Аймақтар • 14 Сәуір, 2017

Сұлтанмахмұт сабақ берген мектеп

441 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ХХ ғасыр басында Шығыс өңірінде біраз уақыт мұғалімдік қызмет атқарып, Катонқарағай, Зайсан, Тарбағатай аудандарында сабақ бергені белгілі. Биыл Катонқарағай ауданындағы бір кездері ақын сабақ берген Шыңғыстай мек­тебіне – 110, осы оқу ошағын сал­дырған Алаш ардақтысын осынау білім ордасына арнайы шақырған Әбдікәрім Ережеповтің дүниеге келгеніне 150 жыл толып отыр.

Сұлтанмахмұт сабақ берген мектеп

Осыған орай Өскемендегі А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «Алаш туы астында Күн сөнгенше сөнбейміз» атты мәдени шара өтті. Шара барысында Сәрсен Аманжолов, Баламер Сахариев, Бошай Кітапбаев, Құмаш Нұрғалиев, Оралхан Бө­кей, Әлібек Асқаров, Дидахмет Әшімханов сынды есімдері елге белгілі тұлғаларды түлеткен  мектепте әр жылдары сабақ берген мұғалімдер мен тәлім алған шәкірттер естеліктер айтты.

– Шыңғыстай мектебінде мықты дәстүр бар. Осы білім ордасынан мектеп бітіргендер арасынан қалам ұстап, жазушылыққа бет бұрғандар көп. Неге? Біреулер айтады: «Жомарт Нұрғалиев деген әдебиетші ұстазымыз болды. Сол кісінің мықтылығынан», деп. Ол кісінің мықтылығына күмәніміз жоқ. Бірақ ойлап отырсам, сонау 1914 жылдары бұл мектепке Сұлтанмахмұттың келуімен арада бір сабақтастық, байланыс бар сияқты. Кейін қазақ әдеби сынына Баламердің шығуы, содан соң Оралханның келуі, одан кейінгі Әлібек, Дидахметтердің әдебиетке тыңнан түрен салуы, осылардың арасында бір берік рухани байланыс бар, – деді кездесуде сөз алған жазушы, осы мектептің түлегі Әлібек Қаңтарбаев.

Осы мектепте оқыған Ербол Баян­ғазин Кеңес Одағында «КСРО халық мұғалімі» атағын 11 адам­ның алғанын, оның үшеуі елімізден, үшеудің бірі осы мектеп түлегі Құмаш Нұрғалиев екенін, бұл шаңырақты тәмамдаған түлектер арасынан 27 жазушы шыққанын айтып, кітапханаға өзінің Шыңғыстай ауылы туралы жазған кітабын тарту етті.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН



Соңғы жаңалықтар