Әлем • 14 Сәуір, 2017

Копт христиандары. Олар кімдер?

753 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Құқығы шектеліп, қысымға ұшырап отырған қауымдардың бірі – Мысырдағы копттар. Кемсітушілік пен ұдайы шабуыл салдарынан копт христиандарының көбісі ата-бабалары ғасырлар бойы қоныс тепкен жерден кетуге мәжбүр. Деректерге сәйкес, жыл сайын аталған қауымның мыңдаған өкілі Мысырдан қоныс аударады.

Копт христиандары. Олар кімдер?

9 сәуірде Мысырдың Танта мен Александрия қалаларындағы православтық копт-христиандардың шіркеулерінде екі бірдей жарылыс болды. Мәліметтер бойынша, теракт салдарынан кемінде 30 адам қаза тауып, 70-ке жуығы жарақат алған. 

Террорлық актінің жауапкершілігін ИШИМ ұйымы өз мойнына алды.

Бұл биылғы жылғы ең ірі лаңкестік шабуылдардың бірі болды. Содырлардың шіркеуді нысанаға алғаны түсінікті жайт. Олардың жергілдікті христиандарға деген ерекше қатігездігі бұрыннан белгілі. Сондай-ақ терактқа жауапты лаңкестік ұйым өкілдері биылғы ақпан айында копттарға жаңа шабуылдар жоспарланғанын мәлімдеген болатын.

Копттар дегеніміз кімдер, олардың қазіргі тұрмыс-тіршіліктері қандай? Біз осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік. 

Копт деген сөз көне грек тілінде «египеттік» деген мағына береді. Копттар Таяу Шығыстағы ең ірі христиан қауымы. Олар христиан дінінің ең көне тарамдарының бірін ұстанып келеді.

641 жылы Мысырды толық жаулап алған арабтар уақыт өте келе «египеттік» атауын сирек қолданатын болды. Оның орнына жергілікті халық өкілдерін «копт» деп атаған. Осыдан кейін мысырлықтар «копт» атауымен белгілі бола бастады.

Кезінде қуатты, іргелі ел болған көне мысырлықтардың ұрпағы – копттардың бүгінде мемлекеттілігі жоқ. Олардың 7 миллионға жуығы Мысырда тұрады. Шамамен тағы бір миллионы Еуропа, Америка және Африкадағы түрлі елдерде өмір сүреді.

Ғалымдар бұл халықтың дін арқылы сақталып қалғанын алға тартады. Олар наным-сенімдері арқасында көптеген қиыншылықтарға төзе білді.

Бүгінде Мысырда мемлекеттік дін ислам болғандықтан, копттардың саясатқа араласу мүмкіндігі барынша шектелген. Өз басылымдары немесе телеарнасы да жоқ. Ал әлеуметтік желілерде копттарға арналған парақшалар жетерлік. 

Бірақ, копттардың ежелгі ескерткіштері мемлекет тарапынан қорғалады. Қалпына келтіріліп, күзетіледі.

Копттар көбінесе аудан немесе қала болып өмір сүреді. Каирде бірнеше копт ауданы бар. Сондай-ақ Мысырда халқының басым көпшілігі копттардан тұратын бірнеше қаланы да кездестіруге болады.

Сонымен, мысырлық христиандардың басым көпшілігі копттар екені белгілі болды. Жалпы, Каир мен Александрияда өзге де конфессиялардың ғибадатханалары аз емес. Алайда, копттардың бірлігі, наным-сенімдерін берік ұстануы, сонау ежелгі Мысыр христиандарының мұраларын сақтап, осы күнге дейін жеткізіп отырғаны таң қалдырады.

Соңғы бірнеше жылда мысырлық копттарға қарсы шабуылдар жиіледі. Былтыр желтоқсан айында Каирдағы копттар соборында құлшылық ету мезгілінде жарылыс болып, 25 адам ажал құшты.

Олар әсіресе, 2013 жылғы төңкерістен кейін қиын күй кешті. Тақтан тайдырылған президент Мохаммед Мурсидің кейбір жақтастары мен «Мұсылман бауырлар» қозғалысының мүшелері копт христиандарын әскери төңкерісті қолдаушылар деп айыптады. Шіркеулеріне шабуыл жасап, үйлерін өртеді.

Дайындаған Айдар ӨРІСБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».



Соңғы жаңалықтар