Уақыт ұршығы – дөңгеленген дүниені дүрмекке бөлеп, тынымсыз зырылдайды, тізгін тарттырмас тұлпардай, қанаты талмас сұңқардай жүйрік, қамшы салдырмайды. Осындайда “Кешегі күннен алыс жоқ, ертеңгі күннен жақын жоқ” деген сөздердің мән-мағынасын бұрынғыдан да тереңірек түсінгендей боласың. Айды – айға, жылды-жылға ілестіріп өтіп жатқан күндер... 2003 жыл да есік қақты, табалдырықтан аттады. Қой жылы! Жаңа жылға құшағын кең ашып, үмітін үкілеп отырған халықтың көңілі шат, жүзі жайдары, ертеңгі күніміз не болады деп демін ішіне тартқан сәттерін, мазасыз күндері мен түндерін ұмытқан сияқты. Төбедегі келді, ел тұрмысы түзеле бастады.
Иә, өтпелі кезеңнің ауыртпалықтары аз болған жоқ. Сол сындардың бәрінен сүрінбей өттік, мұратымызға жеттік. Шыққан биігімізді бағалар, қол жеткізген табыстарымызды саралар болсақ, адамның басы айналатындай биікке көтерілдік деп мақтанышпен айта алады екенбіз. Аз ғана уақыттың ішінде ұлы даланың төсінде жаңа мемлекет құрылып, оның тиімді басқару құрылымдары қалыптасты. Ал мұның өзі өміріміздің барлық салаларын жеделдете жаңғырту, елдігімізді нығайтып, болашаққа нық қадам жасау бағытындағы іс-қимылымызға тың екпін берді. Ел де, адам да өзгерді, өмірдің қай саласы болмасын, өзгеше сипат алып, жаңа арнаға түсті. Әлем Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық өсім деңгейі жоғары қарқынмен дамып келе жатқан, мемлекеттік және қоғамдық негіздері берік қалыптасқан, нарықтық экономикаға батыл қадамдар жасаған ел ретінде тани бастады. Бұл, сөз жоқ, жаңа мемлекет жасау жолындағы қиыншылықтарды жеңуде мұқалмас жігер, қажымас қайрат танытып, тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен, халқын, елін ғасырлар төріне өрлеткен ұлы тұлға – Елбасының ерен еңбегінің жемісі. Ел өміріндегі бетбұрысты кезеңдегі осындай жетістіктеріміз сырт көздің де назарынан тыс қалған жоқ. Мысалы, “Оксфорд аналитика” британ компаниясының “Дейли телеграф” сияқты ықпалды басылымда жарияланған экономикалық талдауында Қазақстан транзиттi экономикасы бар мемлекеттердiң арасында аршынды дамып келе жатқан елдердiң бiрi ретiнде аталып, алдағы уақытта да осындай көшбастаушы тұғырын сақтап қалатыны жайында болжам жасалыпты.
* * *
Елбасы 2003-2005 жылдарды ауылды өркендету жылдары деп жариялады. Ауылды түлету, ауыл шаруашылығын өркендету – елді көркейту деген сөз. Бабалар қанымен, терімен қорғап, ұрпағына аманат еткен ұлан-байтақ далада егiн өсiрiп, төрт түлiк малын өргiзбесе, қазақтың өмiрiнiң мәнi де, сәнi де келер ме. Ауыл мәселесiн шешу арқылы ғана Қазақстан бәсекелестiкке қабiлеттi елдердiң санатына қосыла алады. Өйткенi, ауыл – қазақтың анасы. Елбасы ауылдағы тіршілік арнасын дұрыстаңдар, тиімді ауыл шаруашылығы жүйесін құрыңдар, біздің ауылдағы халкымыз XXI ғасырдағы өркениет көшінен кем қалмасын, олардың өмір сүру дағдысы мен деңгейі, тіршілігі мен тұрмысы дамыған елдердегі нормалар мен стандарттық өлшемдерге бірте-бірте негізделетін болсын деп отырса, оған қалай қуанбайсың!?
