Заманымыздың заңғар скрипкашылары Виктор Третьяков, Эдуард Грач, Захар Брон Ақбике Алғидың кәсіби шеберлігіне өте жоғары баға бере келіп, жас скрипкашының өзіне тән техникасын, музыканы ерекше қабілетпен сезінуін, әр шығарманың мәнін философиялық тұрғыда терең түсінуін өмірде көп тәжірибе жинақтаған кәнігі мамандар ғана қол жеткізе алатын жеңіске балады.
Бір ғажабы, Ақбике Алғи да музыканттар отбасында дүниеге келген. Скрипкада ойнауды бес жасында үйренген. Қазіргі таңда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Райса Мұсақожаеваның шәкірті.
Еліміздің және шет елдің белгілі өнер алаңдарында талантына талайды тәнті еткен Ақбикенің өзін әңгімеге тартқанымызда:
– Камералық залдың сахнасында мен алғаш рет өнер көрсеткелі отырмын. Сондықтан, аздап қобалжу бар, бірақ көрерменмен жүздесетін сәтке асығулымын. «Астана Опера» театры сахнасына шығу көп адамға арман. Соған қол жеткізгеніме қуанамын. Тыңдарманның И.С.Бах, В.А.Моцарт, К.Дебюсси сынды танымал композиторлардың әйгілі шығармаларымен қауышқанын қалаймын. Музыка – жан-жүрегіңнің күйі ғана емес, бұл – менің өмірімнің мәні. Менің басты мақсатым – нағыз музыкант болу, – деді.
Оның айтуына қарағанда, кеш бағдарламасына Н.Паганинидің, И.С.Бахтың, В.А.Моцарттың, П.И.Чайковскийдің, Ф.Мендельсонның ең үздік скрипкалық туындылары кездейсоқ таңдалмаған екен. Өйткені, скрипкашының шеберлігі, кәсіби деңгейі көбіне олардың шығармалары арқылы айқындалып жатады. Осылайша, тыңдарман назарына И.С.Бахтың №1 жеке скрипкаға арналған сонатасы, И.Фроловтың ғажайып туындысы, Г.Гершвиннің «Порги мен Бесс» операсынан алынған тақырыптардың концерттік фантазиясы, Ф.Крейслердің жеке скрипкаға арналған речитатив және скерцо-каприс туындысы және мұнан басқа да бірқатар дүниелер ұсынылмақ.
Ақбике Алғидың алдағы күндерге құрған жоспарлары өте көп. Соның бірі – ол жазда жасөспірімдердің халықаралық П.И.Чайковский атындағы байқауына қатыспақ, еске сала кететін жайт, бұған дейін өнер иесі осы сайыстың, Ресейде өткен жасөспірімдердің халықаралық П.И.Чайковский атындағы VIII байқауының дипломанты атанған болатын. Сондықтан, маусымда елордада өтуі жоспарланған Х халықаралық Чайковский атындағы конкурсқа қатысу талантты қызымызды өнердің тағы бір таудай биігінен танытады деп сенеміз. Фортепиано, скрипка және виолончель мамандығы бойынша өтетін Чайковский атындағы сайыс – қанаты жаңадан қатайып келе жатқан өрендер үшін ең жоғары жетістік болып саналады. Өйткені, бұл халықаралық шара болғандықтан, әртүрлі мемлекеттерде өтуі шарт. Қатысушылар санымен, жоғары кәсіби деңгейімен, орындаушылық шеберлігімен, күрделі бағдарламаларға құрылуымен, халықаралық дәрежедегі танымал тұлғалардың сарапшылық етуімен ерекшеленетін өнер бәйгесіне қатысу, жеңімпаз атану – жастарға арман. Биыл да қазылар алқасы құрамына Қазақстан, Ресей, АҚШ, Жапония, Корей, Қытай, Франция және Швейцарияның ең атақты музыканттары еніп отыр.
Конкурстың бірінші және екінші кезеңдері Қазақ ұлттық өнер университетінде, үшіншісі «Астана Опера» театрында өтеді деп күтілуде. «ЭКСПО-2017» көрмесінің ең айтулы мәдени жобасы ретінде бағаланған халықаралық конкурстың бәрінен бұрын бізге қымбат болатын себебі, мұнда қазақтың скрипкашы қызы өнер көрсетеді.
Қаршыға КҮЛЕН