Қазақ циркінің әртістері кезінде әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астына өту» дейтін рекордтық трюкті жасағанын қазір көрермендердің көбі ұмытып та қалған болар. Біздің цирк 1972-1978 жылдары ұлттық бояулары бар «Эпос», «Жер гүлдері», «Дала», «Медеу», «Байқоңыр» және «Тыныс алған керуен» қойылымдарын дайындап, «Шабандоз жігіттері» нөмірі әлемді талай елді аралады.
Бұл күндері Алматы циркі үлкен бір іс бітіріп отыр. Қазақ мемлекеттік циркі жетекшілерінің көптеп көздеген бір мақсаты – цирк
мұражайын жасақтау болатын. Өткен аптада бұл арман жүзеге асты. Ерекше өнерге қалтқысыз қызмет еткен манеж майталмандары мұражай төрінен орын алды. Осылайша ешбір өнерге ұқсамайтын өнерді жасаған жандардың шежіресі түгенделе бастағандай.
Әйтпесе Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері әлемге әйгілі Монте-Карло (Монако), Мәскеу, Ижевск (Ресей), Ухань және Учао (ҚХР), Астана, Рига (Латвия), Латин (Италия), Якутск (Саха Республикасы), Фигейрос (Испания), Париж (Франция) қалаларында өткен беделді халықаралық цирк байқауларында бірнеше рет бас жүлдені жеңіп алып, қайталанбас нөмірлермен көрермендерін таң-
ғалдырғанын ұмыта да бастауымыз кәдік қой.
Қысқасы, Алматы циркінде алғаш рет Экспозициялық зал ашылды. Және осы оқиғаға орайлас ұлттық цирктің негізін қалаушылардың бірі, Республикалық мемлекеттік эстрадалық-цирк студиясының алғашқы директоры, «Гүлдер» ансамблін құрған Қазақ КСР-інің халық әртісі Гүлжиһан Галиеваның 100 жылдығына арналған жеке көрмесі қойылды.
Әлемде түрлі түрлі цирк бар болса да, қазақ циркінің өз даралығы бар екенін осы Экспозициялық зал паш етіп тұр. Ұлт тарихындағы батылдық, ептілік, асау арғымақтарды бағындырып, ат құлағында ойнау өнері ежелден әйгілі болса, халық ішінде құралайды көзге атқан мергендер, желмен жарысқан желаяқтар әлемді мойындатқанына тарих куә. Ұлы далада атадан қалған дәстүрлі мәдениет заман талабына сай цирк өнерінің өмірге келуіне ұйытқы болған жоқ па?!
Цирктің бұл кішігірім мұражайы әлі де толықтыра түсуді талап етеді. Бала кезден көңілде қалған көзге ыстық бейнелер көрмені сағынышқа бөлеп тұр. Мұражайда кәсіби ұжымның тұңғыш қойылымы 1970 жылдың 24 шілдесінде Саратов цирк манежінде қазақ ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашылғанынан бергі тарихы менмұндалайды.
Көрмеде кезінде талайды таңдай қақтырған цирк ұжымының 1972 жылы ерекше архитектурамен салынған «Сиқырлы киіз үй» ғимаратына көшкеннен кейінгі шежіресі де салмақты. Осы жылы ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай жаңа цирк ғимаратында «Таңғажайыптар жері» бағдарламасы көрсетілді. Бұл тарихи қойылым қазақ цирк өнері қалыптасуының негізін қалады. Бағдарламаның қоюшы режиссері КСРО халық әртісі Вилем Головко болса, мюзик-холл сценарийін жазған Олжас Сүлейменов пен Олег Левицкий, әнін орындаған «Дала қызғалдақтары» цирк ансамблінің тұңғыш орындаушысы Нағима Есқалиева болатын.
Біткен іске ұйытқы болған Қазақ мемлекеттік циркінің директоры Бақыт Бөкебаев алғашқы мұражайдағы сирек суреттер мен бұйымдарды цирктің байырғы әртістерінің үйлері мен ұрпағынан біртіндеп жиналғанын айтады. Ашылу салтанатында 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болған Жексембек Еркімбеков тамаша естеліктерін төкті.
Экспозициялық залдың ең алғашқы келушілері осы сәттердің бәріне куә болды. Оның үстіне цирк әртістерінің атрибуттары, сахналық реквизиттер, клоундардың сиқырлы қалпағы осынау ерекше жанрға бір талант болмаса, екінші талантты тартатыны сөзсіз.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