2003 жыл осы игі ұмтылыстың алғашқы баспалдағы болды. Ол ел өміріне қандай өзгерістер әкелді, неге қол жеткізді? Басты жетістігі неде? Әрине, ауылдағы өзгерістерге түбегейлі сипат беру үшін алдымен заңдық базаны жетілдіру керек еді. Бұл мәселе ойдағыдай шешілді. Жер, Орман, Су кодекстері, «Ауылдық аймақтарды дамытудың 2004-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», басқа да көптеген заңдар қабылданды. Бұл да тәуелсіздігіміздің мәуелі жемісі еді. Мұны ауыл жылының басты жетістігі десе де болады. «Ұзаққа созылған талқылаулар нәтижесінде қабылдаған бір ғана Жер кодексіміздің өзі неге тұрады. Мен мұны бүкіл ауыл тіршілігінің негізгі іргетасы деп есептеймін. Іргетас дұрыс қаланғанда ғана оның үстіндегі құрылысқа сенім артуға болады. Егер басқа бір мемлекеттің қарауындағы басыбайлы бодан ел болсақ, халықтың өзі жұмыс істеп, өнім өндіріп отырған жерін жеке меншігіне алуына мүмкіндік беретін мұндай заңды қабылдауға ол мемлекет бізге рұқсат етпеген болар еді. Ал бізде мемлекет те, билік те, жер де өзіміздікі», депті «Егемен Қазақстанның» тілшісіне берген сұхбатында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Есімов. Нақ осы жылы Үкімет Жер кодексін жүзеге асыру, ауылдықтарды қолдау мақсатында бірқатар нақты шешімдер қабылдап, астық қолхатын енгізді, төрт түлік малды және барлық үй жануарларын төлқұжаттандыруды қолға алды, сондай-ақ, егіншілік саласындағы міндетті сақтандыруға, жерді жеке меншік пен жалға беруге алғышарттар жасады.
2003 жылы ақ түйенің қарны жарылмаса да, ауыл халқының бір серпіліп, болашаққа деген сенімін нықтай түскені анық. Ілгерілеушілік барлық салалар бойынша байқалды. Мақта, картоп, көкөніс, күнбағыс және басқа да дақылдардан мол өнім алынды. Мал басы өсіп, ет, сүт өнімдерінің көлемі арта түсті. Ал диқандардың табысы тіпті ересен болды. Олар жылды бір миллиард пұттық көрсеткішпен қорытындылады. Үш жыл қатарынан миллиард пұт астық алу Кеңес өкіметінің тұсында болып көрмеген жетістік еді. Қазақстан өзiнiң ішкі қажетiн қанағаттандырып қана қоймай, тұңғыш рет әлемнің қырықтан астам еліне 5 миллион тоннадан астам астық жөнелтті. Осының өзі-ақ Елбасы ұсынған аграрлық саясаттың тиімділігін, сала бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың нәтиже бере бастағандығын көрсетті. 2003 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге айрыша маңыз беріліп, аймақтарда бірнеше кәсіпорын ашылды, құрал-жабдықтар мен технологиялық желілер лизингіне, қосымша құны қымбат тұратын, яғни табысты мол кіргізетін өндірістер ашу ісінің несие алуын жеңілдетуге арналған екі бірдей бағдарлама қабылданды.
Бұл жылы ауыл еңбеккерлерiне 70 миллиард теңгедей қаржы бөлінді. Ол ауыл-село еңбеккерлеріне жаңа техника, минералды тыңайтқыштар, гербицидтер мен уытты заттар, мал егуге қажеттi препараттар сатып алуға мүмкiндiк бердi. Айта берсек, Елбасының ауылға деген шынайы жанашырлығынан бастау алған басқа да игі істер толып жатыр. Осының бәрін өз көзімізбен көрдік (ол кезде мен Солтүстік Қазақстан облыстық газетінің бас редакторы едім). Әлі есімде, бірде іссапармен Шал ақын ауданына шыққанда, хал-жағдайын білмек болып, шаруа қожалығына жетекшілік етіп жүрген, бір мектепте бірге оқыған Талғат Теменовке соқтым. Досымның менімен бөлісер қуанышы көп екен. «Биыл шаруаның еңбегі жанды, – деді досым, – астықтың тоннасын 170-180 доллардан саттық. Талай диқанның жағдайы түзеліп, еңсесі көтеріліп қалды».
