Қарамырза ауылында 7 үйді ауласымен су басты. Үйлерден 10 адам туыстары мен таныстарының үйіне орналастырылды. Осындағы «Рамазан» шаруашылылығының техникалары судан құтқару жұмыстарына көмекке келді. Су кететін 45 шақырымдық 3 арық қазылды. Су басқан үйлердің малы да құтқарылды. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарасу ауданында мұнан басқа Бакан, Октябрьское, Кошевое және Железнодорожное елді мекендерін де қарғын су мазалап тұр. Тұрғындар қар суының қарқыны күшті және деңгейі 1,5 метрге дейін барғанын айтады. Мал шығыны орын алған.Қар суы Қарасу ауданы орталығындағы бірнеше көше суда қалды.
Ал Әулиекөл ауданында Көктал және Диев ауылдарына су кірген. Онда 15 үй мен осынша үйдің ауласы су да қалды. Олардан 42 адам көшірілді, сонымен қатар 45 ірі қара, 81 ұсақ мал судан шығарылды.
Сонымен қатар облыстағы бірнеше жолдар да судан зардап шекті, бірнеше жерден су бұзып кетті. Екатеринбург-Алматы республикалық тас жолының Сарыкөл ауданы мен Солтүстік Қазақстан облысы шекарасы арасы тасқын су шайып кеткендіктен жабылды. Қостанай-Әулиекөл-Сүрген тас жолының Октябрь селосы мен Қойбағар стансасына дейінгі арасын да су басты. Қазір судың зардаптарын жою жұмыстары жүргізілуде.
«Сәуірдің 15 мен 17 –і арасында күннің күрт жылуына, қардың жылдам еруіне байланысты су тасқыны шегіне жетті. Ертең де қауіп бар, сосын қарғын судың беті қайтады. Су басқан барлық елді мекендерде Төтенше жағдай департаментінің құтқару топтары жергілікті атқару органдары және шаруашылықтармен тізе қосып, су шайған аулалардан, үйлерден адамдарды көшірді, малдарды құрғаққа шығарды. Техника жеткілікті, жұмыстар жалғасуда», деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Талғат Кәкімов.
Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»