Қазақстан • 17 Сәуір, 2017

Cу деңгейінің көтерілуіне байланысты 6 облыста жол жабылды

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көктемгі су деңгейінің көтерілуіне байланысты еліміздің алты облысы аумағындағы жол учаскелері жабылды, деп хабарлайды Қазавтожол.

Cу деңгейінің көтерілуіне байланысты 6 облыста жол жабылды

Қарағанды облысы аумағындағы «Ақшатау-Ағадыр» автожолының 90-195 шақырымы (166 шақырым +750 м. жолды су шайды) аралығындағы қозғалыс шектелді. Айналма жол - «Қарағанды-Ақсу-Аюлы-Ақадыр» арқылы өтеді. «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 17-217 шақырымындағы (43,141, 169, 174, 178 шақырымды су шайды) Қарағандыдан Қарқаралыға дейін жол жабық тұр. 

Сонымен қатар «Бастау-Ақтау-Теміртау» жолының 1-12 шақырымындағы Бастаудан Ақтау кентіне дейінгі учаскеде көліктердің жолға шығуына тыйым салынды. 

Ал Шығыс Қазақстан облысында «Семей-Қайнар» жолының 8-166 шақырымында (27 шақырымды су шайған) қозғалыс шектелді. Айналма жол - «Семей-Қарауыл» арқылы өтеді. 

ОҚО-да су тасқынына байланысты «Самара-Шымкент» автожолының 2217-2235 шақырымы аралығында (2229 шақырым көпір) көліктің барлық түріне қозғалыс шектелді. Арыс өзені арқылы өтетін жағалау мен көпір тіректерін су шайып кетті. Айналма жол - Темірлан ауылы арқылы өтеді.

 Бұдан бөлек, бүгін кешқұрым Ақмола облысы аумағындағы «Көкшетау-Атбасар» автожолының 48-184 шақырымындағы Зеренді мен Атбасарға дейінгі жол жабылды. Осы ретте жолдың 78, 111, 118 шақырымдарын су шайған.

 Солтүстік Қазақстан облысы аумағынан өтетін «Екатеринбург-Алматы» жолының 729-768 шақырымындағы Қостанай облысы мен Тоқсан би ауылы аралығында көлік қозғалысы шектелді. Мұнымен қоса осы жолдың бойындағы Тоқсан биден бастап Ақмола облысы шекарасына дейінгі аралық жабылды. «Жезқазған-Петропавл» автожолының 671-700 шақырымы арылығындағы Тоқсан би ауылынан бастап Новоишим ауылына дейін көліктердің жолға шығуына тыйым салынды. Қостанай облысы аумағында қазіргі уақытта «Екатеринбор-Алматы» жолының 686-729 шақырымындағы Сарыкөлден бастап СҚО шекарасына дейін жол жабық тұр. Сонымен қатар «Қостанай-Әулиекөл-Сұрған» жолының 170-216 шақырымында көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Қазавтожолда атап өткендей, су басуы мүмкін учаскелерде нығайту, бекіту жұмыстары жүріп жатыр, алдын алу белгілері қойылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.