Ұшақ жолаушыларының сатып алған билеттерін кері қайтаруы қалыпты құбылыс. Мұндай жағдайда көбінесе әуе компаниялары билеттің ақшасын толықтай немесе бір бөлігін қайтарып береді. Ал ұшақтағы орынның бос кетуі оларға тиімсіз. Сол себепті әуе компаниялары «овербукинг» саясатын қолданады. Бұл – билеттердің рейсте бар орындардан көп сатылуы, яғни билеттерді артығымен сату. Осы арқылы әуе тасымалдаушылар қайтарылған билет шығынының орнын толтырып отырады.
Шұғыл түрде төрт қызметкерін рейске отырғызуы керек болған United Airlines әуе компаниясы ұшақ бортынан бос орын таппады. Бұл жолы кері қайтарылған билет болмағандықтан, компанияға рейстен төрт адамды түсіріп тастау қажет болды. Олар ерік білдірген төрт жолаушыға келесі рейспен ұшуға ұсыныс білдіріп, өтемақы ретінде 400 доллар төлейтіндерін және бір түнге қонақ үйден орын беретіндерін айтқан. Алайда, ешбір жолаушы ұсынысқа келіспегендіктен, өтемақы сомасын 800 долларға көтерген. Сонда да ешкім рейстен түсуге құлық танытпапты.
Бұдан соң әуе компания менеджері бортқа көтеріліп, ұшақтан түсуі тиіс төрт адамды таңдауға тура келетінін хабарлады. Бұл іріктеу түрлі факторларды ескере отырып жасалады. Алайда, компанияның баспасөз хатшысы мәлімдегендей, компания қызметін үнемі пайдаланатын жолаушылардың, сондай-ақ қымбат билет иелерінің іріктеуге қатыспау мүмкіндігі жоғары.
Қызметкерлер таңдаған үш жолаушы өз еріктерімен ұшақтан түсуге келіскен. Ал таңдалған тағы бір адам өзінің дәрігер екенін, таңертең қабылдайтын науқастары бар екенін айтып, борттан түсуден бас тартады. Нәтижесінде компания менеджері қауіпсіздік қызметкерлерін шақырып, жолаушыны ұшақтан күштеп түсірді.
Видеода қауіпсіздік қызметкерлерінің оны ұшақ бортынан сүйреп шығарғаны көрсетілген.
«Әуе компанияның қызметкерлерді тасымалдау үшін жолаушыларды рейстен түсіруі – ерекше жағдай. Қызметкерлерді тасымалдау алдын ала жоспарланып, брондау жүйесіне енгізілуі тиіс, – деп мәлімдеді Travelers United жолаушылар құқығын қорғау жөніндегі ұйымның негізін қалаушы Чарльз Лича. – АҚШ-та жолаушылар рейс уақытының үнемі кешігуіне, қызмет көрсету деңгейінің төмендігіне үйреніп қалған. Алайда, өз қызметкеріне орын босатып беруі үшін жолаушыны ұшақтан күштеп шығаруы артықтық. Бұған төзуге болмайды».
United Airlines әуе компаниясының басшысы Оскар Муньос болған оқиғаға байланысты кешірім сұрады.
«Бұл біз үшін өкінішті жағдай. Жолаушыларды кейінгі рейске ауыстырғанымыз үшін кешірім сұраймын», – деген ол қазіргі уақытта оқиғаға байланысты тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Видеодаға қарағанда, ұшақтан күштеп шығарылған адамның ұлты қытайға келеді. Қытайлық WeChat-тың пайдаланушылары оқиғаға байланысты тиісті шаралар қабылданбағанша United Airlines компаниясына байкот жариялауға шақырды.
«Компания бұл үшін тиісті жазасын алуы керек. Рейстен түсірілген азаматтың қытайлық болғаны үшін емес. Мұндай негізсіз әрекеттермен күресуге әр адамның құқы болуы тиіс», – деп жазды чат қолданушыларының бірі.
Байкотқа шақыру туралы хабарламаны Қытайдың танымал Weibo әлеуметтік желісінің 480 миллионнан астам пайдаланушысы қарады.
Оқиғадан кейін компанияның капиталы 1 млрд долларға азайды. Әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында тараған наразылық толқынынан кейін, United Airlines әуе компаниясының акциялары биржада 4,4%-ға төмендеді. United Continental холдингінің нарықтық бағасы 250 млн долларға құлады.
Аталған оқиғаға байланысты Қытай мемлекеттік БАҚ өкілдері де пікір білдірді.
«Компания оқиғадан кейінгі мәлімдемелерінде азиялық азаматқа зорлық көрсетілгенін атап өтпегендері қатты қынжылтады», деп жазды Қытай Коммунистік партиясының ресми басылымы «Жэньминь жибао».
Жолаушымен болған оқиға компанияның халықаралық беделіне бұдан да елеулі нұқсан келтіруі мүмкін. Себебі United Airlines – АҚШ пен Қытай арасында ең көп әуе тасымалын жүргізетін компания.