Аймақтар • 17 Сәуір, 2017

Ақмола облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда

400 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлерде қарғынды су басу қауіпі әлі де сақталып отыр. Осыған орай Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин өңірдің Целиноград және Қорғалжын аудандарындағы су басуы мүмкін деген учаскелердегі жағдаймен жіті танысты. Атап айтқанда, өңір басшысы Қосшы поселкесіндегі Преображенск су торабында болып, Нұра өзені бойында орналасқан Ақмол, Оразақ және Р.Қошқарбаев елді мекендеріндегі жағдайды өз көзімен көріп қайтты.

Ақмола облысында су тасқынының алдын алу жұмыстары жалғасуда

Целиноград ауданының әкімі М.Таткеевтің сендіруінше, қазіргі таңда аудандағы жағдай тұрақты саналады. Реті келгенде аудан басшысы су басуы мүмкін деген Қоянды, Қараөткел, Талапкер және Нұресіл ауылдық округтерінің жағдайымен жан жақты таныстырып кетті. Қазіргі кезде бұл елді мекендерде қарғынды суды сорғының күшімен тазарту жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұдан басқа Ақмол ауылынан Тайтөбе ауылына дейінгі аралықта судың еркін жылжуы үшін жарылыс жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Ауылдық округтерде күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылған. Облыс басшысы бұл ретте Целиноград ауданының әкімі М.Таткеевке «Казводхоз» РМК бірлесе «Алва» көлдете суару су торабының дамбасын қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстар беруді және де Ақмол ауылының суын техникалық мақсатта пайдалану үшін «Жалаңаш» көлін толтыру қажеттігін тапсырды. 

Сондай-ақ өңір басшысы Кенбидай су торабын қарау барысында Қорғалжын ауданының әкімі Қ.Рыскелдиновқа елді мекендер айналасындағы дамбаларды қосымша күшейту жұмыстарын жүргізуді ерекше ескертті. Өңір басшысы бұл орайда қарғын су басу қауіпінің алдын алуға арналған техникалардың дайындығын қамтамасыз ету, барлық суды бақылау бекеттеріндегі кезекшілікті күшейту, төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық штабты күндіз-түні ақпараттандырып отыру қажеттігін алға тартты. Облыс басшысы болып қайтқан Атбасар қаласында су деңгейі 5 метрден асып, қалаға айтарлықтай қауіп төндіруде. Осындағы су басқан 20 үйдің тұрғындары өзге орындарға көшірілді. 

Жалпы төтенше жағдайдың алдын алу жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Бұдан басқа, М.Мырзалин су қаупі әлі де сақталып келе жатқан Аршалы ауданында болып, осындағы жағдаймен жақын танысты. Аудан әкімінің мәліметіне қарағанда, Жібек Жолы ауылында орналасқан «Безымянная» дамбасындағы жағдай тұрақты. Сондықтан да ауылды су қауіпі жоқ. Дей тұрғанмен, 17 дана арнайы техника жұмылдырылып отыр. Жалпы барлық ауылдық округтерде күндіз-түні кезекшілік ұйымдастырылған. 

Қарғынды судың алдын алуға жергілікті азаматтық қорғаныс, ТЖД құрылымдары мен жергілікті органдардың 250 адамы тартылып отыр. Жібек жолы ауылын су басуы мүмкіндігі дауыс зорайтқыштар арқылы тұрғындарға кеңінен түсіндіріліп, эвакуация болуы мүмкіндігі де ескертіліп келеді. Төтенше жағдай орын ала қалғандай болса Новоалександровка орта мектебі мен Құтпанұлы атындағы орта мектеп базасында 2900 орындық қабылдау пункті де дайын тұр. Тіпті апатты аймақтан тұрғындарды алып кету үшін 5 автобус та дайындалып отыр. Өңір басшысы барлық әкімдер мен жауапты қызметкерлерге төтенше жағдайларда тұрғындарды көшіру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету қажеттігін баса ескертті.


Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы. 





Соңғы жаңалықтар