ысқақұлы – осы екеуіне де лайық азамат!

Сосын да болар, ол қай салада қызмет етпесін, кімдермен ара­ласпасын, әрдайым құрметке бөленіп, ар­тын­да жақсы сөз қал­дыра білген абзал жан екені тайға таңба басқандай көзге ұрып, алыс­тан менмұндалайды.

Зейнет жасына жеткеніне біршама уақыт болса да, Дайрабай аға еңбектен әлі қол үзген емес, әй­теуір өз көңілі­нен шығатын жұмыс болып жатса, еш тартынбайды, білек сыбана кі­рі­сіп кетеді. Ал одан да ерекше бір қа­сиеті – ол өзінің көргені мен түй­генін кейінгі жас ұрпаққа үйре­ту­ден жа­лықпайтын адам. Осы күні Дай­рабай Ысқақұлының ізбасар-шә­кірт­те­рі ондап, тіпті, жүздеп саналады де­сек, бұл артық айтпағандық болар, сі­рә!

Қашан көрсең де, қайда жолық­тыр­саң да, оның жанынан кісі үзіл­мей­ді. Ақыл-кеңес алып, «ағалап» жүр­ген жас мамандарды көптеп кез­дес­ті­ресіз. Ал оларды әңгімеге тарт­саңыз, тау­­сылмас дастан: сөзге сөз жал­ға­на­ды, қиялыңа қанат бітіреді; асыл аза­маттың шын бейнесін сонда ғана та­ни түс­кендей боласың!..

Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ,

жазушы


Соңғы жаңалықтар