Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Елбасының мақаласын қолдау және талқылау мақсатында «Рухани жаңғыру – Қазақстан дамуының негізі» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелге университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, академик Серік Пірәлиев бастаған осы оқу орнының басшылығы, құрылымдық бөлімшелер басшылары, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар және докторанттар қатысты.
Шараны университет басшысы Серік Жайлауұлы ашып, Елбасы мақаласында көзделген басым бағыттарды қысқаша түсіндіріп өтті. Ректор өз сөзінде аталмыш бағдарламалық құжаттың өзектілігі мен маңыздылығына тоқталып, Қазақстанның жеткен жетістіктерін еселей түсу мен алға қойған игі мақсаттарымызға қол жеткізудің кілті болып табылатынын баса айтты.
Бағдарламалық құжатта алдыға қойылған міндеттерді саралап, пікір білдірген Тәрбие ісі жөніндегі проректор, саяси ғылымдардың кандидаты, профессор Жанатбек Ішпекбаев Елбасы тарапынан қойылған міндеттер елімізді технологиялық дамудың жаңа деңгейіне шығаратынын айта келе, онда көзделген игі бастамаларды кезең-кезеңге бөліп, ел дамуы мен өркендеуі үшін біртұтастықты сезініп, тарихи мұраларымызды, Қазақстан Тәуелсіздігінің беріктігін сақтауға бағыттайтын бірден-бір жол екенін атап көрсетті.
Дөңгелек үстелде сөз алған филология ғылымдарының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы Н.Ә. Назарбаевтың «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек» деген ойын құптап, еліміз латын графикасына көшсе туыстас түркі тілдес ұлттардың тілін меңгеру оңай болатынын айтты. Сондай-ақ, «100 жаңа есім» және «Әлемнің үлгілі 100 оқулығы» жобаларын Қазақстан білімі мен мәдениетін дамытудың бірден-бір жолы деп түсіндірді.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»