Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен еліміздің болашағын айқындайтын нақты мақсатымызды анықтадық, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру.
Кеше ғана Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласы жарыққа шықты. Қазақстан жастары бұл мақаланың нақты бізге бағытталғанын аңғара отырып, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мақаласы жайында өз пікірімізбен бөлісуді ұйғардық.
Біздің анық түсінген ең бірінші мәселе – «Қоғамның санасын жаңғыртудың бағыттары» мен «Таяу жылдардағы міндеттердің» бізге, жас буын өкілдеріне арналғаны, себебі, қазіргі жастар – ең жоғарғы құндылық – адами капитал саналатын технологиялар ғасырының замандастары. Сапалы білім мен дағдылар келесі онжылдықтардың ең маңызды құндылықтары болмақ және әр адам міндетті түрде қабілеттеріне сай әділ бағаланып, қоғамдағы өз орнын табатын болады.
Елбасымыздың «әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында» деген сөздерімен келісеміз, өйткені, ол – сөзсіз шындық. Аталған қасиеттерді дамыту және өзге елдермен тату болу ұлт пен жеке адамдардың әлемдік сахнадағы сәттілік кепілі болып табылады.
Біз таптаурындар, яғни стереотиптерге еруді тоқтатуға дайынбыз, өйткені біздің ғасырымыз – жаңа дәуір болып табылады. Бұл дәуірде біз үшін ескінің тек ең жақсысы құнды болып, барлық тиімсіз әрі мәнсіз қағидалар өткеннің еншісінде қалуы қажет. Біз – кезінде саяси мақсаттарда елімізге жасанды түрде енгізілген таптаурындарды есті түрде орындылық пен қисынсыздығына қарай сараптай алатын жас буынбыз.
Мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы өткен жүзжылдықтың ортасына дейін ғасырлар бойы біздің халқымыздың «туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келгенін» есімізге түсіреді. Біз Президенттің ата-бабаларымыздың қарапайымдылық және үнемділік қасиеттерін қайта қалпына келтіру қажет деген ойымен келісеміз. Қазіргі қоғамымызға ысырапшылдық, даңғойлық, сән-салтанатқа ұмтылыс тән екені рас. Бұл қасиеттерден арылып, ұстамдылық пен үнемшілдікті үйренуіміз керек деген де рас.
Қоғамымызда Елбасы жазған аймақтарға бөліну қасиеті бары да шындық. Біздің ұлы ата-бабаларымыз халқымыз аймақтар мен руларға мінез, әдеттерге бөлінсін деп емес, территориямыздың біртұтастығын сақтау үшін және ұлтымыздың саулығы үшін бөлген. Жеріміз бүгінгі күнде біздің елдік және Конституциямызбен қорғалған болса, ұлт саулығын сақтау үшін ата-бабаларымыздың биологиялық заңдар туралы даналығын есте ұстап, білімімізді бабаларымыз секілді кемеңгерлікпен қолданғанымыз абзал. Аймақаралық таптаурындарды өткеннің еншісіне қалдырайық, өйткені, бәріміз де біртұтас Қазақстан шаңырағының бір ұлты болып табыламыз.
Біз – жаспыз, бірақ жасымызға қарамастан, еліміздегі эволюциялық өзгерістердің барлығы, әсіресе, білім беру саласындағы жаңалықтар, жоғары буын өкілдеріне революция болып көрінуі мүмкін екенін аңғарамыз. Бірақ қазіргі заман – жылдам ағыс, жүйрік өзгерістер, шапшаң шешімдер қабылдау уақыты. Біз мұны түсінеміз. Біздің эволюция XXI ғасырдың қарқынды екпініне сай жүзеге асырылуда. Болашаққа қорқынышпен қарап, күтіп қана отыратындар ұтылады. Интенсивті өзгерістер заманында тек істер маңызды.
Елбасымыз ұсынған жоспарлардың прагматикалық тиімділігі латын әліпбиіне ауысу мәселесінде де көрініс табады. Мұндай қадам бізге ұзақ мерзімді мүддемізде тиімді: біріншіден, экономикалық жағынан, ал екіншіден, латын әліпбиіндегі тауарлардың кириллицадағы баламасын жасауға жұмсайтын уақытты үнемдеу тарапынан.
Ұлттық сананы жаңғыртумен қатар, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын қолдамау – ақылсыздық болар еді. Біз бар әлем Қазақстанды жылдам дамып келе жатқан мемлекет ретінде ғана емес, жоғары сапалы адами капитал және ең бай тарихы бар алдыңғы қатарлы мемлекет ретінде білуі тиіс деп ойлаймыз.
Үшінші жаңғырту кезеңіндегі Қазақстан – адамдарды еңбек, білім және дарындылығына сай бағалайтын мемлекет.
Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың заман талаптарын көрегендікпен айқындау қасиетіне ризамыз! Президенттің даму жолындағы нақты әрі анық бағыттарды ұсынғанына алғысымызды білдіреміз.
Біз жаңғыртылған ұлттық сана идеясын және Елбасы мақаласындағы жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз!
Жастар, біз, еліміздің болашағы үшін жауапкершіліктің тек өзіміздің мойнымызда екенін білеміз, сондықтан Қазақстан жастары әлемге мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтты көрсетуге дайын екенін мәлімдейміз!
Қазақстан Республикасы бойынша 100-ден аса жастар ұйымдарын біріктіретін
«Қазақстан жастарының конгресі» заңды тұлғалар бірлестігі