Міне, осылай, ауылды түлетудің бағдарламасы алғашқы жылдың өзінде жергілікті жерге жүйелік сипаттағы өзгерістер әкелді, саланы дамудың жаңа сапалық деңгейіне шығарды. Оның әлеуметтік салаға да әсері аз болған жоқ. Ауылдарда көптеген мектептер, емханалар, мәдениет ошақтары салынып, іске қосылды, республика бойынша 204 елді мекенге ауыз су жеткізілді.
* * *
Халқымыздың сонау түркі заманынан бері үзілмей келе жатқан бір арманы бар. Ол – көңілді демдеп, төрт құбыланы түгендеп, басқалармен терезесі тең, дәулетті ел болу. Оған біздің күшіміз де, қуатымыз да жетеді. Президенттің 4 сәуірдегі Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жария еткен Қазақстан халқына Жолдауымен танысқан әр адамды осындай ойлар баураса керек. Өз басым еліміздің тіршілігіне тыңнан тыныс беретін бастамаларға толы, бүгіннен болашаққа тірек болатын құндылықтары, оны осы заманға сай жаңарту, жаңғырту идеясы басым осы Жолдауды Елбасы ұсынған «Қазақстан-2030» стратегиясының аса маңызды құрамдас бөлігі, Қазақ елі үшін «Алтын ғасыр», кең мүмкіндіктер заманы туғанын бар дауысымен айтып тұрған тарихи тұжырымдама ретінде қабылдадым. Жолдаудан Мемлекет басшысының берген сертке бекемдігін, береке-бірлікке, ынтымақтықты іске бас қойған ықылас-пейілін аңғарасың, Нұрсұлтан Әбішұлының жаңа жол – қазақстандық жолмен елімізді асқаралы асуларға көтеруде қарлығаштың қанатымен су сепкендей сіңіріп отырған зор еңбегіне сүйсінесің, «Қазақстан-2030» стратегиясында көрініс тапқан тұжырымдар мен тапсырмалардың сөзсіз орындалатынына, елдік құндылықтарымызға жаңа сапалық өріс ашатынына сенесің.
Президент өзінің жаңа Жолдауында елiмiзде “Қазақстан-2030” ұзақ мерзiмдi бағдарламасына және онжылдық стратегиялық жоспарға сәйкес атқарылып жатқан істердің нәтижелеріне тоқтала келіп, экономикалық және әлеуметтiк саясаттың, қоғамды одан әрi демократияландыру мен мемлекеттiк басқару тиiмдiлiгiн арттырудың, мәдениет, бiлiм беру мен руханият салаларын дамытудың негiзгi бағыттарын айқындап берді. Халықты ерекше қуантқан бір жәйт – Жолдаудың әлеуметтік сипатының басымдығы еді. «Бүгiн мен бiздiң ең жаңа тарихымызда әлеуметтiк шығыстарды барынша ұлғайтқанымыз жайында жариялау абыройына ие болдым, бiз бұл iстi көп ұзамай қолға аламыз, әрi оның игiлiгi әрбiр қазақстандыққа және әр отбасына тиетiн болады», деді Мемлекет басшысы.
