Фото: mmawear.ru
Елімізде бокстың дамуы сапалы жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Сала үшін стратегиялық маңызы бар құжат бокспен шұғылданатын азаматтар санын көбейту, спортшылар даярлау сапасын және қазақстандық боксшылардың халықаралық аренада бәсекеге қабілеттілігін арттыруды көздейді.
Тұжырымдама негізгі 6 бөлімді және саланы дамытудың барлық бағытын қамтиды. Олардың ішінде 5 басым бағыт айқындалған:
- бокс инфрақұрылымын дамыту;
- бұқаралық спортты кеңейту және спорт резервін қалыптастыру;
- ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеу ісін жетілдіру;
- жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру;
- халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту.
Қойылған міндеттерді жүзеге асыру тетігі 31 іс-шараны қамтитын бекітілген кешенді жоспардан тұрады. Бұл шаралар саланың өзекті міндеттерін жүйелі түрде шешуге және нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған.
Бүгінде елімізде бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады, оларды еліміздің 20 өңірінде 2 мыңнан астам жаттықтырушы баптайды.
Ұлттық құраманың негізгі, жастар, балалар және жасөспірімдер командаларының сапында – 595 спортшы бар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 39 мыңнан астам бала балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде бокспен айналысып жатыр, оларды 1 385 бапкер жаттықтырады.
Қазақстан бокс құрамасы Futures Cup турнирінде үш алтын медаль жеңіп алды
2030 жылға қарай бокспен айналысатындардың санын көбейту, дайындық жүйесінің тиімділігін арттыру және қазақстандық спортшылардың әлемдік деңгейдегі позициясын нығайту жоспарланып отыр.
Тұжырымдаманы жүзеге асыру саланың жүйелі дамуына жаңа серпін бермек және отандық спортты дамытуда, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауда, сондай-ақ халықаралық аренада елдің имиджін нығайтуда маңызды қадам болмақ.