Аймақтар • 17 Сәуір, 2017

Жанболат Аупбаев. Марс пейзажы

288 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мұндай жерді Шығыс Қазақстандағы Қиынкеріш аңғарынан көруге болады

Жанболат Аупбаев. Марс пейзажы

Аудан орталығы – Күршімді өзен паромы жағынан кесіп өткен соң алдан ұшы қиыры жоқ жазық басталады. Сонымен 80 шақырымдай жол жүріп, Марқакөл жақтағы сеңгір таулар мұнартқан шы­ғысқа бет алғанда, көк жүзіндегі күн сәулесімен жарқ-жұ­рқ етіп, алқызыл алауға малынған адыр менмұндалайды. Жа­қындап келіп байқаған жанға ол өзіміз теледидардан кө­ріп жүрген Шарын шатқалынан аумайды. Иә, оны құд­ды сол массив – шұраттың кішірейтілген макеті, үлгісі дер­сіз тіпті.

– Қиынкеріш аңғары, міне, осы, − деді бізді мұнда бастап келген Күршім аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Бақытхан  Өлмесеков. − Бұл жердің ертеректегі атауы Шарықсай екен. Кейін жыл мез­гілдеріндегі лайсаңнан азап шеккен жұрт оны Қиынкеріш деп кетіпті. Мәселе, мұндағы, яғни, беткейдегі құм араласқан қызылқоңыр қиыршықтарда емес. Гәп сайдағы төбелер етегін жиектеп өтетін соқпақтардағы жаңбыр жауса бітті, миы езіліп шыға келетін ақ топырақты бұ­ралаң жолдарда. Осы маң­да­ғы ат­тылы, арбалы ауыл тұр­ғын­да­ры көктем, күз келсе-ақ, сон­­да­ғы желімдей жабысқан бат­­пақ пен балшықтан берекесі ке­тіп, зәрезап болады да жатады. Сон­дық­тан да ел арлы-берлі жүр­ген ке­здегі әуре-сарсаңы мол бұл ай­мақ­ты Қиынкеріш атап кет­кен.

Осы сөздерді айтқан жол­бас­шы­­мыз өзіміз әңгіме арқауына ай­налдырған жерге жете бе­р­ге­німізде: «Аңғардың жалпы кө­­­рі­нісін мына шоқыдан қ­а­ра­ңыз­­дар», − деп шығыс жақтағы дөң­­ге алып шықты. Міне, ғажап! Көз алдымызда қып-қызыл құм, қо­­ңыр­күрең тас қиыршықтарына то­лы өзгеше бір әлем жатыр. Олар­­дың арасындағы ақ, сары, сұр керіш топырақты адырлар­да нендей белгі, мүсін жоқ дей­сіз!.. Ескі қорған бей­не­сін­де­гі жақпартастар, пирамида мен қа­рауыл мұнараларын көз­ге елес­тететін төбелер, жантай­ып жат­қан дулығалы ба­тыр кей­пін­дег­і белдер мен са­ңырауқұлақ се­кіл­­ді секі­тас­тар..., бәрі-бәрі бар. Олар адам қо­лымен емес, өкпек жел, долы дауыл, ақ жаңбыр мү­жі­­ген табиғат күші арқылы жа­сал­­ған туындылар.