Болашаққа жол индустриялық-инновациялық бағдарламалардан басталады десек, 2003 жыл оны iске асырудың шешуші кезеңіне айналды. Елді дамытудың, оны индустрияландыруға бағытталған бағдарлама өзінін бастауын осы сәттен алады. Мемлекет басшысы нақ осы жылы елдің 2015 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын бекітті. Оны қаржылай камтамасыз ету үшін елiмiзде даму институттары құрылып, олар өңдеушi салаларды жаңғыртуға нақтылы ықпал жасай бастады. Даму банкi жарты миллиард доллардан астам сомаға 20 инвестициялық жобаға кредит бөлді. Соның нәтижесінде бес мұнай-химия кәсiпорнының жұмысы қалпына келтiрiлдi. Балқашта мырыш, Атырауда полиэтилен құбырларын өндiретiн зауыттар, Каспий теңiзiндегi жағалау жұмыстарына көмек жасайтын инфрақұрылым пайдалануға берiлдi, Қостанай дизель зауыты iске қосылды. Жеңiл және тамақ өнеркәсiбiнiң көптеген кәсiпорындарын жаңғыртып, қайтадан жасақтау қолға алынды. Сөйтіп, тәуелсiздiк алған жылдарымыздың iшiнде 2003 жылы тұңғыш рет өңдеушi өнеркәсiптiң өсу қарқыны өндiрушi өнеркәсiптiң өсу қарқынынан асып түстi.
2003 жылы еліміздің ішкі жалпы өнімінің өсімі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 9-10 пайыз деңгейінде болды, экономикалық өсім өндіріс саласында 9 пайызға, негізгі капиталдағы инвестициялар 10 пайыздан астам, байланыс қызметінде – 25, көліктің барлық түрімен тасымалдау көлемі 9 пайызға артты. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Қайрат Келімбетовтің пікірінше, осындай көрсеткіштерге инфляцияның төменгі деңгейі, ақша-кредиттік және салықтық-бюджеттік жүйенің тұрақтылығы, әлемдік тауар рыногында Қазақстан үшін қолайлы жағдайлар қалыптасуы, кәсіпкерліктің дамуы, халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруы, ішкі сұраныстың өсуі оң ықпал етті. Ел экономикасының қарқынына елдегі тұрақты ахуал, шетел инвестицияларының белсенді тартылуы көп пайдасын тигізді.
Осындай игі қадамдарды лайықты бағалаған Бүкiлдүниежүзiлiк банк 2003 жылы бiздiң елімізді орта деңгейден жоғары табысы бар мемлекеттердiң тобына, инвестициялар үшін барынша тартымды әлемнің 20 елінің қатарына қосты.
* * *
Еліміз үшін Тәуелсіздік жолы жеңіл болған жоқ, тарихи аса қысқа мерзiмнiң iшiнде көптеген күрделі мәселелерді шешуге тура келді. Сол себепті, ең шұғыл экономикалық және саяси реформалар қолға алынды. Ұлт тағдыры тарих талқысына түскен сын сағатта бұған дейін ашық-шашық жатқан шекара мәселесі де алдан шықты. Былайғы жұртқа бұл мәселелердің бәрі еш қиналыссыз, өзінен өзі шешіле қалғандай көрінуі де мүмкін. Жоқ, олай емес. Іргеміздің бүтіндігін ойлаған Елбасы аттан түспей, алыс-жақын көршілеріміздің бәрімен келелі келіссөздер жүргізді. Ең алдымен, Қытай Халық Республикасымен шекарамызды анықтап, халықаралық хаттамаға қол қойдық. Патшалық Ресеймен де, кешегі жарты әлемді билеген Кеңес Одағымен де шекара мәселесіне келгенде түпкілікті тіл табыса алмаған Қытайдың Қазақ еліне рақымы түсіп, шекара мәселесі мәңгілікке, ешбір күмәнсіз шешілді.
