2010 жылдың 26 шілдесі күні Алматы қалалық қаржы полициясының майоры Кенжебай Жұмабеков осы қаладағы қоймалардың бірінен Қытайдан алаяқтық жолмен контрабандалық тауар әкелген кәсіпкерді тұтқындайды. Майор Кенжебай Жұмабековке «Қорғас» бекетіндегі сенімді адамдар күдікті тауар өткенін, оның иесі бұған дейін де талай рет заң бұзушылыққа барған кәсіпкер әйел екенін хабарлап үлгерген болатын.
Қылмыс болған орынға бірнеше адаммен келген Кенжебай Жұмабеков күдіктінің тауарларын тексермек болады. Көкбеттікке салынған кәсіпкер әйел сол арада полиция қызметкеріне қоқан-лоқы көрсетіп, аузына келген балағатын аямайды. Ол кәсіпкер әйелдің жақтастары мен серіктері де қарсылық көрсетіп бағады. Сол арада тамам жұрттың көзінше полиция майоры К.Жұмабековке:
– Сен, майор, кіммен байланысып тұрғаныңды біл. Менің артымда кімнің тұрғанын білесің бе?. Енді қызметіңмен қоштаса бер, бітті жақсы болмайды! – деп айғайға басады кәсіпкер әйел. Бұл сөздерді сол арада болған адамдардың барлығы да естиді. Ал кәсіпкер әйел болса полиция майорына айбат шеккен күйі, бағынбай үйіне кетіп қалады.
Сол күннің ертесінде, яғни, 2010 жылдың 27 шілдесі күні кәсіпкер әйел өз аяғымен Алматы қалалық қаржы полициясына келіп, майор Кенжебай Жұмабековке жолығады. Ол әйел алдымен полиция майорын жоғарыда айтқан қорғаушысымен қорқытып-үркітеді. Онымен қоймай, осы істі жауып тастауға және де бұдан былай да майордың анау дөкей сияқты «крышасы» болуға ұсыныс жасап, майорға ірі көлемде пара ұсынады. Бұл әрекетінен ештеңе шықпаған соң кәсіпкер өзінің бір топ сыбайластарымен бірігіп, баспасөз мәслихатын өткізіп, қаржы полициясының қызметкері К.Жұмабековты айыптап, шу көтереді. Оның бұл айтқандарына сеніп қалған біраз басылымдар, журналистер – Алматы қалалық қаржы полициясын ғайбаттап, кәсіпкер әйелді ашық қолдап, жалған хабарлар тарата бастайды.
Осыдан кейін құқық қорғау органдарына шынайы шындықты шыңыраудан шығаруға тура келеді. Алматы қалалық қаржы полициясы бастығының орынбасары Айдос Ахмадиев 2010 жылдың 21 қазанында баспасөз мәслихатын өткізіп, алаяқтықпен аты шыққан кәсіпкердің бүкіл қылмысын журналистердің алдында жайып салады. Қаржы полициясы бастығының орынбасары А.Мұхамедиев алаяқ әйел жалған құжат жасап «Қорғас» бекеті кеденіне 1,5 миллион теңге тұратын станоктар мен құбырлар әкеле жатырмын деген жалған мәлімет береді. Шын мәнінде тексеріс кезінде анықталғандай, ол көрсеткен заттар емес, 9,3 миллион теңге тұратын үй жиһаздары мен көпшілік тұтынатын тауарлар алып өткенін, сонымен алаяқ кәсіпкер әйелдің ірі көлемде экономикалық қылмыс жасағанын, полиция майоры Кенжебай Жұмабеков пен оның қасындағы серіктеріне де өтірік жала жапқанын, кәсіпкер әйел жалаларының еш негізсіз екенін, сөйтіп, прокурордың санкциясы бойынша 2010 жылдың 20 қазанында оның тұтқындалғанын, қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлайды.
Сонымен қатар А.Мұхамедиев, 2010 жылдың 27 шілдесінде кәсіпкер әйелдің Алматы қалалық қаржы полициясының майоры Кенжебай Жұмабековке оның қызмет орнында пара беріп жатқан кезінде тұтқындалғанын, сол күннің ертесінде кәсіпкердің пара ұсынушы ретінде айыпталып отырғанын, прокуратура тарапынан әйелдің полиция қызметкері К.Жұмабековке пара беріп жатқан сәтінің бейнетаспаға толық түсіріліп алынғанын, оның бұлтартпас дәлел екенін қоса мәлімдеді.
Кәсіпкер 2010 жылдың 8 қазанында Ребенчук бастаған адвокаттармен баспасөз мәслихатын өткізіп, қаржы полициясының қызметкері К.Жұмабековтің одан ірі көлемде пара алғысы келгені сияқты жалған ақпарат таратады. Жоғарыдағы басылымдар тағы да «жапа шеккен-мыс» деп, кәсіпкер әйелді қолдап, Алматы қалалық қаржы полициясын айыптап, ақпараттар таратады. Ол жалған ақпаратта кәсіпкер полиция қызметкері К.Жұмабековтің одан 10 мың АҚШ доллары көлемінде пара талап еткенін, кәсіпкердің ондай көлемде ақшасы болмағандықтан К.Жұмабековке небары 7 мың АҚШ долларын бермек болғанын айтады. Негізінде алаяқ кәсіпкер пара беріп жатқан жерінде тұтқындалады.
Осы арада тағы бір назар аударатын мәселе «Время» газетінің тілшісі Тохнияз Күшіковтың әлгі кәсіпкер әйелдің контрабандалық жолмен Қытайдан тауар өткізіп, ұсталғаны туралы хабары осыдан үш жыл бұрын жарияланған болатын. Атап айтқанда, кәсіпкер басқаратын оның «Азамат трэвел» компаниясының Қытайдан заңсыз жолмен екі жүк көлігін өткізгені, декларацияда 19 миллион 400 мың теңге тұратын асүйі жиһаздары деп жалған көрсетіп, шын мәнінде, басқа тауарлар өткізіп ұсталғаны, соңында «Азамат трэвел» компаниясының директоры ірі көлемде, яғни 5 миллион теңге айыппұл төлегені хабарланған.
Мінеки, өздеріңіз көріп отырғандай, алаяқ бір ғана кәсіпкердің мемлекетіміздің абыройына, экономикасына қаншалықты зиян келтіріп отырғанын, ал, әлі ашылмаған, ашылса да алаяқ кәсіпкер сияқтылардың өздері ойлап тапқан қорғаушысы сияқтылардың есебінен қаншама жабулы қазан жабулы күйінде жатқанын ойлағанда төбе шашыңыз тік тұрады. Еліміздегі кең етек алған жемқорлық, оған жол беріп отырғандардың түптің-түбі жазаланатынына біз сенеміз. Алматы қалалық қаржы полициясының майоры Кенжебай Жұмабеков сынды қырағы, өз ісіне адал, мемлекетке берілген азаматтардың қатарлары бұдан да көп болса, қандай әділеттілік орнар еді десеңізші! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген дана халқымыздың бұл қанатты сөзінің астарында көп нәрсе жатыр.
Таяуда кәсіпкер әйелдің ісіне Алматы қаласының Медеу аудандық соты нүкте қойды.
Бейсен НАРЫНБАЙ, журналист.
Алматы.