Бірте-бірте байқадық, Қи­ын­­­керіш кереметі мұнымен біт­­пейді екен. Табиғат салған жо­­­ғарыдағы суреттер біз көр­ген ғажайыптардың басы ға­на сия­қты. Олай дейтініміз, таң­да­ныс тудыратын келесі бір нәрсе, ол бұл өңірдің күн батардағы еш­бір жерде жоқ қайталанбас кө­рінісі дер едік. Оны біз мына жағ­дайдан байқадық. Күн кө­к­жи­екке қарай еңкейгенде оның алтын шапақ сәулелері қызыл, сары, ақ тасты төбелерді жалт-жұ­лт еткен ұшқындармен орады да тастады. Осының әсерінен біз бақылап тұрған ойпат пен бет­кейдегі құмды керіш то­пы­рақ­тар қызылкүрең түске ен­ді де алдымыздағы адырлар алау­ла­ған отты әлемге айналды да кет­ті. Жалындап тұрған бұл жер­ге кешқұрым уақытта аспаннан жұлдыздар жауып, көкке қай­та ұшып бара жатқандай да әсер қалдырады. Бір сөзбен ай­тқанда, мұндағы жер де, тө­ңі­рек пен кеңістік те жосаға боя­лған­дай қызылқоңыр болып тұр­ды да қойды. Осы көрінісінде ол Марс планетасы, ондағы со­ған ғана тән ғаламшарлық қы­зы­лкүлгін рельеф фонынан еш аумайды-ау, аумайды! Тоқете­рін айтқанда, фантастикалық құ­былысқа бөленіп тұрған бұл жер­­ді аралай бастаған сәтте өзің­ді бейнебір басқа әлемге кі­ріп кеткендей сезінетінің анық. Не­ме­се түс көріп, ертегілер елінде жүр­гендей боласың.

– Бұл не? Қиынкеріштегі та­банымыз тиіп тұрған мына то­пырақ қыртыстары қандай қос­палардан құралған? Ол күн сәу­лесі көлбеу түскенде неліктен түр­лі түске енеді? Мұнда келіп, та­­би­ғаттың өзіміз сөз етіп отыр­ған осы тылсым, түсініксіз жағ­дай­ын көрген, оған куәгер бол­ған ғылым өкілдері бар ма? Бар бол­са олар жоғарыдағыдай құ­бы­лы­сқа нендей уәж айтады?

− Өскемендегі өлкетану му­зей­інде, − деді жоғарыдағы сұ­рақ­тарымызға бізбен бірге еріп жүрген жігіттердің бірі, жа­зу­шы Нұржан Қуантайұлы, – Қи­ын­­­керіш аңғарына арналған стенд бар. Сондағы биология ғылымдарының докторы Вик­тор Ерофеевтің деректеріне қа­рағанда, бұл аймақ мил­лиондаған жылдар бұрын осын­да­ғы теңіздер мен көлдердің тү­бінде жатқан. Ондағы айдын шал­қар сулар уақыт өте келе тар­тылып, сазды, батпақты, одан құрғақ өңірге айнала бас­та­­ғанда, түрлі минералдық қос­па­дан тұратын шөгінді жыныс­тар бірте-бірте Зайсан қа­зан­шұ­ң­­қыры деп аталатын жер қыр­тыстарының неше түрлі қа­баттарын құраған.  Геологтар бұл құбылыстың әсіресе, бор дәуірі деп аталған кезеңдегі сол массивке кіретін Қиынкеріште өте айқын байқалғанын ерекше атап айтқан. Бұл – бір. Екінші, өзіміз сөз етіп отырған сайдың топырағы неге күйген құм секіл­ді қызылкүрең дегенге келсек, ғалым Юрий Зинченко оған мынадай болжам айтады. Бағзы заманда бұл жерде кішігірім жанартау атқылаған болуы мүмкін. Соның салдарынан мұндағы тас пен топырақ отқа оранып, қып-қызыл кейіпке енген. Сөйтіп, ол табиғат стихиясы Қиынкеріштің қазіргі Марс планетасының пейзажына ұқсас бет-бейнесін жасап кеткен.