Елбасының Ресеймен, оңтүстіктегі Өзбекстан, Қырғызстан және Түркіменстанмен де жүргізген келіссөздері де нәтижесін берді, ел шекарасы біржолата айқындалып, тиісті құжаттарға қол қойылды. Мен бұлардың бәрін неге тәптіштеп айтып отырмын. Оның астарында біздің елімізді өз шекарасы, өз экономикасы, дербес саясаты бар мемлекет ретінде бүкіл әлемге таныту бағытындағы қат-қабат қауырт жұмыстар жатыр. Сайып келгенде, бұл – халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанды өңірлік көшбасшы, шынайы дос, тату көрші, тағылымды әріптес ретінде құрметтейтіндігінің белгісі. Демек, бұл – ұлы жеңіс, теңдессіз табыс!
2003 жыл Қазақстанның Ресейдегі жылы ретінде тарихқа енді. Аталмыш жылдың Мәскеуде өткен ашылу салтанатында Президент Н.Ә.Назарбаев сөз сөйледі. Жыл қорытындысы Қазақстанның Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Мәскеуде шығарылды. Мұнда «Еуразия кеңістігіндегі халықтардың саяси-экономикалық және этномәдени байланыстары» атты ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан Ресей Федерациясының Федерация Кеңесі төрағасының орынбасары Александр Торшин Ресейдегі Қазақстан жылы аясында өткен шаралар өзінің ауқымы жағынан бұрын-соңды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде өткізілмегендігін атап өтті.
Жиынға қатысушыларға сөз арнаған делегация басшысы, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов пен Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше жөне өкілетті елшісі Қырымбек Көшербаев қос мемлекетті тату көршілік байланыстар ғана емес, өзара тиімді ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестік, сондай-ақ тарихи тамырдың тереңдігі жалғап жатқанын атап көрсетті.
Сүйініштісі сол, Ресейдегі Қазақстан жылы тек мәдени шаралармен шектеліп қалған жоқ, экономикалық қарым-қатынастардың барынша көбірек көрініс табуымен де ерекшеленді.
Бұл жыл сыртқы саясат тұрғысынан алғанда да, сөз жоқ, Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтағы орны мен рөлінің одан әрі нығайып, беки түсуіне септігін тигізді. Өзін бейбітшілік сүйгіш, жасампаз ел ретінде танытқан еліміз әріптестері қатарын көбейтіп, тұғырын нығайта түсті. Елбасымыздың Еуропа мен Азияның бірқатар мемлекеттеріне ресми сапарлары өткізілді. Олардың кейбіреуін атап өтер болсақ, ақпанның басында Президент Н.Ә.Назарбаев Италия Республикасында, қараша айында Оңтүстік-Шығыс Азия елдері: Сингапур мен Филиппинде, Корея Республикасында және Пәкстанда болды. Біздің елге де атбасын тіреп, жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның тіршілік-тынысынан сыр тартқысы келгендер аз болған жоқ. Румыния Президенті Й.Илиескудің, Болгария Президенті Г.Пырвановтың, Польшаның Премьер-министрі Л.Миллердің, Ханзада Эндрю – Герцог Иоркскидің Қазақстанға сапарлары кезінде екіжақты ынтымақтастықты нығайту жолдары талқыланды.
ГФР Канцлері Герхард Шредер елімізде болғанда Қазақстанда жүргізілген реформалардың нәтижелерін жоғары бағалап, бұл мемлекетпен стратегиялық әріптестік орнату үшін ниет те, барлық мүмкіндіктер де бар деп, өз елінің ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігін жеткізді.
Нақ осы жылы НАТО-ның бас хатшысы Дж.Робертсон мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы – Нидерланд Корольдігінің сыртқы істер министрі Х.Схеффер, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Й.Вук Ли, Халықаралық валюта қорының директоры Х.Келлер, Дүниежүзілік туризм ұйымының бас хатшысы Ф.Франжиалли Қазақстанда болып қайтты. 2003 жылы ел басшылығының қатысуымен 50-ден астам халықаралық шаралар өткізілді.
