Алдымызда жаңадан қабылданған саяси және экономикалық жаңғыртуларды іске асырып әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену міндеті тұр. Бұл аса зор міндетті орындау үшін Мемлекет басшысы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын ұсынып отыр. Бұл − мазмұны өте терең, ауқымы кең, қоғамдық сананы биікке көтеретін, ұлттық құндылықтар дамуының бағыт-бағдарын айқындап берген өте маңызды құжат.
Әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін әрбір қазақстандық және бүкіл халқымыз бәсекеге қабілетті болуы керек. Яғни, әрбір қазақстандық денсаулығы мықты, жоғары мәдениетті, компьютерлік сауатты, терең білімді болуы тиіс. Ол кез келген елде, ортада емін-еркін сөйлеп, өз пікірін дәлелдеп өткізе білетін, ұстамды, қарапайым, саламатты өмір салтын ұстаған азамат ретінде қалыптасқаны жөн.
Елбасы өз мақаласында рухани жаңғыруда ұлттық сананың рөлі ерекше екеніне баса назар аударды. Ата-бабаларымыздан аманат болып келе жатқан ұлттық мәдениетіміз бен әдебиетіміз, өнеріміз, әдет-ғұрыптарымыз бен салт-дәстүрлеріміз, тіліміз, дініміз, діліміз – бұлар, бір сөзбен айтқанда, ұлттық кодымыз, яғни ұлттық рухымыз, өз бойымызда мәңгі қалып, оны заманға сай жақсы жағына қарай жаңғыртып, келер ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз болуы тиіс. Сонымен қатар, қазіргі таңда жиі кездесетін өз бойымыздағы кейбір жағымсыз рушылдық, жершілдік, тамыр-таныстық, «сен маған – мен саған» деген сияқты ұлттың дамуына кедергі келтіретін әдеттерден арылмасақ, көштен артта қалатынымыз ақиқат.
Елбасы мақаласында таяу жылдардағы алдағы тұрған міндеттер айқындалды. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу. Аталған әліпбиге көшу мектеп қабырғасындағы балалардың ағылшын тілін оқуымен, қазіргі заманғы технологиялық, коммуникациялық ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктерімен үйлеседі. Бұл туралы Елбасы 2012 жылы «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылға қарай латын әліпбиіне көшу керек деп мақсат қойған болатын. Мақалада тапсырманың нақты орындалу кезеңдері көрсетілген. Білім беру саласы бойынша әлемдегі ең жақсы сапалы 100 оқулық қазақ тіліне аударылады. Бұл еліміздің жастарына жаңа сапалық деңгейде білім бере бастауға мүмкіншілік жасайды.
Елбасы ұсынған «Туған жер» бағдарламасы жастар арасында қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мен туған жерді сүю арқылы туған еліне, Отанына деген сүйіспеншілікті арттыра түспек. Қазірдің өзінде барлық өңірде «Туған жерге тағзым» атты акция өтіп, олар өз жемісін беруде. Біз кешеге дейін әлем елдерінің, мысалы, Грекияның, Рим империясының тарихын, әдебиетін, мәдениетін оқып келдік. Оларды білу керек те шығар. Бірақ біз өз өлкеміздің, туған жеріміздің тарихы мен географиясын, ботаникасы мен зоологиясын терең біле бермейміз. Өзіміз туып-өскен жеріміздің атауы қалай қойылғанын, оның таулары мен сайлары, жоталары, көлдері мен өзендерінің аттарының тарихын, осы жерде туып, жанын аямай ел үшін еңбек еткен аталарымыз бен апаларымыздың есімдерін жас ұрпақ біліп өсуі тиіс.
Туған жерден түлеп ұшып, ұлан-ғайыр республикамыздың түкпір-түкпірінде, шет елдерде жұмыс істеп жүрген жерлестеріміздің басын қосып, мектеп оқушыларымен, ауыл, қала тұрғындарымен кездесулер өткізіп, туған жерлеріне, мектебіне, ауылына қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді қолдап, ынталандырып отыру керек. Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасына ерекше көңіл бөліп, оның әлеуетін толық пайдалануы тиіс. Бұл жұмысты терең ойластырып, туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеп отыру керек. Бұл бағдарлама арқылы елді мекендерді көріктендіру мен көгалдандыру, мектептерді жөндеу мен компьютерлендіру, стадиондар мен спорт алаңдарын салу және тағы басқа елге керекті тірліктерді атқаруға болады. «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің өзегіне айналып, туған жерге деген сүйіспеншілік, қазақстандық патриотизм сезіміне ұласуы тиіс.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы руханият саласындағы алда тұрған міндеттерді айқындап берді. Мақалада айтылған ойлар, тұжырымдар, нақты ұсыныстар мен тапсырмалар – ұлттық руханиятымыздың өзегі. Сондықтан да біз оны толығымен қолдаймыз. Ал оны терең оқып түсіну, орындау, іске асыру, насихаттау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Әсіресе, келешегіміз − оқушы-студент жастар үшін маңызды. Бұл жерде науқаншылдыққа жол беруге болмайды.
«Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деп аяқтайды мақаласын Елбасы. Иә, бұл − тарихи шындық, заман талабы.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты