– Енді, міне, кезек рухани-мәдени саладағы жаңғыруға келді. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Бұл құжат – өткенмен сабақтаса жаңашылдыққа бастайтын жол, – деді Алтай Сейдірұлы.
«Жарқын болашағымыз, ұлт ертеңі – интеллектуалды әлеуетпен тікелей байланысты. Ал оның діңгегі – білім. «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», деп атап өтті Елбасы. Сонымен қатар, «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп тура бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтқандай, Мемлекет басшысы ұлттық рух мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – ұлттық сана-сезім мен болмысты жаңғырту, көкжиегін кеңейту. Білім мен ұлттық рух ұштаса келе модернизацияны жеделдетеді», деді өңір басшысы.
Мәжілісте Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Мәлік Құлшар Президент мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасына тоқталды. Бүгінде өңірдегі орта мектептердің жанында шағын музейлер ашылған. Мәлік Иманқұлұлы бұл музейлерді – патриоттық тәрбие бесігі деп атап, оны дамытуға, бөлек ғимарат беріп, жәдігерлерін толықтыруға қаржылай қолдау көрсетуге шақырды.
Бұдан кейін сөз алған ақын Шолпан Қыдырниязова Елбасының бағдарламалық мақаласы – ел-жұрт көптен күткен, қазақ қоғамын дүр сілкінткен дүние болғандығын айтты. «Бұл күні бүкіл ел «Егемен Қазақстанға» қарады. Халық күткен ақжолтай хабарды таратқан бас газетке рахмет!» деді ақын апамыз.
– Елбасы мақаласы тамырында алаш қаны ойнап, жүрегі ұлтым деп соққан қазақ руханиятын бір серпілтіп тастады. Олай дейтін себебіміз, бұл ұлтымыздың есті қауымы көптен күткен соны соқпақ һәм іргелі бастама еді, – деді М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев.
Жаңабек Жаңабайұлы бұл мақаланы тек қазақ қоғамы емес, алыс-жақын шет ел сарапшылары да асқан ыждағатпен жан-жақты талдап-тарқатып, егжей-тегжейлі саралауға кіріскенін атап айтты. «Несін жасырамыз, Президент ұлттық мүддені алға оздырғандықтан, ол қайсыбір жақын ағайындарға ұнамай, оны жан-жақтан сынаушылар да табылып жатыр. Сонда бұл мақаладағы Президенттің айтқысы келген негізгі ойы не? Осы ретте Президент ұлт зиялыларына қандай міндеттер жүктеп отыр? Біз Президент ұсынған рухани жобаның тұңғиығына бойлай алдық па?» деген риторикалық сауал тастады шешен.
– Осы ретте француздың ұлы гуманист ғалымы Ашиль-Клод Дебюссидің «Қай кезде де мемлекеттік биліктің негізгі өлшемін мемлекет құраушы ұлттың өсіп не кемуінен байқауға болады» деген қанатты сөзін еске түсірген жөн, − деді тарихшы ғалым.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қай елде болсын мемлекет құраушы ұлттың басымдыққа ие болуы ұлттың тарихи санасына деген сұраныстың арта түсетіндігімен және ел билігіне мемлекет құраушы ұлт өкілдерінің элитасы келетіндігімен ерекшеленеді. Бұдан, мемлекет құраушы ұлт элитасының туған халқының алдында аса зор жауапкершілігі бар екені анықтала түседі.
Аталған мақалада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», деп атап өтті.
Міне, сондықтан да, Батыс Қазақстан облысының актив жиналысы Елбасы мақаласын «отанымыздың рухани жаңғыруының стратегиялық құжаты» деп бағалады. Облыс басшысы Алтай Көлгінов қорытынды сөзінде айтқандай, «терең толғаныспен, пайымды парасатпен жазылған бұл мақаланың мазмұны қоғамдағы әрқайсымызға ой салуы тиіс».
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