Еліміздің саяси-қоғамдық өміріндегі айтулы оқиғаларға ой жүгірткенде, солардың бәрі республика Президентінің кемел ой, кенен ісінен бастау алып, ерік-жігерімен жүзеге асып жатқанын сезіне түсесіз. Елбасының Швейцария Конфедерациясына мемлекеттік деңгейдегі алғашқы ресми сапары қарсаңында француз тілінде шығатын «Ле Тан» газеті женевалық адвокат Марк Боненің мақаласын жариялады. Онда ол былай дейді: «Н.Назарбаевтың қызметінің нәтижелері таңданарлық. Он жылда ол Кеңес өкіметі кезінде халқының көпшілігі орысша сөйлеген елде қазақ тілін ендірді, далада жаңа елорда Астананы тұрғызды, Семейдегі сынақ полигонын жапты, жүздеген мемлекеттік қызметшіні жұмыстан шығарды, шетелдік инвесторларды тартты және көп салық төлеу жөніндегі талаптарымен халықаралық компаниялардың ашуын келтірерміз деп қаймықпастан, мұнай мен газ өндіруді жолға қойды. Осы уақыт ішінде жігерлі Президент кем дегенде сегіз кітап және санап болмастай көптеген мақалалар мен сөздер жазды. Оның бойындағы өмірлік күш-қуат ғаламат. Еңбекке қабілеттілігі орасан».
Президенттің осындай іргелі еңбектерінің бірі – қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген «Сындарлы он жыл» деп аталатын кітабының тұсаукесері табысты өтті. Ғаламдық құбылыстардың болмысын, табиғатын жан-жақты талдауға ұмтылыстан туған, терең ой-толғамдар мен парасатты пайымдауларға толы бұл еңбек тек қазақстандықтардың ғана емес, бүкіл әлем саясаткерлерінің назарын аударды.
* * *
Қыркүйектің 23-24-інде Астанада тұңғыш рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі өтті. Съезд атына АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Иран, Италия, Түркия, Ұлыбритания, тағы басқа мемлекеттер басшылары, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы, көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері жылы лебізді құттықтауларын жолдады. Астанадағы дөңгелек үстелдің басына әлемдік діндердің 136 өкілі жиналды. Бұл жайды да Елбасының көп жылғы еңбегінің жанғаны деп бағалау жөн болар еді. Өйткені, дүниежүзілік дәстүрлі діндер жетекшілерінің осындай ахуалда басқосуы бұрын-соңды болмаған оқиға еді.
Еуразия жүрегінде, ислам, христиандық және буддизм сияқты әлемдік үш діннің түйіскен тұсында орналасқан Қазақстанның жаңа келбетін, қадамын өз көздерімен көріп, дүние жүзіне түрлі мәдениеттер мен өркениеттердің бейбіт қатар өмір сүруінің бірегей өнегесін танытып отырғанын көңілдеріне түйген көрнекті ғалымдар мен діни қайраткерлер еліміз туралы жақсы пікір қалыптастырды. Солардың бірі Мұсылмандар құқықтары жөніндегі бүкілүнділік комитет төрағасы Мұхаммед Раби Хасани Надви өз сөзінде: «Қазақстанның даңқты шежіресі бар. Оның халқы тарихта өзінің ерлігімен және батырлығымен мәлім. Ол сондай-ақ минералдық шикізаттардың бай қорларына және прогресс пен жарқын болашаққа қол жеткізудің зор мүмкіндіктеріне ие», деді («Егемен Қазақстан», 25 қыркүйек 2003 жыл).
Бұл шын мәнінде, маңызы өте зор, жаһандық ауқымдағы оқиға еді. Ол біздің еліміздің бейбітшілік сүйгіш әрі тағаттылық мемлекеті ретіндегі беделін нығайтумен бірге, еуразиялық өркениеттің қайталанбас қанықтығымен, діни дәстүрлердің саналуандығымен ерекшеленетінін, Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды демократиялық мемлекет ретінде орнықтыруға деген ұмтылысы арқасында, олардың арасындағы өзара құрметті сақтау мүмкін болып отырғанын бүкіл әлемге жеткізді. Елімізде іргелі халықаралық шаралардың өткізілуі Қазақстанның халықаралық беделінің өскендігін айғақтайды. Осыдан небәрі он екі жыл бұрын көпшілікке белгісіз болған Қазақстан ірі аймақтық көшбасшыға айналатынын айғақтап, қажетті алғышарттарды орнықтыра бастады.
