Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Қоғамның қозғаушы күші

679 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын мұқият оқыдым. Біз қайта түлеудің экономикалық-саяси жаң­ғы­руын қолға алдық.

Қоғамның қозғаушы күші

Енді аталған жаң­ғырудың рухани жаңарусыз, адами факторсыз болмайтыны белгілі. Осы мақаланы оқып отырғанда ХХ ға­сырдың 20-жыл­дарында В.И.Ле­нинмен ай­­­­тысқан, кейін АҚШ-қа кет­­кен ресейлік әлеу­­меттанушы-фи­ло­соф Питирим Сорокин есіме түсті. Ол большевиктер көсеміне: «Сіз социализмді, кіммен, қандай адамдармен құр­мақсыз? Ресей социализмге дайын емес. Ел надан, адами әлеуеті төмен. Мұндай елде со­циализмді күшпен, қуғын-сүргінмен құрасыз. Бұл түбі социализмді құртады», деді. Айтқаны келді. «Нақұрыстар мен қабілетсіз адамдардан тұратын қоғам ешуақытта үлкен табысқа ие бола алмайды. Бір топ сауатсыз надандарға тамаша Конституция берсеңіз де тамаша қоғам құра алмайсыз. Ал керісінше, талантты, дарынды, білімді, дені сау, жігерлі азаматтардан тұратын қоғам сөзсіз, өмір сүрудің жаңа, ілгері жолдарын бастап, табыстарға жетеді» деді ол. Бұл – өте құнды пікір. Кейін мұны адами капитал деп атады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауындағы адами капитал сапасын жақсарту туралы тапсырмасы осы идеямен үндесіп жатыр. 

Негізінде, ақпараттандыру дәуірі, сөз жоқ, адамға, оның рухани ұстанымына тіреледі. Президент Н.Назарбаев: «күт­пеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің отбасы, ошақ қасында қалуынан туындайды» дейді. Біздің көптеген бастамаларымыз рухани-идеологиялық қолдау таба алмай, аяқсыз қалып жатады. Тегінде, басты байлық – мұнай-газ, алтын сынды табиғи байлықтар, ақша емес, бұл – адам және оның рухани қуаты. Адам – экономиканы жасаушы фактор ғана емес, қоғамның мәні мен мақсаты. Сондықтан, экономикалық дамуды, рухани дамуды адамнан бөліп қарауға болмайды.

Мәселен, облыс әкімдері өз есебінде өңірде қанша адам тұрады, қанша адам дүниеге келді, қаншасы өмірден озды, қандай аурулар себебінен озды, емдеуге келетіні қанша еді, қанша бала әкесіз өсіп жатыр, қанша адам жұмыссыз, олардың ұлты, жасы қандай деген іспетті адами факторды сараласа, экстремизмнің себептері туралы дұрыс көзқарас қалыптастырар едік. Өкінішке қарай, мұндай талдау жасамаймыз. Біз адамға куәландырушы, жұмыс күші ретінде қараймыз. Сондықтан елдегі әлеуметтік-экономикалық саясат жағымсыз дүниелердің алдын алуы керек. Мәселен, әлеуметтік-экономикалық қадамдарымыз қаншалықты жағымсыз нәрселердің алдын алар еді? Осы мәселелер зерделенуі керек.

Біздің бойымызда бір қорқыныш бар сияқты. Бұл түсінікті де. Өйткені, төркініміз – Кеңес Одағы. Қызыл қоғамда «Барлығы адам үшін!» деген ұран болды. Бірақ түбі адамды ұмытып кетті. Оның барлық мұқтажын таба алмады. Кеңес өкіметінің құрдымға кеткенінің бір себебі сол. Сол себепті Елбасымыздың рухани жаңғыру жөніндегі бастамасын даурықпай, кешенді түрде сараласақ, қоғамымыз тәрбие, білім, мәдениет жағынан жаңа деңгейге көтеріледі деген ойдамын. Бұл жерде негізгі идея – адам. Адамның қолынан барлығы келеді. Біз табиғатты да жаңғырта аламыз. Қазақ «Ата-анаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деп айтады. Біз Жер-Ананы сыйламағандықтан да экологиялық тоқырауға ұшырадық. Елі­міздегі табиғатты қорғау да парасатты жан­дардың қолында. Сондықтан, адамның ақыл-парасаты елімізді алға жетелейтіні анық.

Амангелді Айталы, 

философия ғылымдарының докторы

АҚТӨБЕ