Таным • 15 Мамыр, 2024

Ғалам ғажаптары: Сүт беретін ағаш

436 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Үш ұйықтасам да түсіме кірмеген» деп осындайда айтатын шығар. Өйткені ағаштың сүт бергенін бұрын-соңды көрмегенбіз. Бірақ Бразилияда сүт беретін ағаш бар екен.

Ғалам ғажаптары: Сүт беретін ағаш

Бұл ағаш Амазонка өзенінің жағасында өседі. Жергілікті халық оны «Сорвейра» деп атайды. Бұл ағаштың діңгегін кертсе, одан сүт тәрізді ақ шырын саулап қоя береді. Дәмі сүттен сәл қышқылдау. Сондықтан оны алғаш тағам ретінде пайдалана қоймаған. Тұрғындардың айтуынша, ақ шырынға аздап су қосып пісірсе, сүттен дәмі айнымай қалады екен. Бір кереметі, бұл ағашты бір сауғанда 2-4 литрге дейін сүт алуға болады. Таңғажайып ағашты зерттеген ғалымдар оның сүтінің сиыр сүтінен ешбір кем еместігін анықтаған.

 

Өте қысқа көше

па

Шотландияның Уик қаласында үш адымға жетпей аяқталатын көше бар. Атауы – Эбенезер Плейс.

2006 жылы ол әлемдегі ең қысқа көше ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде тіркелді. Көшенің ұзындығы – 2 метр 6 сантиметр. Мұнда 1883 жылы трапеция пішіні негізінде «Маккейз» қонақүйі салынған. Көше атауы ғимарат иесінің есімімен аталыпты. Сөйтсек, Эбенезер мейірімді, қамқор дегенді білдіреді екен. Міне, әлемдегі мейірімді әрі ең қысқа көше осылай салынған.

 

Қауіпті марафон

па

Әрі бәсеке, әрі мереке саналатын марафонның да түр-түрі бар...

Мәселен, әлемнің ең биік шыңы саналатын Эвересте де желаяқтар жарысы өтеді. Екі жыл сайын ұйымдастырылатын бұл сайысқа қатысатындар әуелі денсаулық, екінші қаржы жағынан іріктеледі. Әлде керісінше болуы да мүмкін. Сондай-ақ 1999 жылдан бері Ұлы Қытай қорғанында да марафон ұйымдастырылып келеді. 5164 баспалдақты басып өтуге әркімнің жүрегі дауаламайтыны анық. Тағы бір ерекше экстремалды марафон Оңтүстік Африка Республикасының Энтабени қорығында өтеді. Қызығы да, шыжығы да сол жолда қатысушының алдынан арыстан яки жолбарыс сынды жыртқыштар кезігуі бек мүмкін. Осыдан соң желаяқ болмай көр...