2003 жылдың бейнесі мен бедерін, басты оқиғаларын жадымызда жаңғыртқанда, тұңғыш рет деген сөздердің тілімізге орала беретіні бар. 2003 жылы тұңғыш рет Қазақстанда 35 мемлекеттің парламенттік делегациялары қатысқан ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясының трансазиялық форумы өтті. Қазан айында Астанада Азаматтық форум – үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы съезі шақырылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде үкіметтік емес ұйымдардың басқосуы бұл қоғамымыздағы осы ұйымдардың ықпалы өскендігін және онымен ынтымақтастыққа мемлекеттің үлкен мән беріп отырғанын көрсетеді, деді кезінде Америка президенті Эйзенхауэр айтқан «Шынайы демократияның ұраны – «мұны үкімет жасасын» емес, «мұны істеуді біздің өзімізге беріңіздер» болуы керек», деген ұстанымды алға тартты, әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға қомақты қаржы бөлінетінін хабарлады.
Кешікпей әлеуметтік маңызды жобаларды орындау бойынша үкіметтік емес ұйымдар арасында алғашқы ашық конкурс ұйымдастырылып, үздік жиырма жоба анықталды. Мемлекет оларды жүзеге асыруға бюджеттен 42 миллион теңге қаржы бөлді.
Экономикадағы табыстардың ауқымды әлеуметтік міндеттерді ойдағыдай шешудің алғышартына айналып отырғанына баршаның көзі жеткен кез еді бұл. Осы жылдан бастап сәбидің тууына байланысты бір реттік жәрдемақының қалпына келтірілуі де сенімді нығайта түскен. Сол сияқты Кедейлікпен және жұмыссыздықпен күрес жөніндегі бағдарламаны іске асырудың нәтижесінде халықтың аз қамтамасыз етілген үлесі 25 пайызға азайып, кедейшілік шегінен төмен тұратын адамдардың саны екі еседен астамға қысқарды, жаңа жұмыс орындары ашылып, ел бойынша жұмыссыздық деңгейі 8 пайызға дейін қысқарды. Ішкі жалпы өнім 2 000 долларға жуықтады, яғни он жылда үш есе дерлік ұлғайды.
Осылай «ақырын жүріп, анық басу» принципін берік ұстанған еліміз уақыт алға тартып отырған кез келген сынақтарға лайықты жауап бере алатын деңгейге жетіп, Елбасының Дүние жүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайының мiнберiнен айтқан: “Заман тыныштығын берсе, бүгiнгi дағдарыстан да шығармыз. Тәуелсiз Қазақстан дәулетiне сәулетi сай қуатты мемлекетке айналар. Қазақ халқы әлемдiк өркениетке қазiргiден гөрi қомақты үлес қосар. Даламызда да, қаламызда да шадыман тұрмыс, шат тiрлiк орнар. Бұйыртса, бүгiнгi Құрылтайға қатысқан қадiрмендi қонақтарымыздың өзi туған Қазақстанымыздың гүлденiп-көркейгенiне таяу жылдарда-ақ куә болады деп кәмiл сенемiз”, деген сөздері ақиқатқа айналды.
Елбасы жыл мәресінде ел халқына құттықтау сөзінде: «Өтер жылға өкпеміз болмаса керек. 2003 жылы біз ойға алған, қолға алған талай-талай істерді атқарып шықтық. Қуатымыз артып, мүмкіндігіміз молайды, мақсатымыз толысып, іскерлігіміз ізерленді» деді. Біздің оған алып-қосарымыз жоқ. Дүние дүрлігіп, заман құбылып тұрса да, 2003 жыл тәуелсіз ел тарихына жарқын бет болып қосылды.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты.