Қазақстан • 18 Сәуір, 2017

Төтенше жағдайды еңсеруге барлық күш жұмылдырылуда

148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде су тасқыны кезеңінің өтуі туралы брифинг өткізілді. Шараға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин қатысты. Ол Қазақ­стан­ның орталық және солтүстік өңірлерінде су тасқыны 11 сәуір­ден бастап күшейгенін атап өтті.

Төтенше жағдайды еңсеруге  барлық күш жұмылдырылуда

«Бірқатар өңірлерде жауын-шашын болды, соның салдарынан өзен­дер толып, суы арнасынан асты, елді ме­кендерді су басу қаупі туды, Ақ­мола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қара­ғанды, Қостанай, Павлодар және Сол­түс­тік Қазақстан облыстарында жол­дар шайылды. Адамдардың қаза болуы­на жол бермеу мақсатында су ас­тын­да қалған аймақтардағы елді мекен­дерден алдын ала 4 715 адам эвакуацияланды, олар Ақмола облысы бойынша – 1 340, Шығыс Қазақстан об­лысы бойынша – 52, Жамбыл об­лы­сы бойынша – 55, Қарағанды об­лысы бойынша – 1 850, Қостанай об­лысы бойынша – 200, Ақтөбе облы­сы бойынша – 1 174, Солтүстік Қазақ­стан облысы бойынша 44 адам­ды құрады. Соның ішінде 860 адам үй­леріне оралды, 3 167 адам туыс­тары­ның үйлеріне орналастырылды, қалған 688 адам эвакуациялау пунк­тінде қалды. Елді мекендерден 5 598 бас мал  қауіпсіз жерге айдалды, соның ішінде 2 195-і аулаларына қа­йт­арылды. Қазіргі уақытта төтенше жағ­дайлар аймақтарында 1 987 құт­қарушы, Ұлттық ұланның әскери қыз­метшілері, жергілікті атқарушы ор­гандар мен жергілікті полиция қыз­меткерлері, 605 бірлік техника ава­риялық-құтқару және шұғыл жұ­мыстарды жүргізуде», – деді вице-министр. 

Ю.Ильин, сондай-ақ, су тасқы­ны кезе­ңінің басынан бері ІІМ бөлім­ше­лері мен жергілікті атқарушы органдар 22 шақырым уақытша бөген тұрғызып, 119 мыңнан астам қапқа құм салынғанын және төселгенін, 643 мыңнан астам текше метр еріген қар суы сорып алынғанын атап көр­сетті. Төтенше жағдайлар су алу қаупі мен олар­дың туындауына жедел ден қою мақ­сатында ІІМ су тасқыны күрде­лене түскен жағдайда алдын ала 12 471 адам, 1 955 бірлік техника, 19 тік­ұшақ, 302 бірлік жүзу құралы бар күшт­ер мен құралдар топтарын құ­р­ғаны да көлденең тартылды. «Халық­ты эвакуациялау пункттері да­йын­далды. Барлық өңірлерде тө­тен­­ше жағдайларды жою кезіндегі іс-қи­­мылдар жоспарлары әзірленді, су тасқыны кезеңіндегі өзара іс-қи­мыл­­да­р жоспарлары түзілді. Төтен­ше жағдайлар комитетінде және оның 6 аумақтық бөлімшесінде су тас­қы­нының салдарын жою жедел штаб­тары құрылды, олар тәулік бойы қызмет атқарады», – деді вице-министр.

Жүргізілген талдауға сәйкес, Ақмола, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы су қоймалары­на тасқын және еріген қар суы толассыз ағып келуіне байланысты кейбір елді мекендерді су алып, автожолдарды су шайған болатын. Аталған жағдайға байланысты ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағын қолдана отырып, Ас­тана қаласының, Ақмола, Шығыс Қазақ­стан, Қара­ғанды, Қызылорда, Қос­танай, Пав­ло­дар және Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарының аумағын әуе­­ден барлау жұмыстары жүргізілген.

«Ақмола, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының Төтенше жағдай департаменттерінде «қауырт желі» телефондары жұмыс істейді, олар бойынша халық қажетті ақпараттар ала алады. Қалыптасқан жағдайға байланысты Қарағанды облысының Бұқар жырау және Абай аудандары мен Ақтөбе қаласының әкімдері өз аумақтарында табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар туындағаны туралы жариялады. Өзендердегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде және халықпен жиындар өткізілуде, оларға қалыптасқан жағдай туралы ақпараттар беріліп жатыр. Әлеуметтік желілер, теледидар арқылы халықты құлақтан­дыру ұйымдастырылуда. Орталық және солтүстік өңірлерде су тасқы­ны кезеңінің қауіпсіз өтуін және олар­дан келетін теріс салдарды азайтуды қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жалғасуда», – деді соңында Ю.Ильин.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар