Аймақтар • 17 Сәуір, 2017

Бұл бас киімді Байтұрсынов та киген

541 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Белгілі журналист Бауыржан Омарұлы қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов жайында ой толғаған «Қай­рат­кер-қалам» атты эссесінде мынадай бір детальды келтіреді. «Бірде әкесі бас киімімен ойнап жүрген баласына ренжіп, «Бас киіміне ие бола алмаған адамның басын ертең әркім доп қылып тебеді», – деп кейістік білдіріп еді.

Бұл бас киімді Байтұрсынов та киген

Содан бері бас киімін ғана емес, бар киімін қадірлеп, кез келген адамның басын бағалауды өмір салтына айналдырды» деп жазады. Бас киім туралы бекерге айтып отырған жоқпыз. Семейде Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармония бар. Осы өнер ордасының директоры Адай Азаматов қашан көрсеңіз де, басынан биіктеу келген, төбесінде бауы бар қара түсті бас киімді тастамайды. Оған жұрттың көзі де үйреніп кеткендей. Жуықта бір кездескенде ағамыздан ерекше үлгідегі бас киімі туралы сыр суыртпақтадым. Сөйтсем, мұның өзіндік қызық тарихы бар екен.    

– Бұл бас киімнің аты фэско деп аталады. Мұны кезінде Ахмет Байтұрсынов сынды алаштың ардақтылары да киген. Бұған құмартуымның өзіндік сыры бар. Тоқсан екінші жылы Алматыда белгілі әнші, сазгер Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылық кешін өткізуге мұрындық болдым. Кешке Алматыдағы қазақтың өнерсүйер зиялы қауым өкілдері түгелдей жиналды. Олардың арасында қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпанов та бар еді. Сол кездесуде Асқар ағаның басындағы фэскосына қатты қызықтым. Рұқсат сұрап, киіп те көрдім. Менің басымдағы фэскосын көріп: «Сізге өте жарасады екен» деді сүйсініп, артынша: «Пока я живой, я тебе не разрешаю», деді орысшалап. Бетке тура айтатын, тік мінезді адам еді ғой. Асқар аға қайтыс болғаннан кейін алты айдан соң осы бас киімнің үлгісін тауып, арнайы тапсырыспен тіктірдім. Содан бері бұл фэсконы басымнан тастамаймын. Семейде мұны менен басқа ешкім кимейді. Соңғы жылдары ұлы Абай атамыздың жиені Балташ Ерсәлімов ақсақал киіп жүр. Бірақ ол кісінікі бұдан төмен. Әуелде фэско кигенімді қасымдағы жора-жолдастарым, таныстарым қызық көретін. Тіпті, «татар келе жатыр», «Адай әпенді келе жатыр» деушілер де болды. Қазір көздері үйренді, – дейді Адай Азаматов.


Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»


Шығыс Қазақстан облысы