Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Заманмен үндескен мақала

98 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасының бағдарламалық мақаласы Қазақ­стан­ның ғы­лыми қауымдастығына жаңа леп әкеліп қана қоймай, жоғары санаттағы рухани кезеңге бет­бұрыс жасауға бағыт сіл­теді.

Заманмен үндескен мақала

Мемлекет басшысы ұсы­нып отырған мәдени рефор­ма өте дер кезінде ұсыны­луымен маңызды. Мұнсыз эко­­номикалық және басқа да салалық өзгерістер бәрібір тиімсіз болар еді. 2017 Қазақстан дамуы үшін өзгеріске толы жыл болмақ. Экономикалық жаңғыру мен конституциялық реформамен бірге Президент өте өзекті мәселені – адам капиталы мәселесін алға тартып отыр. Бәсекелестікте жетістікке және көшбасшылыққа жет­кісі келетін халық ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігін арттыра отырып, бүгінгі күннің және болашақтың азаматын қалыптастыруда оны көп тіл білетін, мәдениетті, өзін ғана емес, жақын әрі алыс көршісіне құрметпен қарайтын жан-жақты білімді, сауатты тұлғаға айналдыруды көздейді.

Мен ел Президентінің бас­тамасымен құрылған Мәде­ниеттерді жақындастыру орта­лығына жетекшілік жасаймын. Бұл орталықтың қызметі мен міндеті біздің азаматтарымызды келісім рухына, бүкіл әлем және Қазақстан азаматтары ұстанатын өзінің және өзгенің дініне, мәдениетіне құрметпен қарау ісіне үйлестірілген. Бұл қасиеттер біздің ата-бабамызға да, халқымызға да ешкім сырттан әкеп таңбаса да, табиғатына тән болып келеді. Бүкіл мә­дениеттер мен діннің сұхбат алмасу соқпағы болып біздің даламызды көлденеңінен кесіп өткен Ұлы Жібек жолын еске алайықшы. Жетісудың ең ірі сауда және қолөнер орталығы болған Қойлық қаласында мұсылман да, христиан да, будда өкілдері де қоян-қолтық өмір сүрген. Бұл жөнінде ХІІІ ғасырдың ортасында француз королі ІХ Людовиктің Мөңке ханға жолығуға жіберген өкілі Гильом де Рубрук жазып қалдырған. Ол Қойлық қаласында болып, көргенін суреттеп жазған. Рубрук қаладан мешітті де, будда храмын да, христиан шіркеуін де, манихей ғибадатханасын да көргенін айтады. Қойлық қаласын қазған археологтар осы аталған нысандардың қалдықтарын тапқанда, еріксіз бас шайқады.

Әрбір қазақстандық өз елінің патриоты болуға міндетті деп есептеймін. Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасы мен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасауды бекер тапсырып отырған жоқ. Патриотизм өз тарихы мен тамырын білумен тікелей байланысты. Біздің халқымыздың тарихы өте бай. Отырар мен Түркістан, Тараз бен Сауран қалалары тарихтың ғажайып әуеніне тұнып тұр. Қазақ хандығының байтақ жерін тұтасымен сақтап қалу үшін күресіп, Қазақстанның азаттығы жолында арпалысып, бар өмірі ат үстінде өткен батырларымыздың есімі бізге мәлім. Белгілі тарихи орындарды танып, оларды қастерлей білу өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде маңызы зор. Өзінің туған жеріне, өз халқы мен бабасына сүйіспеншілігі, құрметі жоқ адамның жер бетіндегі ізгілік үшін бір ұлы іс жасайды дегенге өз басым сене алмаймын.

Қазақстан бар болғаны 25 жылда әлемдік саяси аренада мойындалып, дамыған тәуелсіз мемлекетке айналуы­на көптеген көрнекті замандастарымыз қол ұшын созды. Біз оларды білуіміз керек және ол адамдардың өресімен теңесуіміз керек.

Жалпы алғанда, Прези­денттің бұл жаңа мақаласы – Қазақстан жаңғыруына заманмен үндес адамның көзқарасы тұрғы­сынан жаңаша қарау. Ел мен қоғамды құрып жатқан біздің әрқайсымыз дәл осы мемлекетте өмір сүру мен еңбектенуге қолайлы жағдай туғызуға мүдд­елі болуымыз керек.

Карл Байпақов,

академик


АЛМАТЫ