Қытайдың Хунан телеарнасының «Singer 2017» жобасында жұлдыздай жарқырап көрінген, әні арқылы қазақ атын әлемге паш еткен, нағыз дарын иесі, шын талант Димаш Құдайберген өзіне, өнеріне қолдау көрсеткен барша жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
Ол өзінің Инстаграм желісіндегі парақшасында: «Жүрегім өнер деп соғады, мақсатым ән айту, күллі әлемге ішімде жатқан барды жар салу... Міндетім, қазақ әнін паш ету, жанкүйерлеріме жан жүрегімде жатқан жырды жырлау, өнерімді бағалайтындармен бірге толғану, тебірену!... Менің әлі айтарым бар! Бұл бастамасы! Жеңіс құтты болсын!!! Жүрегім Сіздермен бірге!!! Ыстық ықыластарыңыз үшін раxмет!!!», - деп жазды.
Димаш Құдайберген он кезеңнен тұратын іріктеу бәсекесінде үш рет бірінші орын алды.Тыңдарманның ерекше ықыласына бөленді. Ал ақтық сында оған екінші орын бұйырды.