Президент • 17 Сәуір, 2017

Ой салады, батылдыққа серпін береді

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігіміздің ар­қасында әрбір жастың, әрбір азаматтың құқы қорғалып қана қоймай, оның болашақтағы болмысын қамтамасыз ететін қасиетті де киелі Ата Заңымыздағы баптар да халқымыздың кемел келешегіне қызмет етуде.

Ой салады, батылдыққа серпін береді

Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың кешегі күні жариялаған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағ­дарламалық мақаласында бел­гі­леп берген ел дамуының үшінші жаңғыру кезеңіндегі саяси-эконо­микалық кемелденулерді рухани нәрлендіру, ізгі руханиятқа бағ­дарлау арқылы қазақстандық жа­ңа өрлеуді толыққанды етудің со­ны үлгісін жасап отыр деп білемін. Ұлы ойшыл бабамыз әл-Фарабидің тәлімсіз өркениеттің адамзат үшін қауіптілігін ескерт­кеніндей, Нұрсұлтан Әбішұлының бұл мақаласы осы тұрғыдан адам­­зат қоғамының дамуындағы бү­кіл­әлемдік ақыл-ойдың жаңа бе­ле­сі дер едім.

Өзім мектептегі ұстаздық әлем өкілі болғандықтан, оның орта білім беру саласы үшін мәнінен ой қозғасам деймін. Алдымен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бүкіл болмыс-идеяларын мектептің 1-12 сыныптарының білім стандарттарына, оқу бағдарламаларына, оқулықтарына, сандық оқу құрал­дарына тұтасынан негіз етіп ендіруді ұсынар едім. Мен өз тәжірибемде көзім жеткеніндей, белгілі бір бағдарсыз, яғни идеологиясыз оқу-тәрбие ісі ешуа­қыт­та да алға бас­пайды. Елбасының «Ру­ха­ни жаңғыру» идея­­лары бұдан бұ­рын жа­рияланған Тәуел­сіз­дік толғауы, Мәң­гілік Ел сияқты өркенді бас­та­малардың заңды жалғасы әрі концептуалдық жиыны ретінде мектеп идеологиясы болатынына сенімдімін. Мемлекет бас­шысының: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс», дегеніндей, бүгінгі жасампаз болмысымыздан озық, оны алға бастайтын идеяларды көріп, ризашылық білдіргім келеді.

«Бәсекелік қабілет – ...мате­риалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім... Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз алғышарттардың санатында. Сол себепті «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілді білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымыздың, яғни барша қазақстандық­тардың ХХІ ғасыр  талап­тарының қамы» дей отырып, Нұрсұлтан Әбішұлы біздің білім берудегі бү­гінгі үдерісіміздің даму жалғасы әрі бағдары ретіндегі мақалада «Білімнің салтанат құруы» деп бөлектеп арнайы айдарлап орын бе­рілгені, оны «білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп тұжырымдауы біз­дерге, мұғалімдерге, жаңа қуатты серпін береді.

Мақаланың ІІ тарауындағы «Таяу жылдардағы міндеттер» тақырыбында көр­сетілген нақ­ты жобаларды жү­зеге асыру міндеттерінің аясында ұсынылған «Туған жер» бағдарламасының «Туған жерге туыңды тік» деп қазақ бекер ай­тпаған деген тамаша мақалмен бас­талған ұсы­ныстардың әр­бір сөйлемін оқыған сайын жа­ның рақаттанып, қуанышқа бө­ле­несің.

Осы «Туған жер» бағдар­ла­ма­сы аясында, ауылдарға, білім бе­ру мекемелеріне, түрлі мәдени жаң­ғыруларға азаматтық бас­та­машылдық ретінде жекелеген азаматтарды қолдау, қамқорлық, демеушілік көрсету үрдісіне мәр­тебе беру – азаматтарымызға ой салып, батылдыққа серпін береді деп білемін.

Сондай-ақ, тарихи тұлға­лар­дың галереясын бүгінгі жасам­паз­дық дамуымыздың көш басында көрініп жүрген, ел есінде сақталатын ерен перзенттерін, осы желіде туған аймақ тарихы мен географиясын жүйелі оқу құралдары арқылы жас ұрпаққа ұсыну мүмкіндігі қаралатыны қуантты.

Халқымызда «Үш күндігін ой­ламаған қыздан, үш жылдығын ойламаған ұлдан» келешегіне жауапкершілікпен қарайтын азамат шықпайтыны туралы мәнді де әділ үкім бар. «Қызым үшін қызартпа, ұлым үшін ұялтпа, Алла» дейтін де тілек ұл­тымыз­дың келешек санасы ежелден қа­лыптасқан үрдіс екенін айғақ­тайды. Осынау ұлттық сана ұлт к­одына негізделген «Рухани жаң­ғы­ру» бағдарламасында жал­ғасын тауып отыр.

Мақалада көрсетілгендей: «...жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін» деген Елбасының сенімін ақтау мектеп ұстаздары қауымының Отан, Ел, жас ұрпақ алдындағы абыройлы, патриоттық міндеті деп есептеймін.

Аягүл  МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері

АЛМАТЫ