Жиынды ашқан Г.Исімбаева Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98-қадамында аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар, ауылдық округтер деңгейінде дербес бюджет енгізу міндеттері белгіленгендігін және Елбасы бұл шараларды іске асыруға қатысты биылғы Жолдауында тағы да бірқатар тапсырма бергенін айтты.
«Мемлекет басшысы Жолдауда қаржы шығысын аудандық және ауылдық деңгейге беру жөнінде нақты тапсырма жүктеді. Мұны қабылдау нәтижесінде ауыл тұрғындарының маңызды қажеттіліктері қысқа мерзім ішінде қанағаттандырылып, оған зор мүмкіншіліктер берілмек. Яғни, ауылдық жердің өз қаражаты болып, туындаған мәселелерді өздері едел-жедел шешуге кіріседі деген сөз. Сондықтан, қазіргі кезде Мәжілісте қаралып жатқан жергілікті өзін өзі басқаруды дамыту мәселесі жөніндегі заң жобасының мән-маңызы ерекше. Атап айтқанда, ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге, автокөлік жолдарын салуға, күтіп ұстау және жөндеуге, мемлекеттік тұрғын үй қорын күтіп сақтауды ұйымдастыруға бюджеттік қаражаттарды пайдалануға мүмкіндіктер берілмек. Сонымен қатар, заң қабылданғаннан кейін халықтың күнделікті қажетті мұқтаждықтарын, әсіресе, оқушыларды жақын маңдағы мектептерге тегін апарып, алып қайту, ауыр сырқатты адамдарды ауруханаларға жеткізуді ұйымдастыру, әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға үйлерінде көмек көрсету сияқты мәселелер оң шешімін тауып, оған азаматтар тікелей қатысатын болады», – деді Г.Исімбаева.
Ал аталған мәселеге қатысты арнайы баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов бұл талқылау жергілікті өзін өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу жөніндегі Іс-шаралар жоспарын уақтылы дайындауға мүмкіндік туғызатынын көпшіліктің қаперіне салды. Соның аясында мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 2017 жылғы 1 маусымға дейін ауылдық округтердегі жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің тіркелмеген нысандарын анықтауға, жыл соңына дейін мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен деректер базасының толық дайындығын тексеру, өзектендіру әрі интеграциялау жолымен қамтамасыз етуге нақты тапсырмалар берілгенін хабарлады. Министрдің мәліметінше, осы күндері елімізде 16 ауылдық округ компьютер құралдарымен қамтамасыз етілмегендіктен, мәселені биылғы жылдың 1 қарашасына дейін шешу облыс әкімдіктеріне жүктелген көрінеді.
«Сондай-ақ, Іс-шаралар жоспарына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар 1 қыркүйекке дейінгі мерзімде ауылдық округтер әкімдерінің аппаратын қажетті жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуі тиіс. Оған қоса, бюджетпен және коммуналдық мүлікпен жұмыс жүргізу үшін жоғары немесе арнаулы орта білімі бар экономикалық, қаржылық және бухгалтер мамандары қажеттігі айқын сезілуде. Осы мәселені де тиімді шешудің жолдарын қарастыруымыз керек», – деді Т.Сүлейменов.
Ал Мәжіліс депутаты, заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі әрі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары А.Базарбаев өз сөзінде заңды қарау барысында депутаттық корпус өкілдері мен Үкімет мүшелері бірлесіп қомақты жұмыстар атқарғанын, сонымен қатар, фракция мүшелерінің арқасында Үкімет заң қабылданғанға дейін оны нақты іске асыру жөнінде Іс-шаралар жоспары алғаш рет әзірленгенін алға тартты. Соңында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының өкілдері ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қорытындысы бойынша фракцияның қаулысы қабылданды.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»