Мемлекет басшысы бұл жолы да мектептер мен университеттердің, тұтас білім берудің рөліне ерекше көңіл бөлген. Шынтуайтында, ЖОО-лар мен мектептер – жас ұрпақты алғаш әлеуметтік ортаға бейімдейтін, қоғамның толыққанды мүшесіне айналдыратын мемлекеттік құрылым. Ал жастарды дұрыс жолға салу өте маңызды. Себебі, Альберт Эйнштейн айтқандай, «Адамның дүниетанымын қайта өзгерткеннен атомды ыдыратқан оңайырақ». Жастармен жұмыс істеуде қателікке жол бермеуге тиіспіз!
Менің мектеп пен жоғары оқу орындарының маңызына тоқталып отырған себебім, бұл ұлтты тәрбиелеуші құрылым болып табылады. Қазақстандық біртектіліктің рухани ұстыны осыған байланысты. Демек, білім беру саласына, оның барлық құрылымдарына «оқыту арқылы мінез құлықты қалыптастыру» деген басты принципті қайтарғанымыз жөн.
Біздің университетімізде «Мәңгілік Ел құндылықтары» пәні қанатқақты жоба ретінде енгізілген. Біз дұрыс жолдамыз деп санаймын. Себебі, Елбасы тұжырымдамасының астарында қазақ халқының мәдени коды мен қазақстандық біртектіліктің маңызды сипаты анық аңғарылады.
«Мәңгілік Ел» идеясы қазақ халқының сан ғасырлық арманына ғана емес, қазіргі Қазақстандағы барша этностардың даму нәтижесіне де негізделген. Қазақстан – менің рухымның нағыз отаны. Мен осы елде өмір сүрген жылдар ішінде оның сұлулығы мен бірлігін айқын түсіндім деп айта аламын.
Мәдениеттің рөлін арттыруға ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі, барлығы мәдениеттен бастау алады. Егер мәдениетті дамудың стратегиялық рухани ресурсы деп қарастыратын болсақ, онда экономикадағы, технологиядағы, тіпті этносаралық қарым-қатынастардағы көптеген проблемалар шешімін табады деп санаймын. Елбасы ұдайы айтып жүргендей, мәдениет дегеніміз – ашу-ызаға, бейберекеттікке, біздің өміріміздің барлық саласындағы тәртіпсіздіктерге қарсы тұра алатын қасиет.
Бүгінгі таңда теледидарда, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында мектептерде, университеттерде, отбасыларда жастарды ҰЯТ деп аталатын рухани негіз арқылы тәрбиелеген жөн. Олай дейтінім, ұят адами ар-намыстың қорғаны ғана емес, ол біздің өмірімізді басқаратын күш.
Тағы бір атап өтер жайт, Н.Назарбаев адами капиталдың рөліне кезекті мәрте ел назарын аударды. Елбасының мақаласынан Отаны мен Елін сүйетін азаматтарға деген қамқорлық сезіліп тұр. Осы орайда, азаматтардың бойында туған елге деген шынайы махаббат пен патриоттық рухты қалыптастыру мектебіне айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше деп ойлаймын. Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтарымызды өз халқын сүюге, Отанына адал болуға тәрбиелейді.
Анатолий БАШМАКОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ҚХА кафедрасының меңгерушісі