Президент • 17 Сәуір, 2017

Ауыл мен қазақ – ажырамас ұғымдар

452 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әр адамның ауылы – дүниедегі ең қа­дір­лі мекен. Нақты осы жер оны өткенмен және болашақпен байланыстырады. Бойындағы бар жақсы қасиеті үшін туған жеріне қарыздар. Иен далада елегізіп қарап тұратын кішкен­тай ауылдар үлкен жол­ға шыға­рып салатын ұлы қасиетін әлі күн­ге жоғалта қой­­ған жоқ. Қазақы пат­ри­отизмнің қай­нар кө­зін бажай­ласақ, тағы да ауылдан бастау алады.

Ауыл мен қазақ – ажырамас ұғымдар

Ұлттық патриотизм үлгісі кіндік қаның тамған жерден, туған өлкеге сүйіспеншіліктен басталады. Қала­лық болып жүргендердің қай-қайсысы да осы шағын мекендердің топы­рағы сыйлаған сарқылмас қуаттың күші­мен азаматтық болмысын қа­лып­тастырып, өмірлік мақсатын орындап келеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Егемен Қазақ­стан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында «Патриотизм кін­дік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңі­ріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп тереңнен қозғағаны да сондықтан.  Мемлекетке деген сүйіспеншілік туған жерге деген ыстық ықыластан бастау алады.

Алайда, ауылынан әлденеше жыл бұрын ұзап кеткендер күзгі жа­пырақтай сарғайған са­ғы­ны­шын жылы естеліктермен бө­ліссе ғана басылатындай, жарыса әңгімелеп, сол сәтте ғана сөз етумен шектеліп, уақыт өте келе тым-тым алыстай бас­тай­тыны бар. Қаланың у-шуынан қашқандай, қауырт тіршілігінен көңілі қалғандай болып «Ах, менің ауылым», «қайран, менің қара орман, алтын бесігім» деп танауын желіне, кеудесін көкорай шалғынына төсеп, үздігіп бар­ғандардың өздері екі күннен артық шыдай алмай, шаһарын бетке алып жатады. Тіршілік қамымен қала жағалап, қоныс тепкендер де шаруасы болмаса, тиіп-қашып бара бермейді.

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың бағ­дар­ламалық мақаласынан  таяу жылдарға белгі­леген міндеттерінің ішін­де «Туған жер» бағдар­ламасы қабылданатынын,  оның ауқы­мы біртіндеп «Туған елге» ұла­сатынын оқи отырып көңі­лім­ді мақтаныш сезімі кернеді. Елбасының  «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл мағынасы терең сөздер» дегені тамы­ры туған жеріне бай­лан­ған қазаққа «алтын қазығыңнан алыстама» дегенді ай­қын аңғартады.

Бәріміз де ауылда тудық, қара топырағында асыр салып өстік. Шет елдерге сапарға шыққанда үнемі жусаны аңқып, түтіні бұрқыраған ауы­лым көз алдымда тұратын. Ауылға деген сағыныштан бір әуеннің сазы көкірегіме келіп құйылып жүруші еді. Өзім де арасында ыңылдап қоямын. Ара-тұра «осы әуеннің сөзін кімге жаздырсам екен?» деп ойлап қоямын. Сөйтіп, ақын Бәкір Тәжібаевқа қолқа салдым. Бұл, шамасы, 1974 жыл бо­латын. Ол да ауылдан шыққан азамат қой, демде жазып берді. Елбасының туған жерге қатысты  сөзіне арқау болған «Ауылым – әнім» осылай туған еді.

Елбасының мақаласы турасын айтқанда, ұлтымыздың ұясы, алтын бесігі, ырыстың кіндігі саналып келе жатқан ауыл туралы салиқалы сөзі көңілге ерекше бір серпін берді. Ауыл түлесе – қазақ түлейді. Өйткені, ауыл мен қазақ ажырамас ұғымдар.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Адам баласы  –  шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің тү­бінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп жазады бағ­дарламалық мақаласында. Жү­рек тебірентерлік, туған жердің  ұлылығын  ұғындырар сөздер.  Алдағы уақытта «Туған жер» бағ­­дар­ламасының аясында  туған елдің де еңсесі биіктейтіні сөзсіз.

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ,

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

АЛМАТЫ