Әңгіме иесінің осы сөздерін тыңдай отырып, төмендегі сайға қарай бет алдық. Ойымыз – құм төбешіктердегі өсімдік түрлерін көру және жарқабақтардағы жер қыртыстарын байқау. Осы­лармен танысып жүріп, өзін­дік ерекшелікке ие екі-үш нәрсені бай­қап қалғандай да болдық. Оның алғашқысы көк­темгі қар суы орып кеткен жы­р­алардың ішіндегі ақсүйек боп жатқан әр­түрлі омыртқалы жа­нуарлардың қаңқалары. Одан кейін көзімізге түскені – аңғар­да­ғы тастарға жабы­са қатып қал­ған түрлі ағаш жа­пырақтары. Сон­дай-ақ, осы арада өзіміз та­ба­нымызбен басып келе жат­қан қызғылт құмның үстінде адам ізінің қалмайтындығын да айта кетейік. Бұған осы ке­ріш­тің өзіне су сіңдірмейтін ерек­ше­лі­гін, қоналқалық шатыр үшін қа­ғыл­­ған қазықтың 5 сантиметр­ден кейін-ақ дыңылдап тастай қа­­тып қалатын қасиетін қо­сайық.

Әрине, мұның бәріне сол сәтте, яғни аңғарды аралап жүр­генде жауап таба ал­ма­ға­нымыз анық. Ертесінде Өс­ке­мен­­ге кел­ген соң осындағы та­ри­хи-өлке­тану музейіндегі маман­дар­мен пікір алысқанымызда, олар төмендегідей ғылыми пай­ымдаулардан хабардар етті. Көлемі 300 гектар жерді қам­ти­тын Қиынкеріш аумағы геолог Виктор Филипповтың зерт­теуіне қарағанда, ежелгі заман өсімдіктерінің 5 флоралық жә­не омыртқалылардың 4 фа­у­на­лық қабатынан тұрады екен. Сай ішіндегі біз көрген та­с­қа жабысып қатып қалған жа­пы­рақ іздері мен белгісіз омыр­тқалы жануарлар сүйектері сол палеонтологиялық және гео­морфологиялық табиғат ес­кер­ткішінің белгісі болып шық­ты. Ал құмды керіштің Марс пла­нетасы рельефіне ұқсас қы­зыл­күлгін түсі мен басқа да ерекшеліктеріне кел­сек, оларға әзір­ге жауап жоқ. Мамандардың айтатын уәж­­дері осы мақаламыздың басында келтірген есте жоқ ескі замандағы табиғат стихиясынан қалған өзгеріс ізі емес пе екен деген болжам.

Музей қызметкерлерімен кездесуіміздегі әңгіме соңында олардан мына жағдайды да естіп білдік. Кейінгі кезде шет ел мен Ресейден Қиынкеріш аң­ғарын көріп, тамашалауға келетін адамдар қарасы көбейіпті. Әсіресе, көрші елдегі Мурманск, Нарьян Мар, Кемеров, Барнаул қалаларының тұрғындары толастамауда дейді олар. Солтүстік пен Тундра және Сібірдегі ұзақ қыстан мезі болып, мегаполис қалалардың еңсені басқан ауыр тірлігінен, шуылынан шаршаған жандар біз сөз еткен аңғардағы ашық аспан аясында шатырларын тігіп, апталап жатады екен. Осыдан екі жыл бұрын аталмыш өңірде Жапониядан келген саяхатшылар да 15 күн аялдап, Қиынкеріштің құпиясын білуге біраз әрекет жасапты. Ал Голландиядан ат ары­тып жеткен табиғат қорғау де­партаментінің натуралистері болса, қазақ жеріндегі келбеті сан құбылған осы бір аймақтың кө­рі­ні­сіне көздерін жұмып, ауызда­рын аша таңдай қаққан. Және бұл таңданыстарын жасырмай, өз әсер­лерін бас бармақпен бағалап та кеткен.

Ал біз... Иә, өзіміз болсақ, мұндай жерге бармақ түгілі, қайда еке­нін көп біле де бермейміз. Ен­жар­мыз. Құлық­сыз­быз. Еліміз­де­гі ондай ға­жайып, көркем, құ­пия­сы мол жер­ге: «Бұл өзі осылай бол­ған, себебі, бізде ол осылай бо­луы тиіс», – деген тоқмейіл көз­қа­рас­пен қараймыз да қоямыз. Өкі­нішті-ақ...

Жанболат АУПБАЕВ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы