Әлем • 17 Сәуір, 2017

Түркияда бүкілхалықтық референдум өтті

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жексенбі күні Түркияда елдегі басқару жүйесін өзгертуге байланысты бүкілхалықтық референдум өтті. Дауыс беруде парламенттік жүйеден президенттік жүйеге өтуді жақтаушылар аз ғана басымдыққа ие болды.

Түркияда бүкілхалықтық референдум өтті

Түркияның басым бөлігі, соның ішінде ішкі аймақтардың халқы конституциялық өзгерістерді жақтаса, Ыстанбұл, Анкара, Измир сияқты мегаполистер негізінен қарсы дауыс қолданды. Референдумның ресми нәтижесі 28 сәуірде жарияланады.

Алғашқы нәтижелер жария болғаннан кейін мемлекет басшысы Тайып Ердоған көпшілік алдына шығып, референдум нәтижесімен құттықтады. «Түркия мемлекеті республика болып құрылғалы бері бір ғасырға жуық уақытта демократиялы жолмен елдегі ең ірі саяси шешім қабылдап отырмыз» деді мемлекет басшысы. 

Анадолы ақпарат агенттігінің мәліметінше, референдумға дауыс беру құқына ие тұрғындардың 85,1%-ы, яғни 49 799 163 азамат қатысқан. Оның 51,41%-ы президенттік басқару жүйесіне өтуді жақтап дауыс берсе, 48,59%-ы қарсы дауыс қолданды.  

Президенттік жүйеге өтуді қолдау арқылы түрік жұртының кезекті рет демократиялық таңдау жасағанын айтқан Бинали Йылдырым 2019 жылғы президенттік сайлауға дейін жаңа жүйенің экономикалық даму, елдің бірлігі мен қуатын арттыру секілді мақсат-міндеттерге жетуде оң өзгеріс әкелетініне сенім білдірді.   

Өзгерістер қандай болмақ? 


Референдум нәтижесі негізінде ел конституциясына 18 өзгеріс енгізілуі тиіс.

• Президент 5 жылға сайланады және екі реттен артық сайлана алмайды.

• Президентке бюджетті құру, төтенше жағдай жариялау өкілеті беріледі.

• Жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерді, соның ішінде министрлерді тікелей өзі тағайындау және қызметтен босату құқығына ие болады.

• Президент заңдық құқығы бар жарлықтар шығара алады.

• Бір немесе бірнеше вице-президент лауазымы пайда болады.

• Премьер-министр лауазымы таратылып, үкімет тікелей президентке бағынады.

Алайда, бұл өзгерістердің көпшілігі 2019 жылғы президенттік сайлаудан кейін ғана күшіне енбек.

Оппозиция референдум нәтижесімен келіспейтінін мәлімдеуде. Республикалық халық партиясы басшысы Кемал Кылычдароглы референдумның заңдылығына күмәнмен қарайтынын айтты.


Еуропаның реакциясы

Еуропалық қауымдастық та референдум нәтижесін салқын қабылдады. Мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған Еурокомиссия конституциялық өзгерістерді жақтаушылар саны қарсы шығушыларға қарағанда айтарлықтай артық болуы керек, ал қазіргі көрсеткіште айырмашылық болмашы ғана деген пайымды алға тартты. Германия мен Нидерланды бастаған Еуроодақ елдері Түркия министрлерінің жергілікті түріктер алдында сөз сөйлеуіне рұқсат етпегенінен кейін ЕО мен Түркияның қарым-қатынасы салқындап кеткен болатын. Мұны Тайып Ердоған «ұлтшылдық әрекет» деп бағалап, Түркия мен КО қатынасының жаңаша сипат алуы мүмкін екенін айтты.  Алайда, референдумның нәтижесін Еуропаның бірқатар мемлекетіндегі түрік диаспорасы қуана қарсы алды. 

Бауыржан Мұқанов

"Егемен Қазақстан"


Соңғы жаңалықтар

Екі дос

Қоғам • Кеше