Олардың арасында саясатты бөлек қойып, мәселені салқын ақылмен сараптаушылар да болды. Біз төменде ахуалдың байыбына бармай айтылған көп пікірге тосқауыл қоярлық екі комментарийге айрықша тоқталып отырмыз.
Антон Носик – белгілі ресейлік журналист әрі блогер (Яндекс рейтингі бойынша танымалдығы жөнінен алдыңғы ондықта). Lenta.ru, Vesti.ru, Gazeta.ru, Newsru.com сияқты Ресейдегі аса ірі интернет-басылымдарға жетекшілік жасаған. «Эхо Москвы» радиосының сайтына шыққан «Бүгінде латын сәннен қалды ма?» атты мақаласында Антон Носик Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ әліпбиін латынға көшіру тапсырмасын талдайды.
«Кеше бәрі Қазақстанның латынға көшетінін талқылады. Ресейлік патриоттар наразы. Путинді сынаушылар «Ресейдің мәдени орбитасынан» тағы бір көршінің шығуына себепші әрекет жасады деп Путинді кінәлады... Алайда, мақаланың тікелей өзімен танысу ешқайсысының басына келмеді. Бекер-ақ». Осылай деп Антон Носик «Егемен Қазақстандағы» Президент мақаласының сілтемесін көрсетеді. Және мақаладан мына үзіндіні алады:
Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап, латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз». Иә, Носик қазақша үзінді келтіреді. Сосын мәтінді гугл-транслейт арқылы орысшаға аударып, оның мағынасын түсінгенін айтады. Не түсініпті деймісіз? Сөзбе-сөз келтірейік.
«Біріншіден, Назарбаев мұнда 2012 жылы қабылданып қойған «Қазақстан-2050» атты бағдарламасын айтып отыр. Онда 2025 жылдан бастап қазақ жазуын кирилл қарпінен латынға ауыстыру қарастырылған. Расында ондай құжат бар, орысшасын интернеттен табуға болады. Және оның 28-бетінде «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп анық жазылған.
Яғни, мақаланың әліпби мәселесіне қатысты жерінде Назарбаев 4,5 жыл бұрын қабылданып, өзі қол қойған мемлекеттік құжаттағы мақсат пен оны іске асыру мерзімін сөзбе-сөз қайталап отыр. Ол кезде Қырым, ЛНР/ДНР, Сирия сияқты мәселелер жоқ болатын. Ендеше, Владивостоктан Львовқа дейінгі конспирологтардың зор өкінішіне қарай, олардың әңгімесі тағы да надандық пен ақыл жалқаулығынан шығып отыр».
Одан әрі ресейлік сарапшы түркітілдес халықтарға әліпбидің қалай таңылғанын, ал еріктері барда нені таңдағанын түсіндіре кетеді.
«Қай мысалды айтпайық, түркі тілдері кирилл жазуына ол тілде сөйлейтін республикалардың егемендігі жоқ кезде, Мәскеудің тікелей нұсқауымен мәжбүрлеп көшірілді. Ал өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алған уақытта барлық түркі халықтары латын қарпін таңдаумен болды: Түркия 1928 жылы, Әзербайжан мен Түрікменстан 1992 жылы, Өзбекстан 1993 жылы...» дейді журналист.
Бұдан кейін Антон Носик 1991, 1992 және 1993 жылдары өткен кездесулерде түркітілдес елдер өкілдерінің ортақ әліпби ретінде латынды таңдауға келіскендерін айтады. Яғни, қазақ жазуын латынға көшіру мәселесі бір күнде әлдебір саяси себептерден жасалған әрекет емес, бұрыннан жоспарланған таңдау екенін түсіндіреді. Ал сөз соңында өзіне түркі тілдерін кирилл жазуынан гөрі латынша оқу оңай екенін мына мысалмен жеткізеді.
«Соңғы 20 жылда Түркия мен Қазақстанда бірнеше рет болдым. Туған әліпби мен үшін кирилл болғанмен, өз басым түркіше көше жазуларын оқудан ешқашан қиындық көрген емеспін. Тіпті, ол сөзде дәстүрлі латында жоқ ç, ğ, ö және ü әріптерінің өзі қалай оқылатынын түйсікпен білем. Ал жол бойындағы қазақша жазулардағы ә, ғ, ң, ө, ұ және ү әріптерінің қалай дұрыс оқылатынын ұға алмай-ақ қойдым. Тіпті, кириллмен 47 жылғы таныстығым да көмектесе алмады».
Пікір білдіруші тағы бір ресейлік, Polit.ru басылымының ғылыми редакторы Борис Долгин қазақ жазуын латынға көшірудің зардабын ойлап уайымдаушыларға мынандай бұлтартпайтын уәж айтады.
«Қазақ жазуын латынға ауыстыру туралы»
1. Кирилл қарпіндегі қазақ жазуы 1940 жылы қабылданды. Яғни, базбіреулер сияқты жүз жылдық немесе мыңжылдық мұраны уайым етудің қажеті жоқ.
2. Кез келген тілді кез келген әліпбиде жазуға болады. Әрине, егер онымен кәсіби лингвистер айналысса. Қазақшаны латын негізінде жазу тәжірибесі бар. Сол сияқты тағы бір түркі тілі – түрікшенің латын әліпбиімен жазылып келе жатқанына көп уақыт болды.
3. Әліпби, яғни жазудың әрбір нұсқасы – көп жағдайда бір ғана мәдениеттің меншігі емес, ол – мәдени байлық. Мұны кириллге де, латынға да және басқаларға қатысты да айтуға болады.
4. Кирилл мен латын түрлі елдерде қолданылады. Ал бір әліпбиден басқаға өтудің себебі, маңызды болуы мүмкін. Бірақ ондағы мақсат Болгариядан алыстап, Венесуэлаға жақындау деп ешкім күдіктенбейді.
5. Уақыт өте келе кириллмен жазылған қазақша кітаптарды оқу қиындай ма? Иә. Араб графикасынан латынға, сосын латыннан кириллге өткенде де солай болды. Тек кеңес кезіндегіден айырмасы, енді кітапханаларды «дұрыс емес» («неправильный») жазудағы кітаптардан тазартады деген қауіп жоқ.
6. Мұндай шешім қабылдау – Қазақстанның егемен құқығы.
7. Көршілердің «Ресейден алыстауына» қатысты сын-пікірлер болса, оны Ресейдің посткеңестік елдер бағытындағы сыртқы саясаты авторларына арнау қажет. Мұнымен қатар, ішкі саясаттың және басқа да параметрлердің өзіндік рөлі бар».
Ержан Әбдіраман,
«Егемен Қазақстан»